Take a fresh look at your lifestyle.

Қасиетті қара тас

0 5  060

Өмір өткен сайын дүние өзгеріске ұшырап, құбылыстар құбылып отырмақшы. Бұл жайында нешеме ғұлам ғалымдар уәзипа айтып кеткен жоқ па? Сол секілді кей діни ұғымдар да заман ағымына сай әуелгі түсініктер жетіліп, тереңдеп, күрделене түссе керек. Пайымдауымызша, мұның бәрі өркениеттің, – өзен арнасынан асып-тасып ағатын су секілді, – өз қозғалысынан тым жылдым шарықтауына байланысты жайт. Ғылым жетістігі, ақыл парасаттың өсуі – мұның бәрі таптауырын стеротивтерді бұзып-жарып тастайын мұзжарғыш кеме секілді күш. Алайда, адамзатқа ортақ мызғымас, бұлжымас акциомалар бар! Соның бірі – Исламның бес парызы. Бұл талдауға я талқылауға келмейтін авсолюттік, – яғни, шүбә келтірмес адам баласының Алла алдындағы қасиетті міндеті.

Ел егемендік алған жылдары әр түрлі діни ағымдар еркін дендей бастады. Қазақ халқы Исламды бүгін қабылдап отырған жоқ. Біз қазақ әлімсақтан мұсылманбыз дейміз. Бірақ қазақ тарихында дін таласы болды ма?

Ал әртүрлі ағымдардың, талас-тартыстардың болатындығы жайлы қазақ топырағынан шыққан әйгілі ғұлама ғалым Ағжан әл-Машани өткен ғасырдың 70-ші жылдарында-ақ айтып кеткен болатын. Ал шын мәніндегі діни дау-шар сонау Мағауия әулеті  мен Ибн Аббас тұсындағы таластартыстар еді. Оған түркі топырағынан шыққан Маржани жақсы бағасын береді. Ол екі пікірдің де орынды екенін айтты. Ал Маржани еңбектерімен етене таныс Хәкім Абай да екеуінде тең ұстап, әділдік жолын нұсқады. Оған мысал Абаймен таласқа түскен мына бір тартысты көрелік.

Нарманбат:

Нәпсі жел, көңіл өзен толқын ұрған,

Ми патша, ақыл дария кеңес құрған.

Таупықсыз ақыл мақұл болмайды екен,

Білмесең, құр суретсің бекер тұрған.

Абай:

Сөз самал, өлең дария толқын ұрған,

Ми патша, ақыл уәзір кеңес құрған.

Ғылымсыз ақыл таупық болмайды екен

Болмаса құр суретсің бекер тұрған.

Екеуін қайта оқып, салғастырып көріңіз! Не байқадыңыз? Абай: «Ғылымсыз ақыл таупық болмайды екен» дейді. Қазіргі секілді әсіредіншілдік немесе діни мешел түсінік қай заманда да болғаны анық байқалады.

Абай мирастарында басымдықты ғылымға береді. Жаратылысты ғылым мен ақылға салып өлшесек те, бірақ Алла өлшеусіз екендігін де анық айтады. «Ақылға сыймас ол Алла, тағрипқа тілім қысқа аһ!» дейді.

Әл-Ғазали бастаған мұсылман ғалымдары соның ішінде ирандықтар Әл-Фараби мен Ибн Синаны «матиралисттер» деп қарады. Оған шүбә келтірмейтіндер әлі де бар. Ол туралы қаншама том-том кітаптар жазды. Екі топтың таласын тұрпайылау түрде айтсақ, Ғазали тобы – нақыли, Фарабилар – ақыли. Екеуінің де айтып отырғандарын қате дей алмайыз, адамзаттың ғылыми игілігіне айналған тұлғалар. Бірақ бұлар пайғамбарлар емес, сондықтан адамға тән пендешіліктен де ада дей аламыз ба? Мәселен иранның Кир (Құрыш) патшасының басын шапты. Тұран мен Иран арасындағы атам заманнан бергі геосаяси кикілжіңдердің болғаны адамзат тарихынан белгілі нәрсе. Әл-Фараби Бағдаттан Сирияға білім іздеп аттанды дегеннен гөрі оның қудаланды болғаны шындыққа жақынырақ еді.

Сонымен әл-Фараби және әл-Ғазали еңбектері Тұран топырағындағы ғалымдарға (қазақтарға) татар, башқұрт молдалары арқылы жеткендігі (өкінішке қарай!) рас. Себебі ол кезде татарлар араб тілін қазақтардан гөрі жақсы білді. Жоғарыда атап өткен Шахаббаудин Маржани «Ғалия» медресесін ашқан адам. Одан кешегі Алаш арыстары білім алды. «Жәдидік білім» жүйесінің қалыптасуының өзі осы екі үлкен қайшылықтан пайда болған дүние. Жалпы ғылымда ғылыми қайшылықтардың болғаны дұрыс деп қарастырады. Абай да жоғардағы екі топтың айтыс-тартыстарын саралай отырып, ол ғылыми жолды таңдады. Абайдың жолы – ғылым жолы. Қара сөзінде қайрат, ақыл, жүрек үшеуі ғылымға келіп жүгінеді. Оның мәні мынада: қайрат, ақыл, жүрек үшеуінің қосынды мәні – ғылым. Дәйек:

Қайрат – 206 – 5,15

Ақыл – 200 – 5            } = 140 – Ғылым.

Жүрек – 132 – 3,3

«Абай үшікілі» Ақжан әл-Машанидің АБЖД-тік есептеу теорамасы.

(«Әл-Фараби және Абай» Ақжан әл-Машани, 120 бет)

Абайдың жолы – қазақтың жолы. Ендеше қазақтың дара даңғылымен осы үшеуін бірдей ұстап, ғылымға сүйенуі заңды құбылыс. Сондықтан да қоғамдағы кез келген діни ахуалдарға теологтар мен исламтанушылар жан-жақты ғылыми таныммен баға бергені дұрыс болатынығы ләзім.

Біз не үшін арабтарды байытып отырмыз?

Әрине, бұл сұрақ ақылды адамның сұрағы. Яғни, жүрек пен ғылымы кемшін, ақылы тым алға шығып кеткен әлеуметтік топтың жиі қайталайтын сауалы. Мекке-Мединедегі қағбаны тәу етіп қайту жайлы әр түрлі пікірдің бары анық. «Біз Саудияны байытып отырмыз», «бұл ақша көзі», «туристік бизнес» деген сарында түсініктер бар. (Күман адамға тән құбылыс, оны жоққа шырға алмаймыз) Я болмаса өз еліміздегі қасиетті орындарға барсақ та жетіп жатыр емес пе деген.

Рас адам баласы үшін туған жерінен өткен қасиетті орын бар ма? Мен үшін де Ұлы Далдан өткен киелі мекен жоқ! Егер шамам жетсе жыл сайын тәу етіп тұрар едім.  Адам тәні туған жерімен біртұтас. Мысалы Алтайдың тарлауына оттыққан жылқының қымызын әкем бойына сіңіреді, сол әкелеріміздің белі арқылы біздің тәніміз қалыптасады. Сонда менің тәнім туған жердің топырағы емей неме? Шариғатта да адам топырақтан жартылып, я топыраққа айналатыны айтылған. Түркістан мен жер кіндігі Жидебай да мен үшін қасиетті орын! Олар тәніміздің туған жері.

Ал рухтың туған жері қайда? «Адам туған жеріне, ит тойған жеріне» деген сөзді әулие Мәшһүр Жүсіп талдап түсіндірген. Яғни, адам жәннаттан келгендігі айтылады. Оны Ислам шариғаты да жоққа шығармайтыны анық.

Ең негізі айтылмыш нысанаға жеттік. Мұсылманның бесінші парызы қажылық мәселесі – бұл жалпы бай адамдарға парыз, соны ескерген жөн. Бұл – бір. Екінші, біз тағы да ата-бабаларымызға жүгінеміз; Құнанбай, Шәкәрім, Зуқа секілді адамдар Мекке барып қажы атанды. Қарап отырсаңыз олардың бәрі аса бай ауқатты адамдар болған.

Алайда, тарихта мынадай да оқиға болған. Аштық жылдары қазақтың бір топ жуан қарын байлары Меккеге аттанып бара жатқан жолында алдарынан Алаш-Орданың көсемі Әлихан Бөкейхан шығып: «Ел аштан қырлып жатқан да бұл не қылған қажылық? Байлықтарың тасып бара жатса, шын сауап іздесеңдер аш-арық елге жәрдем беріңдер» деп бетін қайтарып тастапты деген кеп болған. Бұл жерде Әлекең тек қана ақыл көзімен қарап отырған жоқ, шариғатта да өзің қажылыққа кетсең арт жағың тойып отырсын дейтін қағидаты бар.

Ал жалпы алғанда осы бүкіл адамдардың барлығы ағыла беретін қағбада қандай қасиет, нендей хикіметтер барын толықанды түсіне алдық па? Кейбір қажы барған адамдардың әсеріне қарап отырсыңыз сондай бір дүмбілездік байқалады да тұрады. Мәселен ол жерде тек Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың зираты бар деп қана пайымдайтын можантопай түсінік бар. Ол қасиетті орын жер жаралып, су аққан; есте жоқ ескі заманнан қасиетті мекен. Ол жер әл-мисахтан қасиетті.

Әл-Фараби ілімінде әлем ноқаттай нұрдан жаралды деген. Яғни, физикалық құбылыстарымен байланыстырылып талданады.

Әл-мисах сөзінің араб тіліндегі мағынасы – тамға, мөр дегенді білдіреді екен. Сонда Алла адамның рухын жаратқанда уәде (ант) алған. Ол тасқа таңбаланған. Яғни, адам Алланың құлы деген мағынада серттескен. Ол тас қағбада күні бүгінге дейін сақтаулы. Қазақта «тасқа таңба басқандай» деп келетін сөз осымен байланысты. Мұндай үрдістер күні бүгінге дейін адамзат санасында сақталып қалған. Мәселен ел президенттері, немесе әскерилер отан алдында ант қабылдағанда «Атазаңның» үстіне қолын қойып ант қабылдауы – содан қалған бағзы жосын. Басқа да мысалдар көп.

Қазақта жас сәбидің еңбегі (миы) тілі тас дегенше қатпайды. Тіптен кейбір ұлттарда тастың қасиетті саналуында да осындай мәнге байланысты.

Адамдар қағбаға барғанда бір құдайдың құлақкесті құлы екендігін есіне түсіріп отырады. Адамзат тарихында нешеме қасиетті орындар болған. Оның бәрі ғаламдық апаттарда ғайып болды. Ал қағба әлі мызғыған емес, себебі оның адам Жаратушы Иесін ұмытпас үшін қойылған үлкен куәгері. Оны Алла ақырына дейін сақтайтыны да содан. Әрине, бар қасиеті тек осы ғана деуден аулақпыз.

Ал қажылықтың дүние көз алдын көлгейлеп, байлық буын-буынна түсіп, құдайын ұмытып бара жатқан бай адамдарға ғана парыз болатын себебінде де көптеген хикметтер жатыр…

Қағбаның қаратасының кірер есігі қазіргі қазақ жеріне қарап тұр деседі барғандар. Тұран топырағынан ғұлама, әулиелердің де көп шығуының да бір сыры осы болса керек.

Басқа да аят, хадитерде не деді? Және оның басқа да қандай хикметтері барын біз исламтанушы ғалымдардың еншісіне қалдырдық.

***

Ғұлама ғалым, АБЖД ілімінің білгірі, Ақжан әл-Машанидің «Әл-Фараби және Абай» атты кітабына жасаған шағын рецензия еді.

Бақытбек Қадырұлы

sunna.kz сайтының журналисті

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.