Take a fresh look at your lifestyle.

ДОСАЙ КЕНЖЕТАЙ: “САЛАФИЗМГЕ ҚАРСЫ БІРДЕН БІР АНТИВИРУС – СОПЫЛЫҚ”

0 5  441

Назарларыңызға белгілі журналист Санжар Керімбайдың теология ғылымдарының докторы, профессор Досай Кенжетаймен болған сұхбатын ұсынамыз.

ЕСКЕРТУ: Төменде айтылған алуан түрлі пікірлер, сайттың я мекеменің көзқарасын білдірмейді.  Сайт қашанда ашық пікір алаңы. Әгәрәки, кейбір пікір-көзқарастарға және исламның дәстүрлі канондарна керағар ой айтылса – анығын, ақиқатын айтуыңызға (жазуыңызға) болады!

– Сіз көбіне «Сопыла ісін» әділетсіз өтті деп жиі сынайсыз. Егер осы істі әділетті өткізсең, қандай кемшілігін айтар едіңіз? 

– Кемшілігі бар. Заңдық тұрғыдан қателіктер жіберді. Мысалы медреседе нашақор мен маскүнемді еркінен тыс емдеу практикасы жүргізілген. Еркінен тыс десек те, нашақордың ата-анасының рұқсаты болған, қолхат жазған. Бірақ сонда да бұл заңсыз. Себебі қолдарында нашақорды емдеуге рұқсат ететін лицензия жоқ. Бұл – бір. Нашақорды қинап ұстаған соң ерегіс тумай қоймайды. Күзетші жігіттермен арасында бірнеше төбелес болған. Осыған ерегіскен бір-екі нашақор арызды аямай жазған. Заң бұзылу фактісі – осы. Бірақ «қылмыстық мотив» деген болады. Үш-төрт нашақордың арызын қанағаттандыру кезінде сол медреседен емделіп шыққан үш жүзге жуық нашақордың да көзқарасын ескеруге болар еді. Жазаласын. Бірақ қылмыстың мотивін ескерсек 14 жылға соттау ақылға қонбайды. Сопылар құрған бірлестіктің құжатында да азды-көпті кемшіліктер болған сияқты. Бірақ оның бәрі әрі кеткенде әкімшілік жаза мен айыппұл деңгейіндегі іс. 

– Нашақорлар жайлы айттыңыз, олар медресенің подвалына қайдан түсті? 

– Бұл жабық тақырып. Нашақордың аты-жөні ешқашан аталмайды. Себебі олардың көбі танымал шенеуніктердің баласы немесе туысы. Кедейдің баласы нашақор болмайды. Инеге отырған баласы отбасының берекесін кетірген соң ықпалды тұлғалар өздері әкеп қамаған екен. 

– Сонда зікіршілердің кінәсі жоқ па? 

– Кінәсі бар. Сопылар Аллаға ғашық боп көкірек көзін ашуды мұрат тұтады. Яссауи ілімінде шәкірт пен ұстаздың нәзік махаббатқа құрылған рухани байланысы болуы тиіс. Бұл шарт орындалу үшін мүридте ерік-қалауы мен құштарлық болуы керек. Бұлар нашақорларды емдейміз деп наркодиспансерге айналып кете жаздады. Бұл ілім зейінді момынды жақсы көреді. Ілімге ынтасы бар жастарды жинап, солармен жұмыс жасауға тиіс еді. Бұлар басымдықты алқаш мен нашақорды емдеуге салып жіберді деп ойлаймын. Осы қателік түбіне жетті. Бірлестік жабылар алдында олардың қатарында сауатты азаматтар сиреп кетті. Бұл – бірінші қателігі. Екіншісі – Яссауи жолы «өзіңмен күрес», «нәпсіңді жең» деп басталады. Осы алтын қағидадан ауытқыды. «Сопылықтың тарауына уахабизм кедергі келтіріп отыр» деп бүкіл ресурсын солармен күреске жұмсады. Бұл дұрыс, бірақ шектен шықпау керек еді. Ақыр соңында арасындағы сауатсыздары зікір салмайтынның бәрін «уахаб» деп түсінетін жағдайға жетті. Алқасына қосылмаған имамдардың ізіне түсті. Сопылыққа оң көзбен қарайтын дінтанушы Қайрат Жолдыбайдың өзін жиі сынады. Достан дұшпан жасады. Осы күрестің азартына кіргені сонша, сопылық медресесі жүректі нұрға бөлейтін ілім ордасы емес, қауіпсіздік комитетінің уахабизммен күресетін бөлімшесіне ұқсап кетті. 

– Сопылардың ұстазы неге мұны бетімен жіберді?

– Шейхтың өзі жақсы адам. Сұхбатында отырсаң атақты шайырлардың ғазалын жатқа оқып, адамды тамсантады. Нәпсімен күресуді әбден меңгерген. Өзін мақтауға жол бермейді. Тақуалықта сүрінбейді. Парыз-сүннеттің талаптарын қалдырмай орындайды. Рамазанды айтпағанда, дүйсенбі мен бейсенбіде нәпіл ораза ұстайтын. Қажылыққа 14 рет барған. Бітім-болмысында нағыз сопыға тән парасат пен батин ілімнің ұшқыны байқалады. Көзбен көріп, көңілмен ұғатын интеллектісі өткір. Бірақ орысша түсінбейді. Кирилл әрпін оқи алмайды. Қазақша газет-журналда не болып жатқанынан бейхабар. Сондықтан болар, мүридтерінің кіммен айтысып, тартысып жатқанын бақылай алмады. 

– Бірақ бәрібін оның шын сопы екеніне күмәнмен қарайтындар көп қой. Оның сопылығын тақуалықпен өлшейсіз бе?

– Жоқ. Пақырлығына қарап білдім. Яссауи ілімінде пақырлық, яғни кедейшілік – міндет. Тіпті негізгі категорияға жатады. Себебі талай сопы ағыл-тегіл келіп жатқан тегін дүниені мүридтеріне қимай бала-шағасына аманаттап, абыройдан жұрдай болған. Сол үшін Яссауи «Пақырнама» деп арнайы кітап жазды. Әдетте ауқатты адамдар садақа, зекет береді. Шейхтің міндеті күнделікті шығынын жабатын зекетті ғана алу. Қалғанын сол заматта мұқтаждарға тарату. Бұл жағынан алғанда Исматулла қари – нағыз пақыр. Мына парадоксты қараңыз. Қарияны ұйымдасқан қылмыстық топ жетекшісі деп соттады. Әдетте бұл баппен сотталса, дүние-мүлікке конфискация жасалады. Бірақ сот орындаушылары ақсақалдан бір сабақ жіп те тәркілей алмады. Банкке тыққан ақшасы бар шығар деп шоттың бәрін қопарды. Шетелден де бір тиын келіп түспеген. Бұл факті тексеруші органдарды таң қалдырған. 

– Осы медреседе салынған зікір сопылыққа сай келе ме?

– Әлемде сопылық ағым көп. Ал зікірдің түрі одан да көп. Бірақ дені шектен шығып кетеді. Көңіл көзін тазалайтын классикалық зікірлер де болады. Оны мен сияқты қолжазба ақтарып, арнайы зерттеген мамандар болмаса, былайғы жұрт айыра алмайды. Исматулла қаридың әкелген зікірі мың жылдық тарихы бар классикалық зікірге жатады. 

– Демек зікіріне күмәнданбай-ақ қойса бола ма? 

– Бұл ілім – бір жамағаттың, не Исматулланың діни доктринасы емес. Оған қазақ халқының тарихы мен рухани тағдыры байланған. Бұл мектепте ұлттық кодты оятатын барлық компонент бар. Мысалы үкіметтен бір тиын алмай, салафизм синдромына таза патриоттық сезіммен күрескенін жаңа айттық. Тарихқа көз жүгіртсек, салафизмге қарсы бірден бір антивирус – әманда сопылық. Бұлар исламның қос полярлы таразысын тең ұстап тұрған еді. Назира Нұртазинаның «Мұсылман әлемінде суфизм қалай әлсіресе, фанатизм, дүмшелік, мәдени тоқырау солай күшейеді» деп тұжырымдауы – кездейсоқтық емес. Яссауи жолы діни фанатизмнің өршімеуіне кепіл болуы тиіс еді…

– «Зікіршілердің іліміне қазақтың рухани тағдыры байланып тұр» дегенді асыра айтып жіберген жоқсыз ба? 

– Мына фактіге назар аудар. Бұларға дейін де діни экстремизммен бірнеше ағым қуғындалып құрыған. Мысалы, Хизбут Тахрирді уағыздаған талай бала сотталды. Сен солармен бірге қазақ ауыз әдебиеті, жыраулар поэзиясы, хандар тарихы, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, Яссауи ілімі, хикметтер, қисса-дастандар, аңыздар, жыр-термелер, қазақ руханияты қоса жоғалды деп ойлайсың ба? Әрі кетсе таратқан листовкалары құрыды. Ал зікіршілерді талқандағанда тұтас мәдени феномен жойылып кетті. Бір ғана Яссауи вокалды тобының жоғалуын айтайық… Қандай өкініш… Жаңаша талдауға ие болған «Шәкәрім оқулары» ше? Толық жойылды. Жыл сайын барлық облыста «Шәкәрім оқулары», «Яссауи оқулары» интеллектуалдық олимпиадасын өткізетін еді. Субьективті пікір деп қабылдарсың, бірақ телеарнада осы жігіттер туғызған рухани шабытты одан кейін келген бірде бір команда туғыза алмады. Ақыр аяғы бүкіл телеарнаны арзан күлкі басып кетті. Жұрттың әліге дейін сол кездегі журналистерді, Яссауи вокалды тобын жоқтай беретіні содан. Олар зікіршілерді сағынып тұрған жоқ. Солармен бірге кеткен мәдени құндылықтарды жоқтайды. Бұлардан басқа жыл сайын неше ағым жабылып, неше адам сотталып жатыр. Бұқара халық соларды іздей ме екен өзі? 

– Сонда зікіршілердің мойнында осындай ауыр міндет тұрды ма? Меніңше, олар дәл осындай деңгейде жауапкершілік сезінген жоқ. 

– Өкінішке орай зікіршілер бұл міндетті ақырына дейін арқалап тұра алмады. Яссауи жолын ұстандың ба, соның үдесінен шығуың керек еді. Әйтпесе қара басыңды емес, тұтас ұлттың мұратын аяқ асты еткен боласың. Сондықтан мен де зікіршілердің өзін емес, олармен бірге құрыған рухани құндылықтарды көбірек жоқтаймын. 

– Бұған кім кінәлі? Оларды соттатқан күш пе әлде өздері ме? 

– Бір жақты жауап беру қиын. Олардың «қашан сүрінеді» деп, күні-түні аңдып отырған дұшпандары болды. Өздері де оны білді. Сөйте тұра әлсіз жерлерін күшейткен жоқ. 

– Мысалы?

– Мәді идеясын көтерді. Әһлі суннада бұл идея болғанымен Яссауи жолында оның ізі де жоқ. Ілімді сақтау механизмдері нашар болды. Яссауи мен Шәкәрімді терең талдай отырып, оларды зерттейтін бірде бір қоғамдық институтпен байланыс орнатпады. «Бұл ілімді бізден артық білетін ешкім жоқ» деп ханакасында отыра берген. Ғалымдармен байланыс жоқ. Сот барысында профессор Мекемтас Мырзахмет екеумізден басқа ғалымдар араша түскен жоқ. Әсіресе теологтар үнсіз қалды. Ақыр соңында Исматулла қарияның Яссауи жолын ұстанушы ұстаз екеніне кепілдік беремін деп Өзбекстанның дінтанушысы Бақтияр Бабаджанов шықты. Бұл – парадокс. Сол кезде Бақтиярдың прокурорларға «Әй, жігіттер, сендер не бүлдіріп отырғандарыңды білесіңдер ме? Ертең терактіден көз ашпайтын боласыңдар» деп ескерткені есімде. Айтқаны келді ме? 2010 жылы зікіршілерді жойып еді, салафизм жүгенсіз кетті. Астана, Атырау, Ақтөбе, Тараз, Алматыда бірнеше теракті қатарынан болды. Сирияға кеткендер саны күрт өсті. Сопыларды қудалап бастағанда-ақ діни фанатизмнің күшейетіні маған түсінікті болған. Сондықтан Елбасыға хат жазып қауіптің алдын алуға барымды салдым. 

– Сөзіңізден түсінгенім, бұлардың да шарықтауы мен құлдырауы болды ғой

– Иә. Мен 1999 жылдың көктемінен бері елдегі сопылық мектептің қалыптасу процесін бақыладым. Алғашында бұлардың ғылым-білімге құштарлығы сұмдық еді. 2006 жылдан бастап рухани тоқырау кезеңіне өтті. Мұны көзі ашықтарына ескерттім. Ғылымға бейімі бар бір-екеуіне шетелге барып оқуға мүмкіндік жасадым. Бір де бірін пайдаланған жоқ. 2009 жылы «Яссауи» тобын Кониядағы мистикалық музыка фестиваліне апардым. Соның өзінде селт етпеді. 

– Неге селт етпеді?

– Сопылық тариқаттың иерархиясы түбіне жетті. Біреуіне бірнәрсе айтсаң, «оны үлкен ұстазбен ақылдасу керек» деп отыра береді. Бірақ ұстазымен тікелей ақылдаспайды. Себебі соңғы 5 жылда жасап алған ішкі бюрократия өздерін матап тастады. Төменнен тасталған ұсыныс жоғарыға жетпейді. Бірінші ана ұстазға, сосын мына ұстазға айтып ақылдасу керек деп жүргенде проблеманы ұмытып кетеді. Ақыр соңында шалғай аймақтағы бір мүрид орысша кітап оқитын болса, оны да қаптаған ұстаздар иерархиясының назарынан өткізуге тәуелді болды. Осылайша сауатсыздық басты. Болмаса 2006 жылға дейін бұлар ең сауатты діни жамағат болған. Оған дәлел, жастар жағы «Толстай Шәкәрім атамыздың ұстазы екен» деп жаппай орысша үйреніп, Лев Толстойды жарыса талдайтын. 2010 жылы бұл тенденция әлсіреді. 2007-2009 жылдан бастап әңгіме өзгерді. Конфессионалды уағыздар айтыла бастады. Потенциалдарын жоғалтты. Сопылық ішкі мәнге бағытталады. Сыртқы дауға араласпайды. Бұлар соған ұрынды. Қай жерде дау болса сол жерде Исматулла қаридың шәкірттері жүрді. Мұны сопылықтың профанизациясы деп атайды. Яғни құтының қашуы. 

– Бұл барлық сопылыққа тән бе?

– Иә, оның мысалы көп. Сопылық тариқат иерархиялық жүйеге өткенде кері кету процесі басталады. Әлемдік практиканы айтпай-ақ қояйын, қазақ тарихындағы көрінісін Әубәкір Кердерінің жырынан-ақ көресің. Ол:
Қор болған екіншіде сопы жолы, 
Бұл жолды ұстаушы еді ердің зоры, 
Сопылық Қап тауынан биік еді, 
Теп-тегіс жетіп кетті жұрттың қолы, 
Әліптің атын білмес надан сопы, 
Қорқамын бола ма деп діннің соры, – деп сынайды. 

– Ғайыптан тайып, Яссауи жолы тіріліп, үкімет сопыларға қолдау білдірді дейік. Зікіршілер сіз келтірген қателіктерге қайта ұрына ма? 

– Осыны мен де айтайын деп отыр едім. Сопылық феномен ретінде қазақ қоғамында тұруы тиіс. Себебі сопылықты тірілтпей санадағы деколонизация процесін жүргізе алмайсың. Ұлтшылдардың өзі әрі кетсе, 30-шы жылғы интеллегенцияны ұлықтаудан әрі аса алмайды. Себебі оның арғы жағындағы он ғасырда Яссауидің сопылық жолы сайрап жатыр. ХХ ғасыр басындағы интеллегенция толқыны сол мәдениеттің инерциясы болатын. Большевиктер Яссауи жолын жойып еді бұрынғы инерция тоқтады. Енді қайта тіріліп жатса, зікіршілерден маман ретінде мынаны талап етемін. Яссауи жолын тірілтем дедің бе, белді бекем буасың. Шалыс басуға хақың жоқ. Сопылықта мынадай тәмсіл бар: Баязид мұздан өтіп бара жатқан балаға «байқа бала, тайып жығылма» дейді. Бала «Тақсыр, мен емес сіз байқаңыз. Мен құласам бір баланың сирағы сынар. Сіз тайсаңыз тұтас бір қауым құрдымға кетер» дейді. Сол сияқты Исматулла қаридың аяғы тайып кетіп еді тұтас бір дәуірдің мәдениетіне соққы болды. Мәдени қабат құнарсызданды. 

– Мүмкін оның Ауғанстанда туып өскен этникалық қазақтығы кедергі келтірген шығар?

– Әрине, ол да бар. Қанша айтқанмен, шетелде туып өсу әсерін тигізбей қоймайды. Дегенмен, Исматулла қаридың тұлғалығы бөлек әңгіме болып қалсын. Бірақ Яссауидің жолын насихаттаймын деген соң оның зіл батпан жауапкершілігін барынша терең сезіну керек еді. Болмаса қасындағы заманауи мүридтері Отан тарихымен терең таныстыру керек еді. Яссауи мұрасының өзегінде түркі жұртының тарихи жады, құндылық әлемі, киелі салт-дәстүрі, бүкіл ауыз әдебиеті, қиссашылдық, жыраулар мектебі тұр. Бұларды былай қойғанда мемлекеттік сана жатыр. Себебі қазақ хандары мен би-батырлары көк тастың айналасына жерленген. Хандардың инаугурациясыда Кесенеде өтетін. Мемлекеттік маңызды жиындар Күлтөбеде талқыланатын. Сопылықпен бірге қазақтың тарихи жады тіріліп келе жатыр еді. Біз маман ретінде осыны көріп қуанатын едік. 

– Бірақ оларға терроризм айыбын да ілмекші болды ғой. Зікіршілерде терроризм қаупі жоқ па еді?

– Жоқ. Ол сопылықтың философиясына, идеясына сай келмейді. Яссауи ілімі негізінен жүрек (қалб), махаббат (зауқ), шабыт (илһам) жолы арқылы құдайлық танымға (мағрифат) және ішкі мәнге (батинға) ден қояды. Жан мен нәпсі қалауын ажыратуға маңыз беретін ілім. Онда Ибн Таймия секілді жиһад идеясын доктриналық тұрғыдан негіздеген тұлғалар жоқ. Нағыз сопы деп дастархан басында мұсылман, христиан, отқа табынушы, пұтқа табынушы деп бөліп-жармайтын адамды айтамыз. Хикметінде «кәпірге де берме азар» дейді. Бір мысал айтайын. ХІХ ғасырда Лыкошин деген орыс офицері Ташкенттегі ишандардың зікіріне қатысады. Жанына бірнеше офицерді ертіп те апарады. Сонда ишан «арамызда кәпір отыр, зікір салмаймыз» демейді. Алаңсыз зікірін салып, соңында оларға да дұға етіп, бата береді. Артынан дастарқанда отырып, бірге сұхбат құрады. Бұл – өте маңызды феномен. Қазір де Сирияға кеткен қазақтардың ішінен бірде бір зікіршіні таппайсыз. Сопылардың ең надан деген баласының өзі жиһад идеясының бос әңгіме екенін түсінеді. Яғни, ондай қадамға бармайды.

– Ал фанатизм ше?

– Оларды шетелдегі мұсылман бауырымызды қорғаймыз деп иландыра алмайсың. Сирия, Ауғанстан, Ирак тақырыбына мүлде қызықпайды. Олардың фанатизмі елді шатақ діннен қорғауымыз керек деген патриоттық сезіммен өршиді. Мысалы, зікіршілердің мына зеректігіне риза болам. Олар уахабизм қаупі туралы 1997 жылдан бастап ескерткен. Мен докторлық оқып жүргенде қарияның Қарасудағы медресесіне барғанмын. Сонда көзі ашық мүридтері «Азия және Африка» журналына шыққан уахабизм туралы зерттеулерді талдап отыратын. Ол кезде үкіметтік органдар мұндай қауіп барын сезген жоқ. Сопылар жабайы жолмен болсын уахабизмнің алдын алатын жүйелер жасап тастады. Осының арқасында мыңдаған жастар қауіпті ағымдарға ұрынбай аман қалды. Мұны мойындауымыз керек. Сопылар қашан да ақидалық мәселеге тартысуға құлықсыз. Сол саланы арнайы оқуға да ықыласты болмаған. Олар рухтың эпитеттерін тірілтіп, соны тамашалауға құмар. Уахабизмді қоғамның тыныштығын бұзушы дұшпан деп қабылдайды. Бұл елге қауіп төнгенде сопылық ішінде автоматты түрде іске қосылатын механизм. Қазақ тарихын қарасаң, басқыншыларға қарсы көтерілістің көсемдері кілең сопы болған. 

– Біз білетін көтерілістің бәрінде батырлар жүреді емес пе?

– Советтер жазған тарих бойынша солай. Ал біздің әлі жазылмаған тарих бойынша басқаша. Көтеріліс ишан, сопы, молда, әулие, қалпелердің қолдауымен болмаса, соғысқа адам тарту мүмкін емес. Соғыста өлетін адам өзінің шейіт кететініне көзі жетуі керек. Ондай сенімді кісінің жүрегіне батырлар емес, қожалар институты дарытады. Жоңғар-қазақ соғысында сарбаздарға жігер сыйлап жүрген Бұхар жыраудың өзі – Көкілташты бітірген, Қарнақта имам болған ишан. Маңғыстау түбегінің де орыстарға ұзақ берілмеген себебі сол. Яссауи ілімінің ірі ошағы сонда болды. 1930 жылғы Созақ көтерілісін «Алла һу» көтерілісі деп те атайды. Алла һу – зікірде айтылатын мәтіннің бірі. Олар большевиктерді қырғанда олардың діни доктринасымен келіспегеннен соғысқан жоқ. Коммунистер қарапайым халыққа шектен тыс зорлық көрсетті. Ишандар ашық қиянатқа төзбеді. Қол жинап қарулы күреске көшті. Тағы бір дәлел. Қармақшыдағы Ақмырза Дамолла ишан көтерілісте большевиктер қолынан қаза тапты. Ишан оған дейін медресе ашып, бала оқытқан мейрімді молда еді. Қызылдар күн бермеген соң қару асынған сарбазға айналды. Сондықтан, сопылардың оккупанттармен күрескіш характерін ескеру керек. Қазір зікіршілер жоқ. Есесіне салафизм қаупімен бүкіл қоғам күресіп кетті. Үкімет алдын алуға қыруар қаржы бөліп жатыр. Соның өзінде эффектісі сопыларға жетпейді. 

– Зікіршілердің қай күрес тәсілі нәтижелі болды?

– Мәдени майдан. Немесе интеллектуалдық соғыста зікіршілер жеңді. Ең ірі айғағы – «Яссауи» вокалды тобының құрылуы. Исматулла қаридың ерлігі осы. Музыкалық арнайы білімі болмаса да, сондай ғажайып топты құрап шыққаны кереметке пара-пар. Соңғы 80 жылда қазақтың көңілінен, тарихи жадынан өшуге айналған хикметтерді оп-оңай тірілтіп алды. Тіпті жоқтан құрады деуге болады. Себебі вокалды топ құратындай алтын үлгісі де болған жоқ. Тіпті ана діни әуендерді қайдан тауып алғанына қайранмын. Профессионал әншілермен сазды әуеннің сәтті синтезі дүйім жұрттың жүрегіне тез жол тапты. Оған дейін хикметтер Яссауиді зерттеумен айналысатын ғалымдардың хоббиі сияқты боп қалған. Яссауитану бойынша жыл сайын бірнеше ғылыми еңбек қорғала береді. Қарапайым жұрт оның не мәнін, не сәнін көрмейтін. Мұның эффектісімен ойнауға болмайды. Хикметтер қазақ жұртының халықтық діндарлығын оятты. 

– Мысалы…

– Екінің бірі байқамайтын нәзік нәрсені айтайын. Салафтар дінді сырттан импорттайды. Сопылар іштен өндіріп, экспорттайды. Яғни ата-бабасының діни тәжірибесіне сүйеніп діни құндылықты елдің ішінен өндіреді. 

– Қызық анықтама екен. 

– Мысалы, зікіршілерді алайық. Исматулла қари бірде-бір шәкіртін шетелде оқытпаған. Керісінше ілімнің көзін қазақтың мәдени құндылығынан іздеді. Оқу дәрісіне Шәкәрімнің сопылық ғазалдарын кіргізді. Яссауидің хикметтерін жаттатты. Абай мен Мәшһүрдің ислам туралы өлеңдерін талдатты. Сыр бойы, Маңғыстау шайырларының еңбегін түгел қопарды. «Әулиелер әуезі» деген кітап шығарды. Шәкәрімнің рухани өлеңдерін жинап, «Иманым» деген атпен қайта шығарды. Кейін бүкіл деректі жинап, Шәкәрімнің екі томдығын жасады. Жұрт сандықта шаң басып жатқан, кілемді ілініп тұрған ескі кітаптарды оқуға тырысып, құндылық іздеді. Сопылар мәуліт мерекесін ерекше салтанатпен өткізетін. Сияр, қисса дәстүрін жаңғыртты. Мысалы «он сегіз мың ғалам пайғамбардың нұрынан жаралды» деген Нури-Мухаммад концепциясын осылар ғана айтады. 

– Мәулітті ҚМДБ да тойлап жүр ғой…

– Иә, әрине тойлайды. Бұл жерде оның ерекше салтанатпен аталып өтетініне назар салып отырмын. ҚМДБ мәуліт мерекесінде Яссауидің хикметін, Шәді төренің «Назым Сияр Шәрпін» оқымайды ғой. Сопыларда бұл жолға қойылған. Сенбесең, Құрбанәлі ишанның мәуліт мерекесіне қатысып көр. Шәдінің сияр жырлары оқылады. Ұлттық реңі басым. Халық пайғамбарды өзінің бабасы сияқты қабылдайды. Ал басқалардікі сырттан келген діни фестиваль сияқты өтеді. Осы жерде Құрбанәлінің бір ерлігін айтайын. Ол халыққа арнап Шәдінің «Назым Сияр Шәрпін» кітап қылып шығарып, насихат жолына қойды. Ал басқалар мұндай құндылықты емес тек шетел ғалымдарының ақида мен фыһққа қатысты еңбектерін аударады. Ол жалпы жұртқа жетпейді. Зиялы ортаға қызық емес. 

– Неге олай ойлайсыз? 

 – Діни білімнің өзінен діни тәжірибесі қымбат болады. 

– Не үшін?

– Себебі ілімді игерген соң оның соңы немен бітерін білмейсің. Мысалы, бір жігіт 15 жыл оқып ғұлама атанып келеді. Бірақ бала оқыта алмайды. Себебі үйреткен ғылымының 20 жылдан соң қандай құбылысқа айналарын білмейді. Құран аяттарын таяз ұққан жұрт оны теріс мақсатта пайдалануы мүмкін. Мүлде кері толқын тууы кәдік. Ғұламалар осыдан тәжірибе жинайды. Академиялық білімде оған «діни тәжірибе» деп бөлек ат берген. Яғни «оның білімі бар ма?» деген сұрақпен бірге «діни тәжірибесі бар ма?» деген сауал қатар қойылады. Қазақ исламында бұл тәжірибенің бәрі қожалар институтында болған. Олар халыққа қай ақпаратты тарату керек, қай шарттарды өз ішінде ұстану керек соның бәрін меңгереді. Себебі тұрмыс-тіршілікке жегілген жұрттың аят тәпсірлеп, хадис талқылайтын шамасы болмайды. Олар діннің құндылығын ғана тұтынады. Ғылымда оны «халықтық дін» деп атайды. Ол киелі салттармен бірге өмір сүреді. Сондықтан ел ішіне діни мазмұндағы қисса, дастан, жыр деген құндылықтар оңай таралады. 

– Халықты Құран мен хадиске сауатты қылса ше?

– Онда қоғам діни полимикадан көз ашпайды. Екінің бірі уағыз айтып, Құран тәпсірлейді немесе діни құндылықтың емес дін догмасының құрсауына түседі. Сол кезде бәрі кері кетеді. 

– Бірақ бізде мешіттерде елдің діни сауатын ашатын курстар бар ғой?

– Ол – белгілі бір дәрежеде дұрыс. Бірақ имамдар осы жерде ірі қателік жібереді. Діни тәжірибе деген түсінікті ескермейді. Бәрін басынан бастаймыз деп ойлайды. Барлық ілімді халыққа үйретіп жібереміз деп сенеді. Соның кесірінен діни айтыс-тартыс шегінен шығып кетті. Кей имамдар өте сауатты. Каирде 14 жыл оқып келгендері де бар. Осынша уақытта игерілген күрделі ғылымды күн көріспен шапқылап жүрген қалың елге үйрету мүмкін бе? Олар дәстүрлі қожалар мектебінің діни тәжірибесіне сүйенсе, қоғамда дәл мұндай діни полимика болмас еді. Шариғатты шақтап, құндылықты есепсіз беру керек. Сопылардың ұтатын жері осы. 

– Стихиялы жолмен құрылған сопылардың мемлекет қолдауындағы ҚМДБ-мен бәсекеге түсуінің себебі осы ма?

– Иә, 2005 жылы имамдар Елбасымен кездескенде «сопылар бізге кедергі келтіріп отыр, жұмыс жасатпайды» деп шағымданған. 5 жылдан соң сопылар тарады. Бірақ одан имамдар ешқандай пайда көрген жоқ. Керісінше салафизммен күрес он есе ауырлап кетті. Мешітке құндылық іздеп баратын сауатты жастар догмалық тартыстан шаршамайтын салафиге айналды. Жұма намазда минбардағы имамға «сақалың қайда? Неге біз ханафимен жүруіміз керек? Ақиқат жол ханбали мазхабы» деп бүлік шығарған видеолар интернетке толып қалды. Имамдар сопылармен жылап көрісетін болды.

– Сонда не істеу керек еді? 

– Үкімет «бір дін – бір мазхаб» деген концепция ойлап тапты. Оны күштеп ендіріп жатыр. Ақыры осы идея жүзеге асатын болса сопыларға да мешітте хикмет айтып, ғазалдарын оқуға мүмкіндік беру керек. Олар да – ханафи мазхабы. Олардың да діни тәжірибесіне сүйенбей болмайды. Осындай қадамға бармаса, саны аз сауатты имамдар фанатизмге ұрынған тобырдың қоршауында қалады. Себебі өз бетінше хадис жаттап, үкім беретін надандар тез көбейеді. Ал бір имамды оқытып шығаруға кемі 8 жыл уақыт керек. Имамдар мешітте Яссауи, Бақырғани, Сопы Аллаяр, Физули, Науаи, Румиді айтып отырғанда көзі ашық адамдар мешітке ағылар еді. Жұмада сауаттылардың саны басым болса балағы қысқа бауырларына мәдени ықпал етпей қоймас еді. 

– «Хадис жаттап үкім береді» деп айтып қалдыңыз. Бұл тенденция қалай басталды? 

– Діни тәжірибенің жоқтығынан. Хадис мәтінін ақылмен тексерместен, тура мағынасында түсініп, бұлжытпай орындайтын фанаттар 8 ғасырда-ақ проблема туғызған. Әбу Ханифа бастаған ғұламалар осыны көріп, тәжірибе жинайды. Хадисті сүзгіден өткізетін механизм жасады. Әсіресе, адам тағдырына тікелей әсер ететін мәселеде хадиске қарап үкім бермейтін. Негізінен Құран аятынан алды. Кейін бұл тәжірибе Орта Азияға ауысты. Самарқан, Бұқара, Түркістанда бала оқытқанда хадистануды ең соңғы курсқа апарып қойды. Шәкірт құндылық сіңіріп, көкірек көзі ашылып, хадистің мәніне бойлай алатын кемелдікке келгенде бір-ақ оқытатын. Сондықтан, революцияға дейін хадисшілдік проблемасы асқынған емес. Бұқара халық қиссасын тыңдап, салт-дәстүрге сүйеніп, мұсылмандық өмірін мәнмен сүріп кете берді. Ал біздегі имамдар осы тәжірибелерді ескірген деп ойлайды. Осының зардабын өздері тартып отыр. Сопылар өндірген рухани інжу-маржанды қажет етпеді. Тек ақида мен фыһқ жайлы кітап шығарып, уағызды көбейтіп еді діни тартыстан көз ашпай қалды. Сондай телегей теңіз білімдерімен сақал мен балақтың пәтуасын іздеуден аса алмай қалды. 

– Бізден басқа түркі бауырлары діни тәжірибесіне сүйене ме? 

– Әлбетте. Менің ұстазым Кемал Зейбек бірде бүй деген: «Имамдардың оң қолында Құран, сол қолында Диуани Хикмет тұру керек. Сонда ғана даудан ада болады». 2011 жылы салафилер қолынан қаза тапқан Татарстанның найб-мүфтиі Уалиолла Якубов 2003 жылы Түркістанға келгенде «бізде әр татардың үйінде Құранмен бірге «Диуани Хикмет» ілініп тұрады. Неге сендерде Диуани Хикмет оқу жолға қойылмаған?» деп таңғалып кеткен. Біздің имамдар Диуани Хикметке құндылық көзі ретінде қараса, мың жылдық діни тәжірибе тіріле бастайды. Бұқара халық пен көзі ашық қазақтарды саптарына тез тартады. Кезінде зікіршілердің мықты болатыны сол. Аз санмен көпті састыратын. Ал жұрт «зікіршілер көзі ашық, оқыған азаматтарды гипноздап қатарларына тартып алыпты» деп даурықты. Даурығатын түк жоқ. Қазақтың рухани жады мен ұлттық генофондта Диуани Хикмет тұр. Әрине жанына жақын хикметті тыңдағанда қазақтың рухы оянады. Яссауиден бастау алған барлық түркі шайырының ғашықтық ғазалдары минбардың биігінен естілсе оқыған азаматтың бәрі сол жерден табыларына күмәнім жоқ. Осылар айтылмаған соң оқыған азаматтар ой қуатын күшейту үшін батыс философиясына бет бұрып кетті. 

– Сонда біздегі діни проблема Яссауидің тұлғасын, тарихтағы орнын, діндегі қызметін, рухани дәрежесін, қалдырған мирасын жете танымаудан шықты ма?

– Солай десе де болады. Осыны талай рет айттым, жаздым. Бәрібір молдалар Яссауиді исламға жанама қатысы бар көп сопының бірі деп қабылдайды. Яссауидің көзі тірісінде Ислам әлемінің берген атағына қараңыз. Әзірет Сұлтан, Пир-и Түркістан, Сұлтан-и Түрік, Сұлтан ул-Арифин, Ахмад-и Сани, Құтуб-ул Ақтаб, Шайх-ул Машайық, Яссауи ата, Шаһиншаһ, Астана-и саадат, Қара Ахмет, Енді қара. «Сұлтан» титулын түркі патшаларына ғана қолданатын болған. Яссауидің қоғамға ықпалын көріп дәрежесін патшамен теңестірген. Яғни патшаларға патшалық қылады. Ахмад-и Сани деген атағына қара. Екінші Мұхамбет деген сөз. Яғни ғұламалар оның дәрежесін пайғамбарға дейін көтереді. Құтуб-ул Ақтаб – әулиенің ең биік сатысын білдіретін дәреже. Шайх-ул Машайық – ұстаздардың ұстазы деген атақ. Шаһиншаһ – шахтардың шахы деген құрмет. Сұлтан ул-Арифин – Құдайды танушылардың патшасы. Сұлтан-и Түрік – түркі халықтарының ұстазы. Пир-и Түркістан – Түркі жұртының рухани жетекшісі, көсемі. Әзірет Сұлтан – әулиелердің патшасы, Астана-и саадат – бақыттың қақпасы. Қара Ахмет – Ұлы Ахмет деген сөз. Осы атақтың бәрін Яссауи өзіне жапсырып алған жоқ, ғұламалар еріккеннен берген жоқ. Яссауидің ислам өркениетінің түркілік тармағын өркендеткені үшін берілген. 

– Онда неге «Яссауиді аскет, 63-тен соң Қылуетке түсіп, тәркі дүниелікке ұрынған» деп айтады?

– Осының бәрі Яссауиді оқымағаннан, зерттемегеннен шығады. «Ол дүниені тәркі қылған. Қоғамнан безінген, аскет. Құдайдың берген ғұмырына шүкірсіздік көрсетіп жер астына түскен» деген түсінікті совет ғылымы жасап берді. Салафилер советтік осы идеяны жалаулатып қайта алып шықты. Болмаса, 63 – шартты атау. «Елден безіндім» дегені дүниенің дау-шарына араласпаймын. Алаңсыз шәкірт тәрбиелеп, Құранның қойнауына сүңгумен боламын» деген ишара. Әрі мұны жеке миссиям деп ұққан, өзгеге таңбаған. Шәкіртінің ешқайсы 63-тен соң жердің астына түсіп, елден безіп кетпеген. Сосын бір нәрсе, Яссауи болмағанда біздер ханафи мазхабын қабылдап, матурудидің сенімін сіңірмес едік. Мәтіншіл танымға таңылып, қазіргі Саудия сияқты шариғатпен шектеліп отырар едік. 

– Саудияның несі жаман? Елге танымал бір ағамыз «Саудияда таухид бар. Сондықтан Құдай жерінің астынан мұнай шығарып қойды» деген жоқ па?

– Ақиқат жер асты байлығымен, мұнаймен өлшенбейді. Олай айтатын болсаң. қазба байлығы ең көп мемлекет – Ресей. Соған қарап Ресейде таухид бар деуіміз керек пе? Елдің мықтылығы әмәнда интеллектуалдық потенциалға тәуелді болады. Айқын мысалы: Израиль. Тақыр таста отыр. Бірақ олар мемлекет байлығы – адамның интеллектісі деп таниды. Ғылым-білім жағынан Израиль араб мемлекеттерінің алдына шығып кетті. Мұны ғылымда «үндеу философиясы» деп атайды. Мағынасы әрбір адам ішінде тұнып жатқан интеллектуал потенциалды қоғамға шығару. Яғни әр адамға Құдай ақыл-парасат нәсіп қылған. Яссауидің міндеті надандық пердесін жыртып, ақыл-парасат қойнауына жол салу. Интеллектің жауы әманда кібірлік пен дүниеқоңыздық. Яссауи оған пақырлық пен топырақ сипатты қарсы қойды. Адам осы екі сипатты денесіне дарытқанда өзін танымай қалады. Құдайдың «қазына аралынан» құндылықтарды халыққа тасиды. Осы құндылық тасушыларды Яссауи силсаласы деп айта салсаң да болады. 

– Бірақ бізде «Яссауи шейхтарының силсаласы (тізбегі) үзілген. Жария зікіршілер ілімді ижазатсыз (заңсыз)» таратты деген де әңгіме бар ғой. Оған не айтасыз?

– Силсала екі түрлі болады. Бірі шежіремен, тізбекпен келеді. Мүридтер ілім беруші ұстазын ұмытпай жазып отырады. Кімнен кімге ауысқаны көрініп тұрады. Екіншісі хикмет ілімін қажыр қайратымен игеретіндер бар. Немесе жария зікірдің бір шейхы өлсе, нақышбанди сияқты екінші бір тариқат ұстазынан ижазат алып-ақ жолды тірілте алады. Ұстазсыз үйренетіндерге Шәкәрім жатады. Ешқандай тариқатта жоқ. Ұстазы Абай. Өлеңінде пірмұған, шарап, жар дидары, шамға ғашық көбелек, сорлы бұлбұл сияқты сопылық сарын тұнып тұр. Керісінше бұл категориялар Абайда жоқ. Сондықтан, Исматулла қариды қазақ мәдениетіне қосқан үлесіне қарап емес, тізбегінің үзілгеніне қарап бағалау – ақымақтық.

– Сонда силсала да шартты ма?

– Иә, шартты талап. Мысалы, силсаласы үзілмеген, шежіресі түгел қожаларды да білем. Мәдени дүмпу туғызбаса. сол силсаладан не пайда? Оның шартты екені осыдан көрініп тұрған жоқ па? Яғни құндылықты силсала емес адам өндіреді. Ортағасырда талай соғыс, дүрбелең кезінде шейх опат болып, ижазат беріп үлгермейді. Пірсіз қалған шәкірттер басқа тариқаттан ұстаз тауып, ілімін күшейткен соң бұрынғы тариқатын тірілтіп алады. Абдал Халиқ Гиджуанидің атымен аталатын Ходжагания тариқатының пірі Әмір Құлал Бахауаддин Нақшбандидың ұстазы болды. Оған қоса Нақшбанди Халил ата мен Қасым шейх сынды Яссауи пірлерінен тағылымын алды. Бірақ уақыт өте келе жәһри зікірден гөрі хафи зікірге іш тартып жеке тариқаттың негізін қалады. Тізбекпен келе жатқан Әмір Құлалды емес екі ғасыр бұрын өмірден озған Гиждуанидің өсиетімен хафи зікірді кең насихаттауға күш салды. Мұны кейінірек Жәми, Мухаммед Парса сынды Нақышбанди шәкірттері еңбектерінде уайсийа жолымен тариқатты жалғастыру деп көрсетті. Уайсийа – пірден тікелей ижазат алмай-ақ бұған дейін өткен Пірді өзіне рухани бағдар санап соның жолын жалғастыру арқылы тариқат тағылымын жаңғыртуды айтады. Уәйіс әл-Қарани сынды әулие Пайғамбарды көрместен ғашық болып әулиелікке жеткен делінеді. Пайғамбар кейіннен шапанын сахабалардан беріп жібереді. Содан бастап хирқа кигізу сопылық жолды жалғастыратын мүршид атанудың символы боп қалды. Силсаласы үзілді деген Яссауи жолын Исматулла келіп жаңғыртып жатса бұған уайсийа құбылысы ретінде қарау керек. Зікірі, шілхана дәстүрі, нәпсімен күресу тәсілдері (риязат амалдары), Диуани хикмет тағылымын жаңғырту, қала берді Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп еңбектерімен жамағат рухын сомдауын Яссауи тариқатын тірілтуі деп бағалауға болады. Силсаланың шартты екеніне тағы бір мысал келтірейін бе? 

– Иә.

– Барлық сопылық тариқат өзінің ишандар тізбегін айналдырып әкеліп Яссауиге тірейді. Мысалы, шежірені Адам ата, Нұх пайғамбар, Әнес сахабаға тіреген сияқты. Бәлкім, бұл Яссауи абыройының тым жоғары екенін көрсетер немесе тариқаттар тоқсан тоғызға бөлініп кетпес үшін түпкі бірлікті сақтау ниетінде жасалған. Бәрі тізбегін Яссауиден таратады. Мысалы, Татарстандағы нақышпанди сопыларының иман шартын көрдім. Онда барлық сопыға Яссауи силсаласынан екеніне сену шарт болып саналады. Бұл дәстүр бізде жойылған. Қазіргі имамдар қазақ баласына ислам үйреткенде силсаланы иман шартына қоспайды. Бірақ фольклордегі «сұрақ-жауап» деген таным дәстүрінде бар. Алланың құлымын, пайғамбар үмбетімін, Адам ата ұрпағымын, Ыбырайым қауымынанмын, Имам Ағзам мазхабындамын, Матуруди сеніміндемін, Қожа Ахмет Яссауи силсаласынанмын деп айтады. Қожалар институты осы дәстүрді революцияға дейін қазақ танымына сіңірген. Тіпті беріге дейін кей қариялар айтып отырады. Имамдар осы дәстүрді тірілтсе халыққа бір табан жақындап, салафилермен күресте үстемдігі артар еді. Себебі бала күнінде сұрақ-жауаптың шет жағасын естіген қазақтар қазіргі имамдарды бөтенсіп тұрады. Түпсанадағы «баяғы атам үйреткен ілім бұларда неге жоқ» деген сұрақ жауапсыз тұра береді. 

– Жарайды, мұның бәрі адамға жағымды әсер етеді. Дегенмен сопыларды шариғатқа салақ, парыз үкімдерге жеңіл қарайды, намаз оқымайды деп те айыптайды ғой. Оған не айтасыз?

– Біріншіден, тариқаттың дұрыс, бұрыстығын пірге қарап анықтайды. Пір шариғат үкімдерін орындай ма, жоқ па? Зерттеуші ретінде олардың ханакасына талай барғам. Конференцияларына бірнеше рет қатысып, талай сын ескертулерде айтқам. Құлшылық уақыты болғанда жамырап Ханафи мазхабы бойынша намаз оқып жататын. Шейхтың мүридтерімен намаз оқып жатқан видеосы да жарияланды. Сопылықта мынадай түсінік бар. Намазда жүрегің дүние шаруасын уайымдап тұрса, құлшылықтан ләззат алмайсың. Жебірейіл періште пайғамбарға ИХСАНДЫ түсіндіріп, сабақ бергенде «Құлшылықта Алланы көріп тұрғандай, Алланы көре алмасаң, Құдай мені көріп тұр» деген хәлде мінәжат ет деген. Сопылықта мұны Алланы «хәзір-нәзір көру» дейді. Зікір алқасына жаңадан келген кісінің намазға құмарлығы табиғи жолмен оянғанша күтуі мүмкін. Себебі намазды асықтырып үйретудің бір зияны бар. Жамағаттың қысымымен намаз үйренген кей адам рақаты жоқ деп намазды тастап кетеді. Бірақ осыған қарап «сопылар намазды мойындамайды» деп үкім шығару жала. Тағы бір дәлел Исматулла қаридің «Жария зікірдің дәлелі» кітабы. Онда автор намазды Исламның бес парызының бірі ретінде анық көрсеткен. Қала берді мынадай хадис тағы бар. Бір кісі пайғамбарға келіп «Ислам жақсы. Ұнайды. Бірақ шариғат шарты тым көп. Бәрін бұлжытпай орындауға уақытым жоқ. Маған бір ғана бұйрығын айт. Бірақ ол Алланың барлық әмірінен мықты болсын. Соны жасап жүре берейін» дейді. Пайғамбар «Жақсы. Сен күні-түні тіліңмен зікір айтып жүр. Саған сол жетеді» дейді. Пайғамбар бұл жерде әдемі әдіс қолданған. Үнемі Алланы еске алатын адамның жүрегі жұмсарып, діннің басқа парызын махаббатпен орындауға ынтық болады. Яғни оны эволюциялық жолмен Исламға толық кіргізеді. Бұдан бөлек бала-шағасына қинап намаз оқытатын ата-аналар да бар. Олардың ұрпағы ержеткенде намазын тастап, дінді жек көріп кетеді. 

– Сонда Яссауидің өзі де шариғатқа бекем болған ғой…

– Иә, Яссауи хикметінде шариғатсыз тариқатқа өтуге қатаң тыйым салады. Шәкірт шариғат заңын игермей дәруішке айналмаған. Сыртынан қарасаң, жүн шапан киген бейшара болып көрінеді. Тілдессең, шариғатты шағып тастайды. Оны Англия тыңшысы Вамперидің «Орта Азияға саяхат» кітабында анық жазады. Дәруіштерді тексеру үшін Бұқараның молдалары шариғаттан сұрақтар қоятын болған. Сондықтан мазхабтың заңдарын бес саусақтай үйреткен. Яссауи Имам Ағзам жайлы «Сәбитұлы Нұғман» деген жырлар шығарған. Ең жақын шәкірті Бақырғанидің де Әбу Ханифаға арнаған хикметі бар. Жалпы Яссауи феномені сөз болғанда Әбу Ханифа мен Матуруди бірге айтылады. 

– Үшеуі үш дәуірде өмір сүрген тұлғалар. Олардың есімі неліктен бірге аталуы тиіс? Жұрттың көбі пайғамбардың атын білсек болды деп ойламай ма?

– Пайғамбар адамзатқа ислам өркениетін қалдырды. Құран деген мәңгілік кітабын мирас етті. Пайғамбарлық миссиясын адал атқарып, дүниеден көшті. Енді оның ілімін өзге жұртқа үйрету бөлек мәселе. Классикалық мәтінде «Ислам. Иман. Ихсан» деген түсінік бар. Исламды құқықтық тұрғыдан өзге жұртқа бейімдеген Әбу Ханифа. Яғни дін шартының кез келген әлеуметтік қатынасқа қайшы келмеуін реттеу. Қайшы келсе, бөтен жұрт дінді қабылдамайды. Екінші – иман мәселесі. Дін – абстрактілі ұғым. Оны Құранда ғайыпқа сену деп айтады. Яғни момындар ішкі әлемді игеруге міндетті. Ғайып сол іште жатыр: не нәрсеге сенеді және қалай сенеді? Егер бұл сатыдан сүрінсең Үндістан сияқты көрінген аңға шоқынып кетесің. Алысқа бармай-ақ христиан теологиясын қараңыз. Сенім мәселесінде мүлт кетті. «Киелі рух», «Ғайсаның сипаты» кім? деген сұраққа тұщымды жауап берілмеді. Ақыр аяғы ағашта асулы тұрған адамға шоқынатын болды. Имам Матуруди – осы нәзік жерден жүгі аумай аман шыққан нағыз ғұлама. Үшінші – Ихсан кезеңі. Құлшылық пен сенім шарты бекіген соң бұқара халықты мәдени өніммен өркениетке баулу керек. Мұны “құндылық кезеңі” деп те атай береді. Түркі әлемінде үшінші кезеңді Яссауи толтырды. Бір ғана мысал Құранның мәнін қорықпай түркі тілінде сөйлетті. Диуани Хикмет дүниеге келді. Түркі әлеміндегі барлық рухани құндылықтың іргетасында Яссауи хикметі жатады. Араб тілін білмейтін көшпелі халық Құраннан өз бетінше құндылық шығаруы мүмкін бе? Шет тілін меңгеру жолға қойылды деген қазіргі ғасырда кез келген қазақ Құран мәтінін оқи ала ма? 

– Осы жерде бір сұрақ бар. Яссауидің жаңа атағын тізіп шықтыңыз. Атағы жер жарған әулие болса, не үшін хикметінде өзін жерден алып жерге салып сөгеді?

– Сұрақты дұрыс қойдың. Кемшіліксіз нәрсе жоқ. Бүкіл сопылық тариқатта бір қателік бар. Ұстазын мінсіз көру. Мүридтер тариқат жетекшісін қателеспейтін әулие деп ойлайды. Көзсіз сенеді. Кез келген ісінен керемет көргісі келіп тұратын ауруға ұшырайды. Кезінде Халладж да осыдан жапа шеккен. Бірде мешітте құптан намазын оқып, тәспі аударып отырады. Бір саудагер кіріп келеді де «зекет берейін» деп едім, кімге қалдырайын» деп сұрайды. Халладж кілемнің шетін көтеріп «мына жерге тастай сал» деп ымдайды. Саудагер алтын теңгені тастап кетіп қалады. Ертесіне таңнамаздан соң Халладж имамға барып «кеше біреу зекет қалдырған. Соны алыңыз» деп кілемді көтеріп, зекетті береді. Артынша қалада «Халладж кілемнің шаңынан алтын динар шығарады» деген әңгіме гу ете қалады. Осындай жалған кереметті Халладждің өзі тоқтата алмаған. Тура сол сияқты барлық тариқаттың пірі жайында болмаған кереметтер қаптап жүреді. 

– Исматулла қариға қатысты айтылатын осындай «кереметтер» көп қой. Бұл да солай ма?

– Иә. Тіпті өз құлағыммен естігем. Ауған соғысында бір снаряд аяғының астына түсіп жарылмай жатып қалады. Қарияның өзі «Алланың есімдерін көп айтушы ем. Соның шарапаты ма, сол жолы Құдай сақтады. Снаряд бірнеше минуттай пышылдап жатты да жарылмай қалды. Атып тұрдым да «Субуханалла» деп үстімді қақтым да, кете бердім» деген. Осы әңгіме ақыр аяғында мүридтер арасында мистикаға айналып, кереметке телінді. «Ұстаз снарядты жайнамазымен ұрып тоқтатыпты» деп тарап кетті. Қарияның өзі мұндай әңгімелерді тоқтата алмайтын. Мүридтері бәрібір керемет көргісі келіп тұрады. Тіпті Яссауиге қатысты мистикалық кереметтің көп болуы да осы психологиядан шыққан. Әйтпесе хикметінде ешқандай кереметі жайлы жақ ашпайды. 

– Ал ютубтағы видеода Исматулла қари «Құлағыма пайғамбар сыбырлады» деді ғой. Бұл кереметке жатпай ма? Өзін әулие қылып көрсету емес пе?

– Жоқ. Бұл құбылыс мистикадан гөрі психология мен философияға жақын. Момындар құпия зікірге отырғанда түпсанасына үңіледі. Кімді жақсы көрсе, соны көріп әсерлескендей болады. Философияда оны «рухтар бірлестігі» дейді. Қария шамасы пайғамбарға салауатты өте көп айтқан. Сондай сәтте түпсанада рухани құбылыс болады. Шынымен де пайғамбар сөйлеп тұрғандай әсер етеді. Мұндай оқиға исламның діни тәжірибесінде көп кездеседі. Тіпті Мұхамбет пайғамбардың миғражға ұшып, Құдайға қонақ болуы да осындай ахуал. Миғраж басқа бір планетада болып жатқан жоқ. Пайғамбардың түпсанасында жүріп жатыр. Бұл із Яссауиде де бар. Миғражға барып пайғамбар рухымен тілдеседі. Яғни түпсанасында пайғамбардың рухымен әсерлесіп жатыр. Біз мұны керемет деп емес, рухтың мүмкіндігі деп қана танимыз. Адамның мұндай хәлін академиялық білім зерттеу алаңына ала береді. Енді Шәкәрімге келейік, ол да Қожа Хафиз, Қорқыт атамен тілдестім дейді. Онан қалды қазақ жырауларын қарасаң бәрі бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай «түсіме Қызыр келіп «өлең аласың ба, көген аласың ба» деп айтты» дейді. Мұның бәрін кереметке балаудың керегі жоқ. 

– Сонда мүридтер ұстазының рухани хәлі мен мистикалық кереметті араластырып жібере ме?

– Иә, дәл солай. Барлық проблема ұстазды мінсіз деп танудан шығады. Бұл қателікке ұрынбаған сопылық тариқат жоқ шығар, сірә. Тіпті ұстаздың қате қадамының мағына, мән іздеп «біз ұқпайтын мұнда бір сыр бар» деп ақтап алады. Ең қауіпті тенденция осы. Ұстаздың қателігін талқылаған мүриді жамағаттан қуып, шеттетеді. Мұны барлық сопылық тариқаттағы «Ахилес өкшесі» деп атар едім. Бірақ нағыз пірлер осыны ескереді. Өзін мейлінше қарапайым, қарабет пенде етіп сипаттауға тырысады. Осы жерде бағанағы сұрағыңа келейік. Яссауи Диуани Хикметте өзін қадірсіз топырақтай, күнәсі көп ғапылдай көрсетеді. Тіпті «мен өлген соң мүрдемді құрметтеп жерлемеңдер. Ғапыл денемді ит тартып кетсін» дегенге дейін барады. Осының бәрі жалған кереметтің алдын алу үшін жасалады. Руми де осыған орай «нағыз ұстаз мүридтердің өзінен жасаған пұт-құдайын қиратумен шұғылданады» деген. Мүридтер керемет күтіп тұрғанда ол аяқ астынан ақымақ адамның тірлігін қылады. Пірдің осы әдеті уақыт өте келе Қожанасыр хикаяларына айналады. Қазір әлеуметтік желіде нақышпанди сопыларын бақылап отырам. Олар да пірлерін ұлықтауды жолға қойған. Мінсіз адам деп санайды. Қателеспейді деп ойлайды. Егер осы бағытта кете берсе зікіршілердің кебін киеді. 

– Сонда қателік ұстазын мінсіз санаудан басталады екен ғой, иә?

– Ол – бір қыры. Бұдан бөлек сопылар ғана емес барлық діни жамағат ұрынатын бір қателігі бар. «Ең ақиқат ілім бізде» деген күпірліктен айықтыра алмайсың. Зікіршілер де осы доктринасымен абыройсыз болды. Бір шетінен оларды да түсінем. Ұстазынан шығыстың бүкіл шайырының мистикалық ғазалдарын үйренгенде еріксіз сондай эйфорияға түседі. Қала берді салған зікірлерінің де хикметпен дәл үндесуі көңілін өсіріп жіберді. Бірақ біртарапты кетуге болмайды. Үкімет органдары да оларға кедергі келтірді. 

– Қалай кедергі келтірді? Үкіметтің не қатысы бар?

– Біріншіден, салафизммен күресте біраз пайдаланды. Үкіметтік органдар тек зікіршілерді қолдап тұрғандай атмосфера туғызды. Теке-тірес әбден қызған шақта оларды аяусыз талқандады. Әйтпесе нашақор жігіттер 1999 жылы зікір алқасында еріксіз отыратын. 2003 жылы подвалда қамауда жатты. Осы себеппен оларды соттау керек болса сол жылы-ақ соттар еді. Шейх те, мүридтер де осыған қарап өздерін үкіметтік орган сияқты сезініп қалды. Ұстаз оларды өлсе де маңына жолатпау керек еді. Себебі құбылмалы саясат пен мәңгілік ілімнің бастары бір қазанға сыймайды. 

– Қалай ойлайсыз, сопылар бұл қателіктен сабақ ала ма?

– Алады. Ол да тарихи эволюция. Сопылық тарихы осылай қалыптасқан. Зікіршілер Х ғасырда бірінші рет феномен ретінде көрінгенде тура осылай шалыс басқан. Мистикалық тәжірибесін ашық көрсеткен. Содан айтыс-тартыс туған. Кей сопылар «нағыз сопы керемет көрсетпейді. Көрсетсе, етеккірі келген әйел сияқты Алладан алыстайды» деп уәж айтқан. Діни тәжірибенің жоқтығынан Халладж сияқты сопылар «Әнәл-Хақ» деп ашық айтып, традиционалистердің қолынан өлді. Кейін Ғазали Халладжды ақтап бұл хәлін күпірлік емес, қателік деп анықтады. Бірінші рет Жунаид бастаған ақылды сопылар осы мәселені реттеуге кірісті. Рухтың мас хәлінде бастан кешетін сезімдерін шариғатпен негіздеу дәстүрі басталды. Сопылық исламның ең көрікті, ажарлы тармағына айналды. Тіпті “исламның жүрегі” деп те атайды. Сопылықтың классикалық мәтіндері пайда болды. Сол себепті ғалымдар Яссауи жолын «рационалды суфизм» немесе «интеллектуал суфизм» деп атайды. Мағынасы зікірден шыққан соң мас адам сияқты ойына келгенін істеп кетпейді. Ақылды, сабырлы хәлін жоғалтпайды. Міндетті түрде діни тәжірибесіне сүйеніп артында жазба еңбектер қалдырады. Оны қазақта «артында өлмес сөз қалдырды» деп айтады. 

– Яссауиді сынаушылар көбінесі мынадай аргументтер келтіреді. «Мәдинада Мұхамбет, Түркістанда – Қожа Ахмет» деген тіркес дұрыс емес. Яссауиді пайғамбармен қатар атау адасушылық» дейді. Осыған не айтасыз?

– Бұл жерде бұрмаланған діннің догмасын көріп тұрған жоқпын. Иман шартында «Мәдинада – Мұхамбет» дегенге ешкім жалғанбасын деген нұсқау тұрса, догма ретінде қабылданады. Бұрмалауға ешкімнің ақысы жоқ. Бұл идентификацияға, рухани шежіреге жатады. Пайғамбар керуеніне кім қай тараптан жалғанғаны көрініп тұрады. Мысалы, «Мәдинада – Мұхамбет» деген тіркесті «руханияттың басында пайғамбар тұр. Руханияттың көшін сол бастайды» деп түсінген абзал. Онан соң «Түркістанда – Қожа Ахмет» дегені өркениет көшіне түркі жұрты да ілесті деген символ. Әрі қарай әр аймақ ілімді игеруіне орай рухани шежіреге жалғана береді. Мысалы, «Маңғыстауда – Пір Бекет» дейді. Алматыда «Жетісуда – Райымбек» деп қосады. Батысқа барсаң, «Жұмағазы хазірет» деп жалғанады. Сыр бойына «Мүсірәлі қожа», Арал-Қазалыға өтсең «Жанқожа» деп қоса береді. Пайғамбардың көшіне ілесуді «күпірлік» деп танимыз ба, сонда? Есі дұрыс адам бұған мақтанбай ба? Керісінше көшке ілескен әулиелердің аты-жөні азайған сайын қорқу керек. Тіпті «рухани тізбек неге тоқтап қалды? Неге жаңа есіммен толықпай жатыр?» деп уайымдау керек. 

– Ал екінші Мекке дегенді қалай түсіндіресіз?

– Бұл – түсіндіруді қажет етпейтін нәрсе. Егер Түркістан бірінші Мекке десе, дау шығаруға болады. Екінші Мекке дегені – бірінші Меккеге құрметтің көрсетілгені. Ал екінші дегені бұл да сондай ілім шыққан, ілім тараған киелі мекен деген символ. Яғни Меккенің дубликаты сияқты нәрсе. Мысалы, татарларда Троицк қаласын екінші Мекке деп айта береді. Әр ұлыстың Мекке сияқты ардақтайтын киелі мекені болады. Бұрын бұл қалыпты қабылданатын. Салафилік тенденция күшейген соң тарихи танымның бәріне осындай ревизия жасалды. Біздегі діни телеарна да осыны арнайы мәселе қылып, студия қонағының аузына салып, жарты сағат ерінбей талқылайды. Қонағы «Мекке әманда біреу» деп аяқастынан жаңалық ашқан болады. Бұған күлеміз бе, жылаймыз ба? Дені дұрыс адам біздің елде Мекке сияқты ілімнің нұрын шашқан рухани қалалар бар деп мақтанып айту керек. Бұл да бір өзін қор сезінудің діни форматы деп ойлаймын. 

– Диуани Хикметті Құранға теңеді деп сынайтындар бар? Бұны да тура түсінуге болмай ма?

– Жалпы Құранды аударудың екі түрі болады. Біріншісі академиялық сөзбе сөз аударма. Бұл жерде Құранның әрбір әрпіне асқан сақтықпен мән береді. Екіншісі – мағыналық аударма. Құран ішіндегі аксиологиялық, яғни адамгершілік құндылықтар мен принциптерді ана тілінде насихаттау. Надан жұрт былай ойлайды: «Құранды аударса, иман шарттары ауысып кетеді, дін догмасы бұрмаланады». Діни доктриналар әманда саяси себеппен бұрмаланады. Бір халифтің тұсында екі тарап келіспей қалады. Бір әулет бір әулетті қуғындайды. Екі жақ өзінің саяси лидерін лигитимдеудің жолдарын іздейді. Орта ғасырда бұл тек діни мәтіндермен іске асқан. «Елу жылда – ел жаңа» деген. Елу жыл өткен соң саяси ұстанымдар иман шарттарына догма ретінде кіреді. Оның ең үлкен мысалы шиғалардың Әлиді шектен тыс ұлықтауы. Бұл діни емес, саяси бөлініс. Керісінше Яссауи сияқты ғұламалар Құранды мәндік тұрғыдан аударғанда үмбетті біріктіріп алады. Мысалы, сопылар елді дінге шақырғанда Алланың дидарына ынтық қылады. Құранның осы аятына басымдылық береді. Олар «бұ дүниеде қызық жоқ, зікірден басқа. О дүниеде қызық жоқ, Алланың дидарынан басқа» дейді. Байқасаңыз, мұсылмандар саяси себеппен қырық пышақ қырылып жатқанда сопылар махаббат феноменін жырлаумен оларды біріктіреді. Діни сенімі үшін дұшпанынан қуғын-сүргін көретін діни азшылықтар сопылардан пана табады. Мысалы, қазір Ауғанстанда сопылық мектептер жоқ. Бәрін діни фанатизм талқандады. Саяси себеппен мұсылмандар бірін бірі қырып жатыр. Сондықтан Ауған үкіметі бұрынғы сопыларды қайтадан шақырып, қолдау көрсетіп жатыр. Себебі бөлшектенген үмбетті басқаша біріктіре алмайды. Құранның адамды алаламай біріктіруші функциясын жүзеге асырғаны үшін сопылардың ғашықтық ғазалдарын екінші Құранға теңейді. Мысалы, түркі халықтары Диуани Хикметті «Дафтари сани, «Түрки Құран» деп дәріптейді. Арабтар Имам Ғазалидің «Ихиау улумуддин» еңбегін «Құранның көшірмесі» дейді. Парсылар Мәулана Румидің «Мәснауиін» – «Құранның мәні» дейді. Хафиздің де ғазалдарын солай айта береді. Егер «Хикмет екінші емес, бірінші Құран. Жебірейілден уахиді бірінші болып пайғамбар емес, Яссауи алған» деп таласып жатса, дауласуға негіз бар. Бәрі орын орнымен тұрған жоқ па? Пайғамбар, Құранмен кім таласып жатыр. 

– Ал қылует ше? Қырық күн оңаша кететін шілхана практикасы ше?

– Қарапайым бір факті. Мұхамбет пайғамбар ең бірінші уахи алғанда қай жерде, кімдермен отыр еді? Оның тарихын бәрі біледі. Пайғамбар Хира тауының үңгірінде оңаша медитация жасап отырды. Уахи сол сәтте түсті. Бұдан шығатын қорытынды: пайғамбар сүндеті бойынша жүрек көзіңді ашқың келсе оңашада үнсіз отыр. Ал қырық күн Құрандағы практика. Мұсаны кемелдікке келтіру үшін қырық күн Тұр тауында ұстайды. Сопылар осыған қарап шілхана практикасын оқу жүйесіне енгізді. Бірақ бізде шілхана практикасын жария зікіршілер тұрақты қолданды. Ал нақышбанди сопылары қазір қолданбайды. Олар рухани дәрежені пірдің назарынан табамыз деп ойлайды. 

– Диуани Хикметтің түпнұсқасы жоқ. Қолда бары бертіндегі көшірмесі деп айтады. 

– Иә, ол пікірді бұрыннан білем. Кейбірі хикмет мәтіні оригинал емес деп айтады. Біздегі нұсқасы көшірмесі дейді. Біріншіден, «қолдағы хикмет дұрыс емес» деп айту үшін оның да қолында салыстырып қарайтын ең көне нұсқа болуы шарт. Екіншіден, хикметтің мәні «Құран рухымен үндесе ме әлде қайшы ма?» деп тексеруі керек. Хикмет Құран рухына қайшы болса, оның түпнұсқа мәтінін де ала алмайсың. Үндесіп жатса соңғы нұсқасын неге пайдаланбасқа. Көнесі табылғанша қолда бары ғылыми айналымда жүре береді. Әрбір деректің түпнұсқалығына сүйеніп, құбылысқа мәтінді ғана факті ретінде алу ориенталистердің методы. Хикметтің түпнұсқасы беріден табылса да, халық жадында ілкіден бар. Сонда не, 12 ғасырда жазылған нұсқасы табылмаса, Яссауи ілімінен бас тартуымыз керек пе? Қазір Батыстағы теологтар жаңа әдістерді қолданып жатыр. Кітап мәтіні табылмаса да, феномен ретінде көрініп тұрған рухани ұғым мен категорияларды зерттеу компоненті етіп көрсете береді. Себебі кезең мен дәуірді кітаптар емес, діни санадағы сабақтастық жалғап жатады. Өз басым кітаптардың болғанына күмәнім жоқ,бірақ большевиктердің жаппай кітап жойғанын ескерсек, мәтіннің түгел болмауын қалыпты деп санаймын. 

– Дұрыс айтасыз. Ғалым ретінде сізден осындай жауапты күткем. Бірақ соңғы кезде Яссауи болмысына қатысты түсінбеушілік сұрақтар, айтыс-тартыстар, діншілдер тарапынан сындар неге көбейіп кетті? Әлде бұрынғы қазақ қоғамында да мұндай айтыс-тартыс болып па еді? 

– Қазір дін үйренетін қазақ бозбала күнінен сырттан импортталған діни орталыққа түседі. Оқуын шетелде жалғастырады. Ол жақта иман мен исламға қатысты дін шарттары ортақ бола береді. Әбу Ханифа мен Матуруди сенімін Каирден де оқып үйренеді. Елге келген соң халықтың діни сауатын ашамын деп ойлайды. Халықтың діни танымы Яссауиге жалғанған. Ұстанатын діни дәстүрі таза түркілік. Мысалы, біреу марқұм анасына жеті шелпек пісіріп, құдайы тамақ береді. Немесе наурыз көжеге құран оқып беріңіз деп молданы үйіне шақырады. Молда «бұл – исламда жоқ» деп дүңк еткізіп қойып қалады. Дихатомия осылай басталады. Халық пен діни орталық екіге жарылады. Кей надандары мұнымен де тоқтамай Яссауиді сынау, адасқанға балау, Исламға жанама қатысты етіп көрсету, шамандықпен, буддамен байланыстыру акциясына араласады. Абай айтқандай, барлық жақсылықтың жауы – надандық. Барлық надандық оқымағаннан, білмегеннен шығады. «Қашаған мен Базар жырауды жын иектеген» деп түсіндіру сауаттылықтан шығады деп ойлайсың ба? Яссауиді адасқанға балап отырған діншілдің түбін тексерсең қазақ тарихы, мәдениеті, әдебиеті, этнографиясы, фольклоры, философиясынан бейхабар біреу боп шығады. Қазір дінтану әбден тереңдеп сан салаға бөлініп кеткен. Түркия сияқты оқуы озық елдер дін социологиясы, дін психологиясы, дін аксиологиясы, дін философиясы сияқты тармақтарын терең зерттеп айналымға салып отырады. Салмаса діни жамағаттар тұйықталып, өркениет динамикасына ілесе алмайды. Біздегі сауатсыз діншілдер Исламды әліге дейін уағыз бен тәпсір деп түсінеді. Тіпті қарапайым жыр-терме, ән-күйді жатсынып тұрады. Яссауи жайлы зерттеулер, диссертация, монографиялармен таныспайды. Сөйте тұра Яссауи жайлы айта береді. «Яссауиді оқыған сайын бір қате табамын» деп жұрттан «сүйінші» сұрап отырады. Расымен қате тапса соны ғылыми негіздеп, ғылыми айналымға ұсынбай ма? Осының бәрі дін оқуын оқымай тұрып, мыңдаған жыл бойы сұрыпталып, сүзіліп, түзілген мәдени қабаттағы жыр, дастан, аңыз, қисса, ертегі сияқты құндылықтарды санасына сіңірмегеннен болады. Осының кесірінен құндылық өндірудің орнына керісінше бұрынғы барды қиратып жібереді. 

– Жақсы. Бірақ кей имамдар қазақ жырларында шиғалық сарын басым деп ойлайды. Оны оқыса шиға болып кету қаупі бар дейді. Бұған не дейсіз? Расымен қауіп бар ма?

– Біріншіден 21 ғасырды айтпағанда ортағасырдың өзінде мәдени кеңістіктер тұйықталып тұрмаған. Мәдени-әдеби ауыс-беріс-түйіс тоқтаусыз жүріп жатты. Бір елдің өндірген қисса-дастаны екінші елге нәзира дәстүрімен жұқты. Оның принципі былай. Дастандағы кейіпкердің аты мен заты ғана қалады. Қалған бітім-болмысын өзінің мәдениетіне бейімдеп алады. Қазақтың ауыз әдебиетін қарасаң, расымен де, Әлиді ұлықтайтын шиғалық элементтер толып жүр. Кербаланың шөлінде шейіт болған Хусейнді жыраулар жырлаған. Халық ағыл-тегіл әсер алып жылай береді. Бірақ олар шиға болғандықтан жыламайды. Ет пен сүйектен жаралған адам болғасын жылайды. Жазықсыз жапа шеккен адамның қазасы жүрегін ауыртады. Бұл таза психологиялық фактор. Сонда не, қазақтар сунни болса Хусейіннің өліміне қайғырмау керек пе? Одан әсер алып жыламау керек пе? Жыр таңдап отырғанда ішінен «мен суннимін, менің ақидама келмейді» деп бедірейіп бейтарап отыру керек пе? Солай мүмкін бе? Бізде шиғалық элементтер діни доктрина ретінде бекітілмеген. Иман шартына енгізілмейді. Себебі Самарқанағы Матуруди мектебі оларды сенім аймағына өлсе де кіргізбеген. Аксиология ретінде өте береді, сенім түрінде кірмейді. Қай қазақты көрдің, Кербаланың шөлінен соң шиғалар құсап үсті-басын сабап, азап тартып жүрген? Иранда бұл діни мәтінге кіреді. Сенім ретінде бекиді. Барлық шиғаның Хусейінді жоқтап азап тартуы парыз болып жүктеледі. Олар мұны жырдың әсерінен істемейді. Ақиданың күшімен солай жасалады. Осындай нәзік нәрсені сауатты имам айыруы тиіс. Айырмаса, жұртты аксиологиядан кесіп тастайды. Мысалы, мен Теодор Драйзердің квакерлер жайлы «Оплот» деген шығармасын оқып қатты әсер алдым. Кітаптың соңында ең соңғы квакерді өлімге қимай әбден жыладым. Осыдан соң мені квакер деу керек пе? Немесе Толстойдың қысқа әңгімелері Інжіл аяттарымен басталады. Соны оқыған қазақтар православ шіркеуіне барып шоқынып жатыр ма? Яссауи вокалды тобын тебіреніп тыңдайтын адам көп. Бірақ олардың бәрі зікірші емес қой. Егер шиғалық әдебиетке тыйым салынатын болса жалпы әлем әдебиетіне тыйым салынуы керек. Тұран мен Иран ежелден аралас-құралас мәдениет. Арадағы байланыс мәдени ықпалдыстық түрінде жүзеге асты. Бірақ теологиялық негізде шиғалық догмалар бізге жұққан жоқ. Тек «әһлі бәйітке» деген құрмет ауыз әдебиеті арқылы жайылған. Суннилік шеңберден аспайтын дәрежеде насихатталады. Пайғамбар әулетіне деген құрмет шиғаларда ғана емес әһлі суннаға да ортақ. Біздегі қожаларды да құрметтеу осы көзқарастан шыққан. Әдебиет оқып шиға боп кетеді деген үрей болса, онда әлем әдебиетін оқып христиандыққа өтіп кетеді деген қорқыныш қатар жүруі керек. Жалпы мен осындай пікірді естігенде діннің алтын қағидасын көрмеймін. Барлық әулие-әнбие «адамнан айырмашылық емес ұқсастық ізде» деген. Кез келген жыр өзінің сенімін өткізуді көздемейді. Адамзатқа ортақ қайғы мен мұңды, азап пен шерді, шаттық пен қуанышты, махаббат пен парасатты насихаттайды. Қисса-дастаннан, әдебиеттен орынсыз үрейлену ақырында мынаған соқтырады. Молдалар он жылдан кейін жұртты әдебиет оқымауға шақыратын тенденцияны бастайды.Тарихтағы кітап өртеу деген надандық осылай басталған. 

– Соңғы сұрақ. Неге соңғы уақытта буквализм белең алды? Екінің бірі Бухаридің білгірі. Қисса, аңыз, жыр-дастан айтсаң түбінен хадис іздеп отырады? Тіпті академик ғалымдардың өзін сөйлетпейтін жабайы дәстүр шықты? Осыған не айтасыз?

– Мен мұны мемлекетшіл санадан тарқатар едім. Дінге дейін мемлекет құрған империялар тәжірибе жинап алады. Көне империяларда өзінің батырын ұлықтайтын, мемлекеттің тұтастығын нығайтатын, салт-дәстүрін киелендіріп отыратын тәртіп қалыптасып кетеді. Хақ дін келгенде бұрынғы дәстүрлерін соған бейімдей салады. Мысалы, Рим империясын алайық. Ғайса келгенге дейін Рим құқықтары өзі алдына бөлек өркениет болды. Бірақ бір құдайлық пен мейірім-махаббат сезімі жетіспеді. Ғайса келді де, «бір-біріңді жақсы көріңдер» деп Інжілді насихаттады. Христиандар саны көбейген соң Рим оны мемлекеттік дін ретінде қабылдады. Бірақ бұрынғы заңдар сол күйі қалды. Христиан абыздары басынан бастап мемлекеттік заң шығарып отырмады. Бар заңды діни ритуалдармен лигитимдей салды. Осылайша христиан мен Рим өркениеті сәтті синтезделді. Арабтарға бұл тәртіп жүрмейді. Себебі пайғамбар уахи алғанда мемлекеті жоқ еді. Араб қоғамы мурууба дәстүрімен өмір сүріп жатты. Яғни тайпалық сана. Тайпаның бір мүшесі зардап шексе, бүкіл ру соның жыртысын жыртады. Осындай мешеу қоғамға келген пайғамбар бүкіл заңды нөлден бастады. Жиырма үш жылда мемлекет құрды. Іргетасы шариғатпен қаланды. Әлеуметтік қарым-қатынас дін шартына негізделіп қайта жасалды. Ислам парсы, түркі өркениетіне қадам басқанда мәдени тұрғыда трансформацияға ұшырады. Бұрынғы салт-дәстүр Құран рухымен суарыла салды. Мысалы, қазақтың беташары бұрыннан бар. Ислам келген соң бұл дәстүр біссімілдәмен басталатын болды. Формасы қалды, мазмұны өзгерді. Наурыз да солай. Бұрынғы түркі батыры – Алып Бамсы «Алпамыс батыр» болып жырланды. Байбөрі Алпамысты мұсылман әулиесінің басына түнеп жүріп, Құдайдан тілеп алатын болды. Осының бәрін Қожа Ахмет Яссауи сияқты рухани көсемдер, қожалар институты сәтті синтездеген. СССР кезінде бұл дәстүр үзілді. Тәуелсіздік алған соң дінді араб елінен импорттау дәуірі басталды. Дінмен бірге арабтың хадиске, Ханбали мазхабына негізделген шариғаты бірге келді. Бұрын дін парсы, түркі өркениетін басып өтіп, мәдени тұрғыда өзгеріске ұшырып жетсе, интернет кеңістігі оны жойды. Алтайда жатқан қазақ баласы Саудиядағы шейхтардың өзіне үш қайнаса сорпасы қосылмайтын пәтуасы мен үкімін сіңіріп жата береді. Осылайша мәтіншілдік күшейеді. 

– Сонда қазаққа дін үйреткен бұрынғы қожалар қай әдіске сүйенген?

 – Профессионал қожалар Матуруди мектебінің өкілдері. Әлеуметтік қатынасқа байланысты проблеманы Ханафи құқығына сәйкес шеше алады. Бірақ бұқара халық тек шариғат пен ақида ұстанып отыра бермейді. Өзін онсыз да мұсылман санайтын жұрт құндылық тұтынғысы келеді. Осындайда пайғамбарлар қиссасы, батырлар жыры, ғашықтар дастаны, Қожанасыр хикаялары, сопылық ғазалдар ел ішінде айналымға кетеді. Діннің моралды негіздері жыр-терме арқылы сопылық сарында жайылады. Оны насихаттайтын жыраулар Көкілташ пен Мирарабтандәріс алды. Жыршының өзі бата алмай топқа түспейді. Біреу өзін жыршымын десе «кімнен бата алыпты?» деп сұрайды. Жыршы деген сөз «дамолла» деген сөздің синонимі сияқты қолданылды. «Өнеге шашқан жыршылық, Құдайға бұл да құлшылық» деген кредо бар. Халықты мұсылмандыққа тәрбиелегенде осы әдіске көбірек сүйенеді. Жыршылардың ықпалының зорын, мен емес, Радлов айтады. «Бір «Жұмжұма» дастанының әсері дала кезген жүз молдадан артық» дейді. Сол сияқты қазір ХХІ ғасырға келдік. Бұқара халық бұрын діннің аксиологиясын тұтынып келсе, сол мұқтаждық әлі жойылған жоқ. Молдалар осы жағын ескермейді. Жұрт өмір бақи шариғат пен ақиданың шарттарын талқылап отыра бермейді. Исламның Ихсан сатысы бойынша рухани құндылықты мәдени кеңістікте түрлендіріп тұтынғысы келеді. Мейлі ол – проза, мейлі – поэзия. Исламның аксиологиялық, құндылық кезеңі тұйыққа тірелсе алдыңғы Ислам мен Иман сатылары мәнсізденеді. Артыңда ғибратты сөз, мәнді өлең, мағыналы жыр қалмаса «өмір бақи кім үшін, не үшін тартысып өттің?» деген сұрақ туады. Бұл сұрақтан имамдар қашқанмен құтыла алмайды. Қоғам қоймаған күннің өзінде өлерінде бұл сұрақты оларға өмірдің өзі қояды.

Сұхбаттасқан Санжар Керімбай

“Ұлт порталы”

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.