Take a fresh look at your lifestyle.

ЕРКІНБЕК ШОҚАЙ: УАҺАБИЛЕРДІҢ ҚУЛЫҒЫНА ҚҰРЫҚ БОЙЛАМАЙДЫ

0 250

 – Енді ғана намазын оқып, құлшылығын бастаған жастар аз уақыттың ішінде қолдарына қару алып, Сирия асып кетіп жатыр. Жат ағымның өкілдері осыншама жылдамдықпен жастардың санасын қалай жаулап үлгереді?

– Аз ғана уақыттың ішінде деп айтуға келе қоймас. Бұл біршама уақыттың еншісіндегі дүние. Сіз айтып отырған жат ағым сәләфилік-уаһабистік бағытты ұстанушылар. Бұлар мешітке енді келіп, намазды енді үйреніп, әлі де болса оңы мен солын танымаған, имамдармен сөйлесіп үлгермеген жастарды тұзақтарына түсіреді. Сосын ақырындап оларға жанашырлық білдіріп, көмектескен сыңай танытып, бірте-бірте мешіт имамдарына деген теріс көзқарас қалыптастырады. Имамдар да періште емес, кейде қателік жіберіп қоюы мүмкін. Имамдардың осындай тұстарын теріп алып, «міне, сенің сеніп жүрген имамың. Олар дұрыс жолда емес. Дұрыс жолдағылар бұлай жасамайды» деген секілді өздерінің уағыздарын жастардың санасына сіңіреді.

Сондай-ақ, кейбір өздерін «дінтанушымын» деп жүргендер «ақида бірінші орындағы мәселе емес, оған аса мән бермеуіміз керек. Ең басты мәселе олардың саяси немесе агрессиялық көзқарастары. Мемлекеттің ұстанымына қарсы келмеуі, билікті мойындауы, қолына қару алып жиһадқа кетіп қалмауы» деген секілді пікір білдіріп жүр. Бұл – өте қате пікір. Себебі, осы айтылған қарсылықтардың барлығы әуелгі ақиданың дұрыс болмауынан басталады. Оларды ешкім бірден «мына мемлекет тағұт, қолдарыңа қару алып қарсы шығыңдар» деп үйретпейді. Ең бірінші, «Біз Алла Тағаланы дұрыс тануымыз керек, Алла Тағаланың сипаттарын пайғамбарымыз (с.ғ.с), сахабалар қалай түсінген болса, біз де солай түсінуіміз керек» дегеннен бастайды. Яғни, бірінші орынға сенім мәселесін қояды. «Имамдар Алла Тағаланы барлық жерде деп айтады, бұл адасушылық» дейді. Шын мәнінде, матуриди ақидасында Алла барлық жерде деп айтылмайды. Бұл олардың матруди ақидасына жапқан жаласы. Сосын олар «Алла барлық жерде емес, Алла аспанда» деп өздерінің түсінуімен Құран аятарын келтіреді де, міне Алланың аспанда екендігі аятта анық айтылып тұр дейді. Кейін «Пайғамбарымыз қойды қасқырға жегізген күңнен: «Алла қайда?» деп сұраған еді, ол: «Аспанда», – деп жауап берді»деген Муслим риуаят еткен хадисті келтіреді. Шын мәнінде бұл хадис сынға ұшыраған хадистердің бірі. Тура сол оқиға Имам әл-Байхақидің риуаятында Пайғамбарымыз (с.ғ.с) күңнен «Раббың кім?» деп сұраған. Сосын «Сен Алланың бір екеніне, мені оның елшісі екеніме сенесің бе?» деп сұраған. Ғұламалар бірінші риуаят екінші риуаятқа қайшы келгендіктен бірінші хадисті «шазз» хадистердің қатарына жатқызған. Ал, сәләфилер сол бірінші хадисті алып діни сауаты төмен жастардың санасына тықпалайды. «Міне, Алла да, пайғамбар да айтып тұр. Бірақ, имамдар да, матруидилер де бұған қарсы шығады» деген уағыздарын айта отырып, қаракөздеріміздің бойына алғашқы сәләфиттік көзқарастарды қалыптастырады.

Сондай-ақ, олар аса мән береті тағы бір жайт «пайғамбарымыз бен сахабалар осылай түсінген» дегенді үнемі айтып отырады. Яғни, өздерінің түсініктерін пайғамбар мен сахабаларға апарып жүктейді. Бірақ, бұлардың пікірі ары кеткенде хижри жылымен санағанда IV ғасырда Андалусияда, берісі Ибн Тәймия, оның бергі жағы Мұхаммед Әбдул Уаһһабтан басталады. Құрандағы Алланың қолы туралы айтылатын аятты да адамның қолы деген секілді тура мағынасында түсіндіреді. Бұған сенбегеннің барлығын адасушы, кәпір, бидғатшы, тозақтық деп есептейді. Бұларды үнемі тыңдаған тұлғаның бойында теологиялық, діни тұрғыдан «менің ғана пікірім дұрыс» деген ой толық қалыптасады. Осыдан кейін барып «ата-анаңдікі де, мемлекеттікі де, ата-бабаңдікі де дұрыс емес, мені ғана тыңда» деп адамды мәңгүрттендіріп тастайды. Тіпті, «басқаны тыңдау харам» дейді. Олардың кейбір шейхсымақтары «Имамдар, олар бидғат иелері. Сондықтан, олар аят пен хадистер айтып тұрса да тыңдамаңдар» деп үндеп жатыр. Аят пен хадисті тыңдамай өздерінің уағызшы шейхтарын ғана тыңдайтын болса, бұлардың роботтан несі артық?! Үнемі бір бағыттағы уағызды тыңдай берген адамның санасында салыстыру болмайды. Бұлардың түпкі мақсаты да сол.

– Қазіргі таңда оларға ұстаздарының бағыты дұрыс емес екендігін дәлелдеп райынан қайтара алатындай дін мамандарымыз бар ма?

– Аллаға шүкір, аз да болса бар. Қазір елімізде және шетелдерде діни білім алған сауатты ғалымдарымыздың қатары күн санап көбейіп келеді. Сіздің сұрағыңызға байланысты мен сөзіме дәлел болу үшін бір мысал келтіре кетейін. Ерсін Әміренің ақида мәселесі жөнінде Октаммен жасаған тоғыз сағаттық пікірталасынан кейін көптеген уаһабилік бағыттағы бауырларымыз тура жолға қайтып оралды. Бір ғана Ақтаудың өзінде отыз шақты сәләфи райынан қайтқан. Бастапқы пікірін өзгертіп, бірақ жасырып жүргендері қаншама. Ойларын ашық айтайын десе «кеше мына бағытта жүр еді, енді мына бағытты ұстаныпты» деген сөзден қашып, айта алмай жүр. Осы пікірталастан кейін олардың санасында салыстыру мүмкіндігі пайда болды. Мұндай жағдай болмау үшін «имамдар аят, хадис келтірсе де тыңдамаңдар» деп жанұшыра пәтуа шығарып жатыр. Әбден теологиялық тұрғыдан санасын өзгерткеннен кейін, жайлап қарулы іс-әрекеттерге уағыздай бастайды. Бұл бағыттағылар ұстазының айтқанын бұлжытпай орындайды. Мәселен, 2010 жылдары кім екені белгісіз Абу Мунзир Аш-Шанкити дейтін «ұстаздары» қазақстандағыларға «енді ұйымдасқан түрде қарулы қақтығыстарды бастай берсеңдер болады» деген пәтуа шығарып берді. Ал 2011-2012 жылдары осындай пәтуалардың салдарынан елімізде түрлі қарулы қақтығыстар орын алды.

Қазір, Құдайға шүкір, діни басқарманың қатарында Ерсін Әміре, Ризабек Батталұлы, Қабылбек Жұмабеков т.с.с. сауатты, білімді азаматтар жетерлік. Рас, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары арабша білетін, шариғат шарттарын, Құран аяттарын, пайғамбар хадистерін талқылай алатын имамдар аз еді. Ол кезде уаһабилермен пікір таластыру қауіпті болатын. Ал, қазір имамдармен пікірталастырудан олар қашады. Тіпті, Ділмұрат дегендері «Ерсін мен Октамның пікірталасын тыңдамаңдар, бидғатшылар мен пікірталастыруға болмайды, бұл харам» деп пәтуа шығарды. Егер олар шын мәнінде тура жолда болса, неге бізді де тура жолға салуға тырыспайды?! Неге діни көзқарасы қалыптаспаған білімі төмендермен ғана жұмыс жасайды да, нағыз дін мамандарымен пікір алмасудан қашады?! Мұның себебі белгілі.

Бұл үш ғасырдан бері жемісті жұмыс жасап келе жатқан әлемдік жоба. Қарап отырсаңыз сәләфилік-уаһабилік идеология қай жерлерге барды, сол жерлердің ешбірінің оңғаны жоқ. Тек қана қоғамды бүлдіру, тыныштықты қашыру, мұсылмандарды бір-бірімен қырлыстыру.  Сәләфилік-уаһабилік идеология әу баста мұсылмандарды бір бірімен қырқыстыру, бір-бірінің қанын төгу мақсатында құрылған. ХVIII ғасырда бұл қозғалыс мұсылмандардың қанын төгіп, Шиғаларды кәпірлер, түріктерді сопылар-мүшіріктер, өздеріне қарсы келген басқа арабтарды бидғатшылар-тозақылар деп мұсылмандардың қанын төкті. Тіпті тұқымына дейін жоямыз деп құрсақтағы балаға дейін найза түйреген кездері болған. Сол кезеңнен бері өзге діннің өкілдеріне емес, тек мұсылмандарға қарсы шығумен келеді. Тура сол кезде жасаған қатігездігін қазір ДАИШ асырып жасап жатыр. Бірақ, қазіргі сәләфилік ағымның ерушілері бұл тарихты ойдан шығарылған деп мойындағылары келмейді. ДАИШ сол кездегі уаһабилік қозғалысының жалғасы. Мұны Астанадағы саммитке келген Саудиялық шейхтардың өзі «ДАИШ-қа кетіп жатқандардың барлығы сәләфилік бағыттағылар» деп мойындап отыр.

– Сонда сәләфизмнен уахабизм, одан ДАИШ шығып отыр ғой?

– Сәләфизм-уаһабизм екеуі бір ұғым. Осыдан үш ғасыр алдын бұлар уаһабилерміз деп өздері атаған. Уақыт өте келе уаһабизм атауы белгілі деңгейде сектаның атауы секілді қабылданып кеткендіктен әуелгі атауынан құтылуға әрекет жасап, соңғы 20-30 жылдың көлемінде өздерін сәләфиміз деп танытып, таратып үлгерді. Ал шын мәнінде бұл екі атаудың мазмұны мен заты бір.  

– Бұлардың ұлттық ерекшеліктерге мән бермей тұтас болмысымен араб болғысы келетіндері несі?

– Ислам шариғатының ерекшілігі әрбір елдің географиялық, әлеуметтік, ұлттық ерекшеліктерімен санасады. Мұның мысалы ретінде имам Шафиғи Иракта болған кезде өзінің мәзһабын қалыптастырды. Ал, Египетке көшіп барғаннан кейін кейбір пікірлерін, пәтуаларын өзгертті. Себебі, Ирак пен Египеттің кейбір ахуалдары бір-біріне ұқсамайтын.

Әрине, шариғатта негізгі ақидадағы талаптар бекітілген. Оған дау жоқ.  Ал шариғатты жүзеге асыру жөнінде шарттарына қайшы келмесе өзгере береді. Мысалы үшін, әйел адамның киім үлгісін алып қараңыз. Шариғат жалпы әйел адамның киіну үлгісін айтады. Яғни, әурет жерлерін жауып жүруді бұйырады. Бірақ, дәл Сауд Арабиясындағыдай қара орамал тағып, қара киініңдер деп міндеттемейді ғой. Сондықтан, өзіңіздің ұлттық ерекшеліктеріңізге, тұрғылықты жеріңізге, қоршаған ортаңызға, сол ортаның талабы мен мәдениетіне лайықтап, шариғат талаптарын орындауға болады. Ал біздің сәләфилік бағыттағы бауырларымыз арабтардың, атап айтқанда исламды ұстанудың саудиялық үлгісін қазаққа әкеліп таңғысы келеді. Әрине, бұл өз кезегінде халықтың дінге қарсы қойып, исламофобияны қалыптастыруға себепші болып жатыр.  

– Қазір бұл бағытты ұстанушылардың саны елімізде айтарлықтай артқан секілді. Бұларды үгіт насихатпен, пікірталастармен жөнге салу мүмкін бе?

– Пікірталасты, үгіт насихатты көбейту керек. Егер халықтың діни сауаты толығып, жат идеологияларды қабылдамайтындай болса бұлар қайда барады. Екінші мәселе, елімізде құқықтық шара қабылдау мәселесін де қарастыру керек сияқты. Мәселен, Таблиғи жамағатқа, ДАИШ-қа сот шешімімен тиым салынды ғой. Сәләфилік те қауіпті идеологиялардың бірі. Сондықтан, бұл бағыта да тиісті шаралар қолдану керек шығар. Себебі, жоғарыда тыйым салынған топтардың жұмыстары елімізде айтарлықтай бәсеңдегенін, олардың ерушілерінің өз еріктерімен бұл ағымдардан бас тартып жатқандарын көзіміз көріп отыр.

2011-2012 жылдары сәләфилік-уаһабилік бағыттағылар Атырауда біраз бүлік шығарды. Сол кезде құқық қорғау органдары арнайы шаралар қабылдаған кезде сақалын өсіріп, «осы сақалым үшін жанымды қиюға дайынмын» деп кеудесін соғып жүргендердің көпшілігі қорыққандықтан сақалын қырып, балақтарын ұзартып шыға келді.  Қазір аяқтарын алшаң басып, «сақалымды алмаймын, балағымды ұзартпаймын» деп жүргендердің барлығы мемлекетіміздегі бейбітшілікті, тыныштықты барынша пайдаланып жүргендер. Егер құқықтық шешім қабылданса, олардың басым көпшілігі қалыпқа түсер еді.

– Еліміздегі уаһабилік бағыттағыларды тоқтатармыз. Ал, әлемді дүрліктіріп жатқан ДАИШ-ты тоқтату мүмкін бе?

– ДАИШ белгілі бір тараптардың арнайы жобасы. Сол елдер қашан «тоқта» деп қызыл түймешені басады, сол кезде тоқтайды. Бұл негізі мұсылман елдерінің дамуына, тұрақты өмір сүруіне, ғылым-білімде жаңалықтар ашуына, тұтынушы елден өндіруші елге айналуына кедергі жасау үшін жүргізіліп отырған жоба. Мұны ДАИШ-қа ерген біздің қаракөздеріміз түсінбей отыр. Ислам әлемінде тұрақтылық болса, даму болады. Себебі, мұсылман әлемінің басқа елдермен салыстырғанда жан-жақты әлеуеті өте жоғары. Соның ішіндегі жай ғана демографиялық әлеуетті мысалға айтуға болады.  

Алла Тағала Құранда «Біз адам баласын құрметті еттік» дейді (Исра сүресі, 70-аят) пайғамбарымыз (с.ғ.с) жәндіктің өзін өртеп өлтіруге тиым салған.  Ал, ДАИШ өздерінің қолына тұтқынға түскен иорданиялық ұшқышты өртеп өлтірді. Бұл енді мұсылмандықтан да, иманнан да, адамдықтан шығып кеткен қатыгездік. Ешбір жиһадтың шарттары мен талаптары сақталып жатқан жоқ. Мұның өзі ДАИШ-тің қаншалықты адасқан топ екендігін көрсетеді деп ойлаймын. Ал бізден Сирияға барып жатқандардың барлығы өкінішке қарай өзге елдердің саяси ойындарының құрбандарына айналып жатыр.

– Арнайы уақыт бөліп, келелі тақырыпта сұхбат бергеніңізге алғысымыз шексіз.

Әңгімелескен Олжас СӘНДІБЕК
kazislam.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.