Take a fresh look at your lifestyle.

ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ МЕКЕМЕЛЕРІ МҮФТИЯТТЫҢ АТЫН ЖАМЫЛЫП ЖҮР

0 6  453

Қазақстан Республикасы егемендік алғаннан бастап түрлі діни бірлестіктермен қатар, қайырымдылық қорларының да көбейгені рас.

1992 жылдардан бері қайырымдылық шараларын өткізу мен діни сауат ашу курстарын ұйымдастыру бағытында жұмыс істейтін бірқатар құрылымдар қызмет атқара бастады. Пансионат түрінде құрылған аталмыш мекемелер көп жағдайда тұрмыс жағдайы төмен, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтамасыз етілген отбасылардың балаларын қамтумен айналысты.

Алайда, кейбір қайырымдылық қорларының өз міндеттеріне кірмейтін қызмет түрімен айналысып, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасына тиісті жұмыстарға араласып, құқық бұзушылыққа жол бергендері белгілі.

Соның ішінде, «Алшаң Жібек жолы» қайырымдылық мекемелер қауымдастығы бірқатар кемшіліктерге жол беріп, ҚМДБ-ның ескертпелеріне құлақ аспады. Атап айтқанда, 2012 жылғы 11 қыркүйекте «Алшаң Жібек жолы» қайырымдылық мекемелер қауымдастығы» заңды тұлға ретінде тіркеліп, барлық қайырымдылық мекемелері осы қауымдастық аясына біріктірілді. Қазіргі кезеңде республика бойынша қауымдастықтың 61 өкілдігі қызмет атқаруда.

2014 жылғы 14 наурызда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Қауымдастық арасында өзара ынтымақтастық туралы екіжақты меморандум жасалған.

Меморандумның мақсаты – мектеп оқушыларын оқудан қол үздірмей, студенттер мен жастарға зайырлы білім алуға жағдай жасай отырып, олардың ханафи мәзһабына сай діни сауатын ашу. Шәкірттерді отансүйгіштікке, толеранттыққа тәрбиелеу, ұлттық дүниетанымға сай салауатты өмір салтын қалыптастыру да аталған меморандумның мақсаты ретінде көрсетілген.

Діни сауат ашу курстарында тек дін саласындағы уәкілетті органның сараптамасынан өткен оқулықтар мен кітаптарды пайдалану, білім беретін ұстаздарды тұрақты түрде ҚМДБ-ның аттестациясынан өткізіп тұру, шет елдегі оқу орындарына үміткерлерді ҚМДБ-ның келісімінсіз жібермеу және тәрбиеленушілерге арналған бағдарламаны ҚМДБ-мен келісіп жасау шаралары Қауымдастықтың негізгі міндеттері ретінде қарастырылған.

ҚМДБ-нің міндеті – аталған бағдарламаны бекіту, ұстаздарды аттестациядан өткізу, тәрбиеленушілермен тұрақты түрде кездесулер өткізу, курстарда дәріс беру, олардың жұмысын қадағалап, есеп алып тұру.

Қазіргі кезеңде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен қайырымдылық мекемелер қауымдастығы осы меморандум аясында бірлескен жұмыстар атқаруда.

Дегенмен, Қауымдастық мекемелерінің қызметі барысында екіжақты меморандум талаптарын сақтамау фактілері ішінара орын алуда.

Атап айтқанда, Алматы қаласы және Қостанай облысындағы Қауымдастық мекемелері Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының келісімінсіз шет елге, соның ішінде Түркия Республикасына жыл сайын оқушылар жіберіп отыратыны белгілі болды.

Сондай-ақ, Алматы, Астана қалалары және Қостанай облысындағы Қауымдастықтың діни сауат ашу курстарында ҚР ДІАҚМ Дін істері комитеті тарапынан дінтану сараптамасынан өтпеген діни әдебиеттер мен оқулықтардың пайдаланылатыны анықталған.

Бұған қоса, Астана, Алматы қалаларында және Ақтөбе облысында Қауымдастық қызметкерлері мен тәрбиеленушілерінің жұма намазды мекеме ішінде өткізетіні үйреншікті жағдайға айналған. Яғни, бұл – ҚР ӘҚБтК-нің 490-бабы 1-тармағының 1-тармақшасына сәйкес дiни жораларды, рәсімдерді және (немесе) жиналыстарды өткізуге байланысты талаптарды өрескел бұзу.

Қауымдастық мекемелері тарапынан жіберілген заңнамалық нормаларға қайшы іс-әрекеттердің бірі – халық арасындағы діни рәсімдерді атқару. Бұл – әсіресе, Астана қаласында бой көрсетуде.

ҚМДБ өкілдері Қауымдастық мекемелерінің сауат ашу курстарында қызмет атқаратын ұстаздардың білім деңгейінің төмендігін талай мәрте ескертіп, олардың діни білім берумен айналысқаны жөн емес екенін айтуда.

Бірқатар облыстық орталық мешіттердің Бас имамдары ынтымақтастық туралы меморандумды тоқтатқан дұрыс десе, кейбіреулері қайырымдылық мекемелерін толығымен ҚМДБ-ның қарамағына алу керек және олардың директорларын ҚМДБ тарапынан тағайындаған жөн десе, кейбір имамдар аталған мекемелердің жұмысы аса қажетті емес деп есептейді.

Ең сорақысы, кейбір облыстарда Қауымдастық мекемелеріндегі шәкірттер мен қызметкерлер мешіттің атынан зекет және пітір садақасын жинаумен шектелмей, көршілес ауылдардан, шаруа қожалықтарынан мал жинап, тіленшілік танытуы ешқандай да этикалық нормаға жатпайды.

Осы орайда, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ескертулеріне құлақ аспай, күнделікті қызмет барысында пайда табуға көбірек көңіл бөлетін осындай қайырымдылық мекемелері қажет пе? – деген сұрақ туындайды.

Жарас Нәзірбек

Abai.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.