Take a fresh look at your lifestyle.

МҰХАММЕДКЕ (с.ғ.с) – МАХАББАТ…

0 300

    Жақсы көру – жүрек әлемінің жағдаятына байланысты сан алуан түрлі. Кейбірінің тыныш, кейбірінікі асаудай толқып тұрады. Тыныш жүрек иесі, махаббатына апарар жолдағы қиындықтармен шаршап-шалдығуға төзе алмайды. Алайда, толқып-тасып тұратын жүрекпен ғашық болған жан – таумен тасты жарып шыққан бұлақтардың қаншама қашықтықты бағындырып теңізге құйғаны секілді ғашығына қол жеткізе алады.

     Тозақ отынан сақтандырып, жұмақпен сүйіншілеп өткен пайғамбарларды, әсіресе күллі адамзаттың асыл тәжі, пайғамбары, екі дүние сардары Мұхаммед Мұстафа саллаллаһу әләйһи уә сәлләмді жақсы көру – мұсылмандардың пайғамбарларға деген борыштарының бірі. Өйткені Алла Тағала Құранда ата-ана, ұрпақ, мал-мүлік, кәсіп сияқты нәрселерді жақсы көру Алла мен Пайғамбардан артық болмау керектігін баяндайды. Демек, Алла мен Пайғамбарды жақсы көру барлық нәрседен жоғары тұруға тиіс. Пайғамбарды жақсы көру үшін ең алдымен Оны тану керек. Ал енді бағытымызды Пайғамбарды танытатын тарапқа бұрайық:

     Жаратылыс жағынан бір пенде, ал Алланың құзырында ең құрметті де абыройлы, әлемге рақым етіп жіберілген жалғыз елші ол – Мұхаммед саллаллаһу әләйһи уә сәлләм. «Сені бүкіл әлемге рақым етіп қана жібердік». (Әнбия 107)

     Иман мен амал, сөз бен сөйлем, іс-әрекет және бүкіл қарым-қатынаста үлгі тұтылатын жалғыз жан ол – Мұхаммед саллаллаһу әләйһи уә сәлләм.  «Расында сендер үшін, Алланы да ахирет күнін де үміт еткендер және Алланы көп еске алғандар үшін; Алланың Елшісінде көркем өнегелер бар». (Ахзап 21)

     Алла Тағаланың өміріне ант еткен жалғыз пайғамбар ол – Мұхаммед саллаллаһу әләйһи уә сәлләм. «(Мұхаммед Ғ.С.) Өміріңе серт. Олар (нәпсіқұмарлықтан) көздері қарауытқан халде, расында мастықтарында дел-сал еді (бұд халдерінде ешқашан сенің сөзіңді тыңдамайды)». (Хижр 72)

     Жасалған күнәләрдің кешірілуі мен Алланың сүйген құлына айналу үшін – әміріне бойсұнып, итағат етілуі керек болған жалғыз пайғамбар ол – Мұхаммед саллаллаһу әләйһи уә сәлләм. (Мұхаммед Ғ.С.) оларға: «Егер Алланы сүйсеңдер, онда маған ілесіңдер. Сонда Алла Тағала да сендерді жақсы көріп, күнәләріңді жарылқайды. Өйткені Алла аса жарылқаушы, ерекше мейірімді» де (Әли Имран 31). «Алланы жақсы көремін» деген әрбір исі мұсылманның, Пайғамбарымызға итағат етуін шарт қосуда. Ал егер итағат етсе, оларды жақсы көретіндігін уәде беруде.

     Ардақты Алла Елшісіне итағат ету, сүннеттерін орындау – Оны жақсы көру мен сүйіспеншіліктің нышаны емес пе… Өйткені, әз Пайғамбарға сөзсіз итағат етпей, әмірлеріне бағынбай және сүннеттерін орындамай «Оны жақсы көремін» деп айту, бос сөзден басқа ештеңе де емес. Ал сүйген адам ғашығының айтқанын міндетті түрде орындайды және әр уақытта жанынанда болуға тырысады. Сол сияқты сөйлеу, киім киіну, есінен шығармау, сөздерін үнемі қайталау, соған ұқсап бағу-сынды әрекеттер – жақсы көрудің белгілерінен болып табылады.

     Олай болса, қаншалықты Оған ұқсаймыз? Біз Оны қаншалықты жақсы көреміз? Өмірін жақсы білеміз бе, қаншалықты танимыз? Қанша мүбәрәк сөзін жаттадық? Оның ахлағымен сусындадық па? Оның сүйіспеншілігіне қол жеткізу үшін қандай себеп іздедік? Қандай жолдарға түстік? Қандай теріс әрекеттерге Оның сүннетін перде еттік?..

     Жан-тәнімізбен ардақты Елші Мұхаммед саллаллаһу әләйһи уә сәлләмға ұқсай алсақ қой шіркін! «Сәлемді жайыңдар» деген деп, отбасыдан бастап, көрші-қолаң, бауырларға «Әссәләму алайкум» десек, ісімізбен «Мен сені жақсы көремін Уа Алланың Елшісі» дегеніміз емес пе? «Өтіріктен аулақ болыңдар» деген деп, тұрмыс-тіршілігіміз бен барлық амал әрекеттерімізде өтіріктен бойымызды аулақ тұтып, ақиқаттың жанында болсақ, «Мен сені жақсы көремін Уа алланың Елшісі» дегеніміз емес пе?..

    Шапағат Иесі Мұстафаны саллаллаһу әләйһи уә сәлләмды шынайы жақсы көріп, сүннетін берік ұстануды Алла Тағала баршамыға нәсіп етсін!

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің наиб имамы 

Оңғар Хайридинов

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.