Take a fresh look at your lifestyle.

«Уақып» қайырымдылық қорының қызметі таныстырылды

0 357

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде «Уақып» корпоративтік қайырымдылық қорының құрылуы туралы» тақырыбында брифинг өтті. Брифинг жұмысына ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев, ҚМДБ наиб мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы және «Уақып» корпоративтік қайырымдылық қорының президенті Қайрат Айтбай және бірқатар БАҚ өкілдері қатысты.

 

IMG 4887

Алғашқы сөз кезегін алған министр Нұрлан Ермекбаев корпоративтік қор туралы қысқаша мәлімдеме жасады:

«2017 жылғы мамыр айында құрылған «Уақып» корпоративтік қайырымдылық қорының қызметі коммерциялық емес қайырымдылық ұйым ретінде әлеуметтік жобаларды қаржыландыруға, білім-ағартушылық шараларды жүргізуге, діни бірлестік қызметкерлері жұмысының тиімділігін көтеру және діни мекемелердің қызметін қолдауға бағытталады. Қордың ерекшелігі қайырымдылық қаражаттарын басқарумен қатар табыс табумен айналыса алатындығында. Бұл қор еліміздегі бұқаралық қайырымдылықты дамытады. Ал қордың ынталандыру көздері әртүрлі болуы мүмкін. Алайда, осынау қалыптасу кезінде біз көбіне меценаттардың көмегіне арқа сүйейтін боламыз. Қазіргі таңда білікті имамдарды ауылдық жерлерге тартуға қиындық тудыруда. Себебі,  үлкен қалаларда имамдардың тұрмыстық жағдайы біршама тұрақты болса, шалғай және шағын елді мекендерде олардың жағдайы нашарлау. Имамдардың жалақысы тікелей садақа жәшіктеріне түскен қаражатқа байланысты болады. Мәселен, кей ауылдарда мешіт имамдарына 20 мың теңге жалақы төленеді» – деп өз ойын ортаға салды.

IMG 4856

ҚМДБ наиб мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы да өз кезегінде еліміздегі имамдардың хал-ахуалы туралы сүбелі сөзді одан әрі жалғады:

«Қазіргі таңда аталған қордың мемлекетіміздегі пәрменділігі жоғары болып тұр. Себебі ол мұсылмандық және басқа да көздерден түсетін қайырымдылық қаражатты жинақтап, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған және осал топтарға көмек береді, маңызды әлеуметтік жобаларды жүзеге асырады. Сонымен бірге, дін саласындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған бастамалардың бірегейіне айналып отыр. Өйткені құрылған «Уақып» корпоративті қайырылымдылық қорыарқасында ауыл-ай­мақтардағы имамдардың жалақысы көтеріледі деп күтілуде. Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңда елімізде имамдардың жалақылары мемлекеттік бюджеттен бөлінбейді, олардың еңбекақысы қайырымдылықтан түсетін қаржыға тікелей байланысты. Сол себепті, облыс орталықтарында имамдардың жағдайы бірқалыпты болса, аудандар мен шалғай елдімекендерде – дін қызметкерлерінің жалақылары тұрақсыз. Сондықтан, білімі мен біліктілігі жоғары имамдарды діни тұрғыдан проблемалы аймақтарға тартып, шалғай елдімекендерге қызмет етуге жіберу қиындап кеткен еді. Соның салдарынан еліміздегі 150-ден аса мешітте имамдар жетіспейді. Жаңадан құрылған «Уақып» қоры бұл олқылықтың орнын толтырып, ауыл, аймақтағы имамдардың жалақысы көтеруге, мешіттердің коммуналдық шығындарын төлеуге атсалысатыны қуантады», – деп ыстық ықыласын білдірді.

IMG 4872

Ал, «Уақып» қорының президенті Қайрат Айтбай қордың аталуына тоқталып өтті:

«Көпшілік қайырымдылық қордың атауы неге «Уақып» деген сұрақты жиі жолдайды. Айта кетейік, бұл уақып деген сөз – мұсылман елдерінде қайырымдылық ретінде берілетін, салық салынбайтын мүлік болып табылады. Мұсылман заңдылығында мемлекеттен немесе жеке тұлғалардан қайырымдылық мақсатта берілетін мүлік». Сондай-ақ, қор президенті алдағы уақытта «Уақыптың» қайырымдылық, әлеуметтік, мәдени, ғылыми, білім және басқару мақсаттарына жетуге атсалысатын атап өтті.

IMG 4936

Брифинг барысында журналистер тарапынан қойылған қордың жұмысы, еліміздегі діни көзқарастар, т.б турасында бірнеше сауалға қатысушы қонақтар тұшымды әрі нақты жауап берді.

«Нұр Астана» орталық мешітінің баспасөз қызметі

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.