Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

0 2  038

Жол мұраты – жету!

(халық нақылы)

Күллі адам баласы – жолаушы іспеттес. Жолы анық, барар жері анық. Жолға түсіп, жолды жалғастыруы ләзім. Жолда аз кідіріп, жолды ұзартудың мүмкіндігі жоқ. Жолдан шығып, адасып, жол таппай қалу – өте үлкен қауіп. Шыққан сапардың да шектеулі шегі бар. Уақыт бітпей тұрғанда, мақсат етілген жерге жетіп жығылғанға не жетсін, тәйірі. Жолаушының басты мақсаты – жол қиыншылықтарына, жол апаттары мен кедергілеріне жығылмай, аман-сау діттеген мақсатына жету. Мұсылман баласы да дәл осы жолаушы секілді. Раббысына қауышу – ең басты мақсаты осы.

Жолаушының «Бисмиллә» деп бастап, барар жерін нақтылап жолға түсуі – Аллаға деген иманымыз тәрізді.

Барар жерін жақындату үшін атқан қадамдары – қасиетті Кағбаны айналған қажылығымыз сияқты.

Ал, аптап ыстықта шөлдегені болса – ыстық-суық демей Жаббар Иеміз үшін ұстаған оразамыз тәрізді.

Шаршап шалдығып, әлсіреуіне келер болсақ – оқыған бес уақыт намазымыз екен.

Ал, жүріп жүдіккен жолаушының демалып, дене тыныққаны – жан тазалығы үшін берген зекетіміз емес пе?

Барар жеріне жылдам әрі сенімді жетуі үшін мінген көлігі (пырағы) – жаттаған құраны мен хадисіміз сияқты. Көлігіне жем-суын беріп, баптап күтуі қажет. Сонда ғана жолда ақсамай, аман-сау мақсатына апарады. Ал бұл, біздің жаттаған құран мен хадисті ұмытпай, амал етуіміз сияқты. Ал керісінше, көлігіне қарамай, күтім жасамаса – жарты жолда қалдырып қояды. Не тастап кетуге, не өзіне жүк етіп арқалап кетуге тура келеді. Құранды ұмытсақ, ертең бізге шапағатшы болмайтыны анық емес пе…

Алған азығы болса – жасаған сауапты амалдарымыз, хайыр-ихсандарымыз тәрізді.

Жолда тау-тас өтіп, аяққа кірген тікенге шыдауы – Алланың берген әрқилы сынақтарына сабыр етуіміз болар.

Ең әуелі жол шетіндегі сапарға тосқауыл болатын әр түрлі жол қиынщылықтыры – сауда-саттық, ойын-сауық, сән-салтанатымыз тәрізді. Мұсылман баласы бұлардың ең әдемісі әрі бітпейтіні жолдың соңында күтуде деуі қажет.

Ал, жол кесуші қарақшылар болса – ұйқы, жалқаулық тағы басқа нәпсіқұмарлық апаттарға ұқсайды.

Сапарға кедергі болып, жолды ұзартатын, мақсатқа қайшы келетін кез келген амалдар пайдасыз, рәсуә болмақ. Ал жолаушының бос уақыты жоқ.

P.S.

Қазіргі таңда мұсылман баласы біз, пайдасыз сөздер мен әс-ірекеттерден бойын аулақ ұстай алмай жүрміз. Шектеулі уақытымыз жетіп, бос істер жасағанымыз үшін барар жерімізге жете алмай, жарты жолда қалып қойсақ неткен өкініш, Алла сақтасын! Сондықтан пайдасыз, бос амалдарды тәрк етіп, жол таппай адасып қалсақ, жол білетін керуенге қосылып, жолды үйреніп, бірге жолды жалғастыру керек болады. Міне сол керуен – «Әһли сунна уәл-жамағат» екені баршамызға аян. Алла Тағала Құран Кәрімде : “Расында иман еткендер құтылды. Олар (сондай жандар) намаздарында іштей жалбарынады. Олар, бос нәрселерден аулақ болады” (Муминун 1-3) – деп, бос істерден жырақта жүру – қияметте азаптан құтылатын шынайы мұсылманның сипатынан екенін көрсетуде. Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырымызда уақытымызды босқа жұмсамай, дүние мен ақыретімізге пайдалы амалдар жасап, Раббымызға қауышу – баршамызға нәсіп болғай.

SUNNA.KZ

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.