Take a fresh look at your lifestyle.

«ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» МЕШІТІ – «ҰЛЫ ДАЛА ТЕМІРҚАЗЫҒЫ» АТТЫ КІТАП ЖАРЫҚ КӨРДІ

0 151

Қазақ руханиятының қоры тағы бір құнды кітаппен толықты. Алматыда өтіп жатқан Ғұламалар кеңесінің отырысында «Әзірет Сұлтан» мешітінің бастамасымен жарық көрген «Ұлы дала темірқазығы»  атты кітаптың тұсауы кесілді.

Кітапта ислам дінінің қазақ даласына келіп, бүр жарғаннан бастап, бүгінге дейінгі тағылымды тарихы қамтылған. «Ислам – Қазақ хандығының қазығы», «Шариғатқа сүйенген дала заңдары», «Алаш арыстарының арпалысы», «Бүкілресейлік мұсылмандар съезді», «Қазақ мұсылмандығының жаңа белесі», «Әзірет Сұлтан» мешіті сияқты маңызды тақырыптар берілген. 

ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы жаңа кітаптың құндылығына тоқталып, осы  еңбектен бабаларымыздан жалғасқан имандылық пен ізгілік жолы дамып келе жатқаны аңғарылатынын айтты.

«Ізгілік пен ізеттіліктің, береке мен бірліктің, екі дүние бақытының бастауы болған асыл дініміз – Исламның қазақ халқымен бірге жасасып келе жатқанына қаншама ғасырлар куә. Байтақ далаға билігін жүргізген бабаларымыз өз салт-дәстүрі мен болмысына барынша жақын дінді сонау сегізінші ғасырда қабылдаған. Содан бері Ислам діні жұртымыздың жүрер жолы, бағыт-бағдары, қорғаны, тірегі болып келеді. Ел басына күн туған қилы замандарда ұлт болып ұйысып, бірлікті бекемдер шақ туғанда да халқымыздың сүйенері де сенері осы ата дініміз болды. Бұл кітаптың құндылығы осы мұсылмандық болмысымызды, тарихи танымызмызды жаңғыртатын еңбек деуге болады. Бүгінде елімізде имандылық пен ізгілік жолының арнасы кеңейіп, гүлденіп келе жатқаны да осы еңбектен айқын аңғарылады», – деді Бас мүфти.

Тұсаукесер рәсімде «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы, наиб мүфти Серікбай қажы Ораз кітап бас мешіттің 5 жылдық мерейтойына орай шығарылғанын жеткізді

«Ұлы дала темірқазығына айналған республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің 5 жылдық мерейтойына орай шығарылған бұл еңбек еліміздегі Ислам дінінің кешегісі мен бүгінін, ғасырлар қойнауынан сүрлеу тартқан сара жолын сипаттауға арналған. Сонау VIII ғасырларда қазақ топырағында бүр жарған асыл дініміздің бүгінгі күнге дейінгі бұралаң жолдары мен салтанатты шақтарынан сыр шертетін құжаттық деректермен, тарихи фотосуреттермен қоса баяндалады. Талас топырағындағы шайқаста туы желбіреген Ислам дінінің қағанаттар мен хандықтар тұсындағы, Патшалық Ресей отары мен Кеңес үкіметі кезіндегі, еліміздің егемендік алған жылдардағы тарихы қамтылған», – деді «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы Серікбай қажы Ораз.

Қазақстандағы Ислам діні туралы мол мәлімет алуға мүмкіндік беретін кітаптың алғысөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мағыналы мақаласы жарияланған. 

  ҚМДБ баспасөз қызметі 

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.