Take a fresh look at your lifestyle.

БАС МҮФТИ БІРҚАТАР ДІН ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІН ҚАБЫЛДАДЫ

0 492

Бас мүфти Серікбай қажы Ораз дініміздің дамуына қомақты үлес қосып, қоғамға пайдасын келтірген, өзінің ерен еңбегімен көзге түсіп, Діни басқарманың алғаш негізі қаланған уақытта дін қызметкерлері мен имамдарға үлгі болған Асылхан қажы Өмірзақұлы, Кенжәлі Қоңыратбайұлымен кездесті.

Бас мүфти  кездесуде Діни басқарманың бүгінгі қызметі мен дін аясында атқарылған жұмыстар туралы баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті.

«Діни басқарманың жылнамасы жазылғанына ширек ғасыр болды. Бұл – тарих тұрғысынан қас қағым сәт десек те, дініміз бен еліміз үшін ғасырға бергісіз маңызды кезең. Әрине, дін саласында жасалған жұмыстардың маңызы мен ауқымында еш күмән жоқ. Дегенмен осы қыруар істі атқарған, ел дамуына зор үлес қосқан азаматтардың өздері мен олардың еңбек жолы әдетте құрғақ фактілер мен цифрлардың тасасында қалып қояды. Шын мәнінде Діни басқарманың негізі қаланып, даму жолы мен әрбір жетістігінің артында дін қайраткерлерінің еңбегі тұр», –  деп атап өтті Бас мүфти Серікбай қажы Ораз.

Дін саласындағы тәжірибесі мол Асылхан қажы Өмірзақұлы өз кезегінде Бас мүфтиге жылы лебізін білдіріп, алдағы қызметіне сәттілік тіледі.

«Аллаға шүкір, елімізде діни ахуал тұрақты дамып келеді. Мешіттеріміз бен медреселеріміз жамағатты бірлік пен ізгілікке тәрбиелеп, өз жұмысын еркін атқаруда. Төл мәзһабымызға мәртебе берілген Діни сенім туралы Заң барша азаматтың діні мен сеніміне шектеу қоймайды. Осы игі істі ары қарай жалғастыру сізге табысталған екен. Осындай үлкен аманатты абыроймен атқаруды Алла нәсіп еткей»,деп батасын берді Асылхан қажы Өмірзақұлы.

Айта кетсек, Асылхан қажы Өмірзақұлы Бас мүфти болған Рәтбек қажы Нысанбайұлының орынбасары және Алматы орталық мешітінің бас имамы қызметін атқарып, азаматтарды қажылыққа апару, Мысыр елінде имамдардың сауат ашу курсын ұйымдастыру сияқты т.б. игі істердің бастаушысы болып, негізін қалаған. Қазіргі уақытта Алматы қаласы, Медеу ауданы «Әл Хамит» мешітінің бас имамы қызметін атқаруда.

 Әсет Бектұр

 

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.