Take a fresh look at your lifestyle.

ДІН – АДАМГЕРШІЛІК ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫҢ БАСТАУ КӨЗІ…

0 3  830

Жұманазар Садырханов,

«Сәдуақас Ғылмани» мешітінің бас имамы

    Бисмиллаһир рахманир рахим! Ұлы Жаратушы – Алла-Тағалаға сансыз мақтаулар һәм Хақ Елшісі – Мұхаммедке Алланың салауаты мен сәлемі болсын! Дін шырақшыларының негізгі мақсат-мұраты – дінді құндылық ретінде танытып, мән-мағынасын ашып беру һәм оны қоғам игілігіне жарату болып табылады. Бұл туралы Хақ Елшісі (с.а.у): «Дін дегеніміз – насиқат» деген болатын. Әйтсе де, үшінші мыңжылдықтың басында кейбір күштер Ислам дінін қаралау мақсатында адам қанын төгуге дейін баратын сұрқия ойындарды шімірікпестен ұйымдастыруда. Өкініштісі, діни сауаты жоқ азаматтар осындай қарақұйын қозғалыстың құрбанына айналуда. «Ауруын жасырғанды өлім келіп әшкерлейтінін» ескерсек, қазақ қоғамында орын ала бастаған әсіредіншілдікті жасырмай, онымен белсенді күресу күн тәртібінде тұрған ең өзекті мәселенің бірі десем асыра айтқандық емес.

Ислам – тіршілік иелерінің бейбіт ғұмыр кешуін мұрат ететін кемел дін десек, әсте қателеспейміз. Өйткені, Құран-Кәрім нақақтан-нақақ қан төгілуге түбегейлі қарсы. Бұл жөнінде «Кім кісі өлтірмеген немесе жер жүзінде бұзақылық қылмаған біреу-ді өлтірсе, сонда шынайы түрде барлық адамды өлтіргенмен және кім оны тірілтсе (өлімнен құтқарса), барлық адамды тірілткенмен тең» (Мәйда, 32) деп бұйырылады. Яғни, адам баласының бейбіт тіршілік кешуі Исламның басты қазынасының бірі саналады.

Қазіргі «жиһад» деп өзін-өзі жарып жіберіп жатқан жанкештілер ешқандай да шахид сауабына ие бола алмайды. Дін бойынша, өзін-өзі жарып жіберу «интихар» деп аталады. Яғни, өз-өзіне қол салу мен шахид болудың бір-біріне еш қатысы жоқ. Керісінше, бір-біріне мүлде керағар ұғымдар. Дін негіздері бойынша өз-өзіне қол салу ауыр күнәлардың санатына жатады. Хақ-Тағала Құран-Кәрімде«Бір-біріңді өлтірмеңдер. Расында Алла сендерге ерекше мейірімді. Ал кім осы айтылғанды дұшпандық, зұлымдықпен істесе, оны жақында отқа саламыз» (Ниса, 30) деп бұйырады. Ал Алла Елшісі (с.а.у.): «Мүмінді лағынеттеу оны өлтіргенмен тең, кім мүмінге кәпірсің деп жала жапса, оның өлтірушісі сияқты болады. Және кім өз нәпсісін (өзін) бір нәрсемен өлтірсе, сол себепті Алла оны қиямет күні азаптайды» (Бухари мен Муслим риуаяты), — деп, өз-өзіне қол салудың қате екенін қатаң ескертеді. Ұлы Жаратушы себепсізден-себепсіз өз-өзіміздің жанымызды қию былай тұрсын, бізге он екі мүшеміз бен ағзамызды ақыретте қайта сұрау үшін аманатқа берген. Олай болса, «аманатқа қиянат жасаудың ауыр күнә» (хадис) екенін ескерсек, «шахид белбеуін» тағып, шімірікпестен өзін-өзі жарып жіберу — орны толмас зор қателік.

Қазақстан Республикасы дін мәселелерін реттеуде зайырлы қағидаттарды басшылыққа алады. Ал, зайырлылық дегеніміз қандай мемлекеттік құрылым? Біз Атазаңымызда атап көрсетілген мемлекетіміздің негізгі басым бағыты саналатын зайырлылықты дұрыс ұғынбайынша, Қазақстан қоғамындағы діни құндылықтарды бағалау мен тұтынудың деңгейін де толық түсініп біле алмаймыз. Біздің зайырлы Қазақстанды әсіредіншілдер айыптағандай кәпірстан санауымызға еш негіз жоқ. Қазақстан Республикасы өз азаматтарының діни құлшылық пен рәсімдерді орындауына құқықтық тұрғыда ешқандай кедергі келтірмейді. Ислам тарихына қарайтын болсақ, Хақ Елшісі (с.а.у) Мекке дәуірінде Құрайыш аристократтарынан қысым мен құқай көрген бір топ мұсылмандарды екі дүркін Эпиофияға көшіргені белгілі. Ал, ол кезде Эпиофия — Ислам мемлекеті емес еді. Бірақ, Эпиофия мемлекеті қоныс аударып келген мұсылмандардың өз сенімдерінің негізінде құлшылық жасап, өмір сүруіне рұқсат берді. Яғни, шариғат бойынша мемлекет құрылымы Ислам құндылықтарына негізделмесе де, діни құлшылық пен ритуалдардың жүзеге асуына рұқсат беретін саяси жүйені «дарул-сулх» – дінге бейбіт ұстаныммен қарайтын мемлекет деп атайды. Демек, мұсылмандық тұрпаттағы діни құлшылық пен рәсімдердің жүзеге асуына рұқсат беретін Қазақстан мемлекеті ешқандай да кәпірстан емес. Әсіредіншілдіктің алдын алу үшін біз зайырлы Қазақстанның осындай артықшылықтарын дұрыс насихаттай білуіміз керек.

Біздің еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі ширек ғасыр уақыт аралығында діни қатынастарды реттеуде мол тәжірибе жинақтады. Бүгінгі таңда Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі, Дін істер комитеті, Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы, Діндерді талдау және зерттеу орталығы, Философия және дінтану институты, облыстық және оған теңестірілген қала әкімшіліктерінде Діни істер басқармасы, деструктивті діни ағымдардан зардап көргендерге көмек көрсету орталықтары және т.б. мемлекет механизмінде діни мәселелерді зайырлылық шеңберінде реттейтін ұзын-ырғасы ондаған мемлекеттік құзіретті органдар жұмыс жасайды. Мемлекеттік құзіретті органдар мен діни бірлестіктердің арасында әріптестік тығыз қарым-қатынас орнаған. Бұл еліміздің локальді ерекшеліктері ескерілген зайырлылықтың қазақстандық моделінің қалыптаса бастағанын әйгілейді. Сөз жоқ, бұл үлкен жетістік!   

Әсіредіншілдіктің алдын алу үшін халықтың ортадоксалды (діни-уасит) діни танымының қалыптасуына жағдай жасауымыз қажет. Діни радикализмге қарсы тұратын иммунитет қалыптастыру үшін ең алдымен отандастарымыз дұрыс діни мәлімет пен білім алуы тиіс. Қазір елімізде исламдық бағыттағы көшбасшы ұйым — Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасына қарасты 2600-ден астам мешіт жұмыс істейді. Бұл мешіттердегі кешкілік курстарда жамағатқа тұрақты түрде діни сабақ беріледі. Сонымен бірге, елімізде имамдар дайындайтын Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті, арнаулы орта оқуына теңестірілген 9 медресе бар. Бұдан өзге әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ, Түркістандағы ХҚТУ, Шет тілдері және іскерлік қарьера университеті, Қарағанды мемлекеттік университеттерінде дінтану факультеттері мен бөлімдері жұмыс істейді. Діни ақпаратпен қамтамасыз ететін «Ислам және өркениет» газеті, «Иман», «Шапағат-Нұр», «Мұсылман» т.б. мерзімді басылымдар шығады. Отызға жуық ғаламторда діни сайттар жұмыс істеуде. Сондай-ақ, діни радикализммен белсенді түрде күрес жүргізу үшін Республикалық ақпараттық насихат тобы (РАНТ) құрылды. Яғни, осы діни культтік орындар мен оқу ордалары және діни мәлімет беретін ақпарат көздерімен т.б құрылымдар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып халықтың әһлу сунна сенімінің қалыптасуына бірлесіп жұмыс жасаса, бұл үлкен қосын – әсіредіншілдіктің толықтай алдын ала алады.

Түйін: Қаситті Құран-Кәрімде «Бүлік шығару адам өлтіруден де бетер» (Бақара сүресі, 217 аят) деп бұйырылады. Ал Хақ Елшісі (с.а.у.) хадис-шарифтерінің бірінде: «Намаз, ораза және садақадан да артық бір нәрсе – жарастыру, татуластыру» – деп, бүлінгенді бүтіндеу, бұзылғанды түзеу мұсылманның қасиетті борышы екенін жеткізеді. Олай болса, Алаш баласының бірлігі һәм қоғамның тыныштығы мен бақ-берекесі үшін күресу – қай-қайсысымыздың да асыл міндетіміз. Лайым, ел азаматтарына осы үдеден шығуды жазсын деп тілейміз!

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.