Take a fresh look at your lifestyle.

ЖАСҰЛАН АБУТӘЛІП: АДАМ ҚАЙТСЕ САБЫРЛЫ БОЛМАҚ?..

0 10  741

Сабырлық – Ислам дінінде аса дәріптелетін рухани құндылықтардың бірі. Ата дінімізде сабырлылықтың дәріптелетіні соншалықты ол жайында Құран Кәрімде арнайы аяттар түсіріліп, ардақты Алла Елшісі (саллаллаһу ғәләйһи уәсәлләм) хадистерінде үнемі дәріптейді, өсиет етеді. Мұның өзі сабырлы болудың адам өмірінде қаншалықты мәнге ие екенін білдірсе керек.

Сабырлық (صَبْرٌ–сабр) сөзінің араб тіліндегі тілдік мағынасы –«шыдамдылық ету», «төзімділік жасау» дегенді білдіреді. Шариғи мағынасы – Алла Тағаланың разылығын көздеп өмірдегі сыныақтарға, тап болған қиындықтарға төзу, шыдамдылық ету дегенге саяды.

Жалпы, сабырлық дегеніміз – әрбір мұсылманның өмір сынағындағы кез-келген қиындықтарға төзімділік таныпты, мақсатына жету жолында шыдамдылық көрсетуі, дүние және ақыреттік бақыты үшін болмашы қиыншылықтарды елең құрлы көрмеуі. Алайда, барлық кемшіліктен пәк, еш нәрсеге мұқтаж болмаған Алла Тағала біздің сабырлы болуымызға да мұқтаж емес. Керісінше, біз қиындыққа сабырлық жасап, Алла Тағаланың құзырындағы дәрежеміздің көтерілуіне, сауаптарымыздың еселеніп, Ұлы Раббымыздың жарылқауына қол жеткізгенге мұқтажбыз.

Қасиетті кітабымыз Құран Кәрімнің көптеген аяттарында сабырылық аса маңызды құлшылық ретінде дәріптеледі. Айталық, «Әли-Имран» сүресінің 200-аятында Алла Тағала:

 يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ اصْبِرُواْ وَصَابِرُواْ وَرَابِطُواْ وَاتَّقُواْ اللّهَ لَعَلَّكُمْ تُفْلِحُونَ

«Уа, иман келтіргендер! Қиыншылыққа сабыр етіңдер, қорғанысқа шыдаңдар. Мақсаттарыңа жету үшін Алладан қорқыңдар»,-дейді. Бұл аятта дүние және ақырет жетістігінің сабырмен тығыз байлынысты екендігін көрсетуде. Өмірдегі қиындықтан құтылып, дүние-ақыреттің бақытына қол жетудің бір кілті – сабыр екендігін баяндайды. Демек, бұл аяттан дүние қиындығына сабырлы болмайынша тойтарыс бере алмайтындығымызды аңғарамыз.

Ал келесі аятта:

وَلَنَبْلُوَنَّكُمْ بِشَيْءٍ مِّنَ الْخَوفْ وَالْجُوعِ وَنَقْصٍ مِّنَ الأَمَوَالِ وَالأنفُسِ وَالثَّمَرَاتِ وَبَشِّرِ الصَّابِرِينَ

«Біз сөзсіз сендерді аздап қорқытып та, ашықтырып та, мал-жандарыңды, шаруаларыңды кемітіп те сынаймыз. Сабыр еткендерді қуантып (сүйіншілеп) қой» («Бақара» сүресі, 155-аят). Бұл аятта қорқыту, аштық, мал-жан, шаруашылықтың кемуі секілді адам баласының басына түсетін алуан түрлі сынақтар тілге тиек ете отырып, сабырлық көрсетушілердің ғана қуанышты жағдайға қауышарлық табысқа жететінін баяндайды.

Дүние тіршілігі болған соң міндетті түрде сынаққа толы болады. Түскен сынақтың да бір мәні адам баласының сабырын сынау екені Құранда былайша баяндалады;

وَلَنَبْلُوَنَّكُمْ حَتَّى نَعْلَمَ الْمُجَاهِدِينَ مِنكُمْ وَالصَّابِرِينَ وَنَبْلُوَ أَخْبَارَكُمْ

«Біз сендерді іштеріңнен соғысқа шыққандарды, сабыр етушілерді білгенге дейін, сырларыңды ашқанға дейін сынаймыз («Мұхаммед» сүресі, 31-аят). Аятта Отан үшін от кешіп, соғысқа шыққандар мен түрлі сынаққа сабыр етушілер бір-бірімен қатар баяндалады. Бұдан сабыр да күрестің бір түрі екенін аңғаратынымыз. Қастерлі Отанды қорғау жолында қару алып жаумен шайқасу ер азаматқа тән қасиет десек, өмір сынақтарына да тура солай сабырмен атойлап қарсы тұра білу Алла алдында мақтаулы істерден болып табылмақ.

Қиыншылық түскен сәтте сабыр ету, сынақтарға төзімділік таныту – дінімізде аса дәріптеліп, құпталатын маңызды іс. Сондықтан да, қиын сынақтарды жеңуде Ұлы Жаратушыдан сабыр ету арқылы жәрдем сұрауымыз тиіс. Бұл жайында қасиетті Құранда «Бақара» сүресінде Алла Тағала бізге былай әмір етеді:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ اسْتَعِينُواْ بِالصَّبْرِ وَالصَّلاَةِ إِنَّ اللّهَ مَعَ الصَّابِرِينَ

«Уа, иман келтіргендер! Сабыр және намаз өтеу арқылы Менен жәрдем сұраңдар. Алла сабырлылармен бірге» («Бақара» сүресі, 153-аят). Демек, құлдың кез-келген тығырықтан құтқарып, баяшат жақсылық беруші және де Алла Тағаланың өзі. Сол үшін де Жаратушымыз әрбір қиыншылықтың жеңілдеуі мен ауыртпалықтың арылуын Алладан сұрауымыз керектігін насихаттайды.

Ал, дініміздегі Құраннан кейінгі құндылық болып саналатын Алланың Елшісі, Пайғамбарлар сұлтаны Мұхаммед (ﷺ) хадистерінде сабыр туралы аса маңызды хадистер қалдырып, адамзатты сабарлы болуға шақырған. Мәселен, «Имандылық екі жартыдан құралады. Бір жартысы–сабырлық, екінші жартысы–шүкірлік»,-десе, тағы бір хадисте «Сабырлылық имандылықтың жартысы»,-деп дәріптейді.

Тағы бір хадисте сабарлылықтың мәні мен маңызына тоқталып былай дейді;

«Тазалық имандылықтың жартысы. «Әл–хамду лилләһи» сөзі (яғни, Алла Тағалаға мақтау айтудың сауабы) таразыны толтырады. «Субхана–аллаһ» және «әл–хамду лилләһ» (яғни, Алла Тағаланы кемшіліктен пәктеу мен Оған мақтау айтудың сауабы) жер мен аспанның арасын толтырады. Намаз – нұр (яғни, екі дүниедегі пенденің жүрегі мен жүзінің нұры). Садақа–(малды Алла жолында жұмсаумен пенденің иманды екеніне болатын) дәлел. Сабырлылық – (дүниедегі қиыншылық пен сынаулардағы табандылықтың) жарқырауы. Құран – (Алла Тағаланың әмірлеріне мойынсынғаныңның немесе қарсы келгеніңнің) дәлелі. Адамдар әр күні таң атқаннан жанын саудаға салып, Алла Тағаланың әмірлеріне мойынсынумен тозақ азабынан құтылады немесе қарсы келіп азапқа тап болады». Міне, Құран мен хадисте айырықша тілге тілек етіліп, дәріптелген сабырлылықтың дүние-ақыреттік сыйы аз емес. Ал мұны төмендегі аяттан көруге болады:

إِنَّمَا يُوَفَّى الصَّابِرُونَ أَجْرَهُم بِغَيْرِ حِسَابٍ

«Сабыр етушілерге берілетін сыйлық есепсіз» («Зүмәр» сүресі, 10-аят). Зер салып қарайтын болсақ, берілетін сыйлықтың есепсіз болуында үлкен мән жатыр. Яғни, ақиқатында сабырдың қаншалықты маңызды амал екені аңғару қиынға соқпайды. Қиыншылық сәтінде сабырлылық таныту үлкен еңбек болмағанда, Алла Тағала Құран Кәрімде есепсіз сыйлықты уәде етпес еді. Сондай-ақ, тағы бір аятта:

وَلَمَن صَبَرَ وَغَفَرَ إِنَّ ذَلِكَ لَمِنْ عَزْمِ الْأُمُورِ

«Кімде-кім (өзіне жасалған зәбір-жапаға) сабыр сақтаса, кешірімшіл болса, бұл келелі іс («Шура» сүресі, 43-аят). Шынында қиын іске сабыр ету немесе кешірімді болу Алла алдында да елеулі болып табылатынын түсінеміз. Бұның өзі сабырлылықтың адам өмірінде қаншалықты маңызды екенін әйгілесе керек.

Ислам дінінде сабыр  күллі көркем мінез-құлықтың бастауы болып табылады. Бұл жайлы Алла Елшісі Мұхаммед (ﷺ) біздерге хабар беріп, сүйіншілеген, сабырлылықтың сыйы мен дәрежесін дәріптеген хадис-шарифтері аз емес. Мәселен, мына хадисте сабыр етушіні зор сауаппен сүйіншілеп былай дейді; «Мүминнің жағдайы ғажап! Расында, оның бар ісінде жақсылықтың нышаны бар. Бұл нәрсе жалғыз мүминге ғана тән болып, басқа ешкімге нәсіп болмаған. Қуаныш болса мүмин Аллаһ Тағалаға шүкіршілік етеді. Бұл ол үшін жақсы (сауап). Егер бір қиындыққа ұшыраса сабыр етеді. Бұл да ол үшін жақсы (сауап)». Ал, сабырлылықтың да өз бодауы мен төккен тері, еткен еңбегіне орай берілетін сауабы мен дәрежесі болатыны жайында төмендегі хадис-шарифте былай дейді;

«Ақиқатында зор сауап ауыр сынақ үшін беріледі. Расында, Алла Тағала бір қауымды жақсы көретін болса оны түрлі жолмен сынайды. Сонда кім разы болса сол Алла Тағаланың рақымына бөленеді. Наразы болған Алла Тағаланың қаһарына ұшырайды». Демек, әрбір сынақ та адам баласының, құлдардың сабырын сынап, сол арқылы дүние-ақыреттегі дәрежесін анықтайтынын аңғарамыз.

Сондықтан, қандай да бір қиындықтар мен сынақтар болса, оған сабырлық таныту Алла Тағалаға жасалған құлшылық қана болып қалмастан, дүние мен ақыретте биік дәрежелер мен ұлы нығметтерге жеткізетін асыл құндылық екенін аңғарамыз.

Жасұлан АБУТӘЛІП

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің найб имамы

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.