Take a fresh look at your lifestyle.

Қажылыққа қамданғандар үшін керек кеңестер айтылды

0 1  291

Қажылыққа Астанадан аттанатын жамағатты қасиетті сапарға дайындау жұмыстары қызу жүріп жатыр. «Әлжан ана» мешітінің медресе ғимаратында өткізілген қажылық курсына бүгін Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Дін істері комитеті Исламдық діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі басқарма басшысы Бауыржан Есмахан қатысып,  тәжірибелі маман ретінде маңызды кеңестермен бөлісті.

– Ақпан айында ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлымен Сауд Арабиясына барып қазақстандықтар үшін қажылық сапарына квота алдық. Былтыр 3000 квота берілген, бірақ 2700-і жиналып, қалғаны толмай қалған екен. Биыл керісінше, парызын өтеуге ниет білдіргендер саны көбейіп, берілген 2500 квота жетпей жатыр. Бұл – алдағы жылы квота мыңдап көбейеді деген сөз, – дейді Дін істері комитеті Исламдық діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі басқарма басшысы Бауыржан Әбдірәшұлы.hadj min (4)

hadj min (3)

Оның айтуынша, қажылық – мұсылманның бес парызының бірі, Аллаға құлшылық, ғибадат қана емес, оның төңірегінде экономикалық және елдер арасындағы дипломатиялық қатынас бар және бәзбіреулер үшін үлкен идеология, үгіт-насихат болуы да мүмкін.

– Сауд Арабиясына 3 миллион адам барды десе, бейресми жүргендері қаншама. Соның себебінен кейде қонақүйлер жетпей жатады, көшеде демалып жатқан адамдарды көреміз. Өзінің теріс бағытын өзгеге таңғысы келетін шейхсымақтар, жалған ұстаздар осыны пайдалануды көздейді. Кітаптарын таратып қалғысы келеді, уағыздарын насихаттайды.  Көптеген қажыларымыз арабша білмегендіктен, «Құран кітабын, пайдалы кітаптарды таратып жатыр  екен ғой» деп елімізге алып келеді. Ашып қарасаң, ешқандай да Құран емес, елімізде оқуға тыйым салынған деструктивті ағымдардың кітабы болып шығады. Сондықтан қажыларға үнемі ескертетініміз,  топтан ажырап, жалғыз қалып қоймаңыздар. Сіздермен бірге туристік компаниялардың басшылары болады, Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің өкілдері барады, ҚМДБ басшылығы жүреді, арнайы жолсерік имамдар да бар. Ғибадатқа байланысты сұрақтарыңыз болса, басқа-басқадан емес, солардан сұраңыздар. Біреу келіп қандай да бір әдебиеттерді ұсынып жатса, бірден сол кісілермен жолықтырыңыз. Жасыратыны жоқ, Қазақстан аумағында тыйым салынған діни әдебиеттерді оқып, оны әлеуметтік желілер, ватсап арқылы таратып қаншама адамдар жауапкершілікке тартылып жатыр, – деп сақтандырды Бауыржан Есмахан.

Сонымен бірге ол Қағбаны тауап еткенде де өзіміздің топтан бөлінбей айналуды ұсынды. Өйткені Қағбаны көргенде асығыстық танытып оған тезірек жеткісі келіп, қара тасты сүйемін деп өздігінен кетіп қалып, адасып немесе қаумалаған көптің ортасында бір жерін жарақаттап алатындар жиі кездеседі екен. Шайтанға тас лақтырғанда да дәл солай, жолсеріктен ажырамай, бірге жүру керектігін айтты.

«Сіздің атыңыз – қажы, фамилияңыз – сабыр болуы керек» деген Дін істері комитеті Исламдық діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі басқарма басшысы Бауыржан Есмахан сөз соңында астаналық қажыларға сәт-сапар тілеп, қажылардан дұғаға еліміздің тыныштығы мен халқымыздың амандығын да ұмытпай қосуды сұрады.

hadj min (7)

hadj min (9)

 

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.