Take a fresh look at your lifestyle.

БАС МЕШІТТЕ БАС МҮФТИ АУЫЗАШАРЫ БЕРІЛДІ (ФОТО)

0 423

Бүгін Астана қаласындағы республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының атынан дастархан жайылып, ауызашар берілді. Ақшам намазынан соң жамағатқа айқара ашылған берекелі дастархан басында елімізге танымал қоғам және мемлекет қайраткерлері, мұсылман мемлекетінің елшілері мен зиялы қауым өкілдері, Елорда мешіттерінің жамағат қариялары, Ардагерлер үйі мен Балалар үйінің тәрбиеленушілері бас қосып, ғибратты отырыс өткізді.

«Әзірет Сұлтан» мешітінің азаншысы Ерлан Базарбайұлының әуелеткен азанымен басталған берекелі кеш шымылдығын Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы ашып, жамағаттың ізгі лебізін жеткізді. Әлемді жарық нұрға жетелеген Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқандай[1], Рамазан айында ораза ұстаған мұсылманның қос қуанышының бірін бастан кешіріп, берілетін сансыз сауабынан үміттенген мұсылман жамағатын қасиетті Рамазан айымен құттықтап, ақ пейілмен жайылған ауызашар дастарханында бас қосқанына ризалығын білдірді.

Аппақ пейілмен жайылған алақандар бет сипап, Алладан сұраған дұғасымен басталған ауызашар дастарханына жиылған жамағатты Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев арнайы құттықтап, ізгі тілегін жолдады. Қонақтардың тәніне ғана емес, жанына да рухани азық берген ғибратты отырыста елімізге танымал тұлғалар мен мұсылман мемлекетінің елшілері де ізгі ниеттерін білдіріп, қасиетті Рамазан жайында ой өрбітті.

Берекелі кештің маңызын арттыра түскен тағы бір оқиға – ҚМДБ-ның бастамасымен жарық көрген «Дін мен дәстүр» кітабының екінші томдығының тұсаукесері рәсімі болды. Тамырын тереңге тартқан тарихымызды парақтап, дін мен дәстүріміздің бітеқайнасқан сабақтастығын суреттеген іргелі еңбек қонақтардың барлығына тарту етілді.

Бас мүфтидің ауызашар дастарханына жыл сайын құрметпен шақырылатын Ардагерлер үйі мен Балалар үйіне биылғы жылы айрықша сыйлық жасалды. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы ардагер ақсақалдар мен қамкөңіл балдырғандарды Рамазан айымен құттықтап, қос ұйымға плазмалық теледидарлар табысталды.

Суреттерді www.muslim.kz сайтынан көре аласыздар!

[1] Рамазан айында ораза ұстаған мұсылманға екі түрлі қуаныш бар: біріншісі – ауыз ашқан кезіндегі қуаныш, екіншісі – ұстаған оразасы үшін Раббысынан алған сауабы үшін қуаныш.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.