Take a fresh look at your lifestyle.

АҚМОЛДА ЖАҢА МЕШІТ АШЫЛДЫ (ФОТО)

0 160

Аналардың қасіретінен сыр шертетін тарихи мекен – Целиноград ауданының орталығы – Ақмол ауылында Алланың үйі – мешіт жаңадан бой көтеріп, есігін өз жамағатына айқара ашты. Бұл айшықты оқиға қасиетті Рамазан айымен және елордадағы халықаралық ЭКСПО көрмесінің ашылу салтанатымен тұспа-тұс келді.

Тарихқа жүгінер болсақ, дәл осы жерде кезінде тоталитарлық зар заманның қайғы-мұңын паш еткен халық жауларының әйелдеріне арналған саяси лагер болған. Бүгінде АЛЖИР атанған бұл музейге шетелден келетін мемлекет басшылары да бір бас сұқпай кетпейді. Сондай-ақ халықаралық көрменің ашылуына арнайы сапармен келген Беларусь мемлекетінің басшысы Сергей Лукащенко да өз ұлтының осы лагерде болған әйел-аналарының жазысқан хаттарын музейге табыс етті.

Жаздың жаймашуақ маусымы басталса да, қасиетті орын – еңселі мешіт ашылған күні жауын нөсерлетіп, ызғарын да ала келді. Жергілікті жұрт мұны мешіт іргесіндегі АЛЖИР лагерінде әділетсіз сұрқия заманның зарын тартқан аналардың көз жасы деп жорып жатты. Шынында, осы қасірет лагерінде қаншама жандардың ғұмырлары гүлдей солып, баудай үзілді. Қазақтың талай ұлыларының жарлары осында жазықсыз жапа шекті.

Жаңадан бой көтерген мешіт ұлылықтың айғағындай иман сәулесін шашып тұр. Қатігездік пен мейірімділік қатар жүретін мына заманда АЛЖИР музейі өткен күннің қайғысын еске салса, ал жаңа мешіт жақсылықтың нышанындай көз тартады.  Жаңа мешіттің атауы – «Аналар рухы». Бұл да өткен күндердің елесі болған аналардың өздері өлсе де, рухтары өлмейді деген тағылымнан туған ой болса керек.

Осылай Алланың үйі жүздеген адамдардың қатысуымен есігін айқара ашты. Ең алдымен Көкшетаудағы Науан хазірет мешітінің азаншысы Алтынбек Аманжолов әуезді даусымен Құран оқылып, кейінгі кезек аудан әкімі Мәлгаждар Тәткеевтің құттықтау сөзімен жалғасты.

Өңір басшысы өз сөзінде бұл киелі жердің иман үйімен де еңсесін биіктете түскенін айтты. Кезінде, ұмытпасақ, 2007 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осындағы АЛЖИР лагері орнын музей етуге шешім қабылдаған болатын. Біз өткен тарихты зерделемей болашаққа қарышты қадам жасай алмаймыз. Болашақ дегеніміз де рухани-имани орталықпен астасқан тарихтың кешегі мен бүгіні шығар.

ҚМДБ-ның бөлім басшысы Қамалжан Тұрдыбаев ақмолдықтарға Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының ыстық сәлемін жолдады. Өз атынан мешітті тұрғызған ағайындарға ризашылығын білдіріп, Дінбасының арнайы сыйлығын табыс етті.

Ал, «Қазақстан Республикасының ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Өмірзақ Озғанбаев Ақмола жеріндегі діни тұлғалардың асыл дінімізді сақтауға өлшеусіз үлес қосқанын айта келіп, бұл мешіт жастарға рухани тәлім-тәрбие береді деген тілегін айтты.

Мешіттің ресми ашылу салтанатында көгілдір лента қию құрметіне аудан әкімі Мәлгаждар Тәткеев пен ҚМДБ-ның бөлім меңгерушісі Қамалжан Тұрдыбаев ие болды.

Мешітте алғашқы ақшам намазы оқылып, жиналған жамағатқа ауызашар берілді. Дастархан басында елдің игі жақсылары сөз алып, жүрекжарды тілектерін білдірді. Мүфтияттан келген имамдар мен Ақмола облысының бас имамы Қуаныш Сәбит кестелі сөзбен көркем уағыз айтып, дін насихатының жарқын үлгісін көрсеткендей болды.

Бұл аудан орталығында шіркеу бұрыннан бар, ал мешіт тұңғыш рет ашылып отыр. Кезінде бұл аудан өзге ұлт өкілдері көп қоныстанған елді мекен болған. Кейіннен Елбасының жарлығымен Ақмол ауылы Целиноград ауданының орталығына айналғалы бері тұрғылықты ұлт өкілдері тұрғындардың жартысынан астамын құраған. Ал, мешіт салуға бастама 2014 жылы көтеріліп, «Маһшар» қоғамдық қоры құрылады. Содан аудан басшыларының ұйытқы болуымен демеушілер де табылып, қазығы қағылады. Сөйтіп, аталған қоғамдық қор мен «Сауран инжиниринг» серіктестігі бұл ғимаратты салып шығып, ал қалған жұмыстарын басқа да серіктестіктер, соның ішінде «Заводстрой» кәсіпорны атқарған екен.

Ақмола ауылында ашылып отырған бұл тұңғыш мешіт-үйі ел-жұртқа тек ізгілікті насихаттап, діннің тағылымын асқақтата түсетін болады.


Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.