Take a fresh look at your lifestyle.

ДОСАЙ КЕНЖЕТАЙ: ФАРАБИ ХИКМЕТІ

0 14  676

Исламдағы (универсалды) таухиди ойлау жүйесін философиялық тұрғыдан Фараби деңгейінде түсіндірген ойшыл кем. Адам рухының мына дүниеге келмей тұрғандағы, келгендегі және қайтқандағы рухани таным ерекшеліктерін ислами шаблон негізінде гносеологиялық мәнде ашып көрсетті.
Кейіннен ислам тарихында қараңғылық дәуір басталды. Ой ноқталанды. Еркін ойлау, діни таным түсінігі онда да тар шариғат ішінен шыға алмады. Себебі адамды сөзіне, ісіне қарап осы дүниеде «күпірлікпен» күстаналау басталды. Ақыры ижтихад тоқтап, ислами ойлау құбылысы мұсылмандарды тастап, Андалусия арқылы христандарға барып жай тапты, онда ислами өркениеттік негіздер қалана бастады. Содан бері ислам діни шаблоны мұсылмандарда қалды да, исламның өркениеттік рухы Батыста (христандарда) көрініс тапты. Қарасаңыз ислам адамзаттың бүгінгі өркениетінің негізі болды. Абайдың «Шығысым Батыс болып кетті» дегені осындай құбылыстар үшін айтылды.
Фараби атамыз былай дейді: «Көздің өз функциясын жүзеге асыруы үшін шарт керек» . Ол шарт – жарық. Жарық болмаса, көз көру функциясын жүзеге асыра алмайды. Сол сияқты адам да, Алланың жәрдемі-хидаясы болмаса қанша тырысқанымен Алласын тани алмайды. Алланы тану – мағрифатуллах. Ол да Алланың қалаған адамына берілетін «хикмет». «Белсенді сана», яғни діни терминология тұрғысынан қарағанда Жабраил рөлін атқарады. Сол сияқты ислам да өзінің дін ретінде «көру» функциясын жүзеге асыру үшін сол жолдағы сенушілерінің «жахди илм ақылына» байланысты. Уахи мен ақыл егіз болса, тұтас болса ғана ислами өркениет рухы оянады. 
Сондықтан бүгінгі қазақ қоғамына ислам діні өзінің өркениеттік сипатымен барша адамзатқа «жарық» болып көрінуі үшін де «ақыл көзін» тазалап алғанымыз жөн. Сонда «көздің» мына әлемге, Аллаға деген қарасы өзгереді. Бар мән сол адамның ақиқатты Алла, Адам, Әлем тұғырында үндестікте тани алуында жатыр. 
Жалпы саяси тұрғыдан қарасақ, Фарабидің мемлекет философиясында да елдік сана мен тәртіпті орнату билікке тән. Ол билік сол үшін де мемлекетті ел атынан басқарады. Жүйені де, жүйесіздікті де нормалар арқылы не нормаларды бұрмалау арқылы билік өкілдерінің қолымен жасалады. Бұл – аксиома. Талас, тартыс орынсыз деген сөз. Бірақ елдегі қоғамдық институттар сол билікке ықпал ете алмаса, билікті бақылау механизмін қалыптастыра алмаса, әрине билік «менен кейін бұл елді топан алсын» деген психологияға беріліп кете береді. Жалпы бүгінгі қазақ елінде билік пен қоғам арасында «ортақ тағдыр» «некесі» қиылмаса, бәрі бос, егемендікті берген тәңірдің алдында бәріміз жауапты боламыз. Егемендік бізге берілген ең соңғы мүмкіндік. Ең басты құндылығымыз – егемендік. Тілің де, мәдениетің де, дінің де, барлық болмысың осы құндылыққа қатысты.
Ислам ғылым жіктемесінде ақыл мен нақыл саласы бар. Ақыл – адамның ой еңбегі мен тәжірибесіне сүйенеді. Нақыл да сол шеңберде ақылдың мүмкіндігі негізінде танылып, түсіндіріліп келеді. Бұл да өте табиғи құбылыс. Кезінде Батыста ақыл туралы үлкен дүмпулер болып, ғылымпаздық – позитивизм белең алған тұста, атеизмге үлкен саясат ашып берді. Бірақ бұл идеология тек «ахли кітап» иелері арасында ғана қалды. Яғни Христиан, Яхуди және Мұсылмандар арасында көкпар болды. Біздің топырақ та сол идеологияның тәжірибесі жасалған алаң еді. Ал Шығыс Будда өркениеті Жаратқан туралы «бар» яки «жоқ» деп айту «балалық» ондай сатыдан өтіп кеткенбіз деп күлген болатын.
Жалпы атеизм тақырыбы маңызды мәселелерді қамтиды. Кез келген теолог қазір атеизмнің тарихын, құрылымын, принциптері мен идеясын, мақсаты мен теорияларын білгені дұрыс. Сонда толыққанды «құдайтанушы» болып шығады. Неге десеңіз ақылға сүйенген теориялардың бәрі ғылыми теориялар. Кез келген теолог осы теориялардың қайсысы ғылыми, қайсысы идеологиялық танымдарға негізделгенін білгені абзал. Біз мұсылмандар өзіміздің діни тәжірибемізді білмейміз. Мысалы, калам өлді, фалсафа болса да. Ең белгілі Ашари Матуриди каламы туралы зерттеулер тарихы бір ғасырға толмайды. Яғни ғылыми таным арқылы түсіндірме жасау, танымдарды жіктеу деген жоқ болды. Біздің жағдай белгілі, себебі атеистік режимде болдық. Ал мұндай режимді көрмегендер де ислам әлемі, османлы мирасының орнындағы елдер де, біздің қоғамдағы жағдайлармен сол кезеңдердің уақытымен бірдей хәл кешкен. Бұл да зерттеуді талап етеді. 
Жалпы ислам әлеміндегі дін ғұламаларының кейбірі ақыл десе тұра қашады. Ой десе, фалсафа десе тыжырынады. Бұған мың бір дәлел айтқылары келеді. Батыстық ақыл теориялары қайда апарғанын нәтижелерін айтып негіздегісі келеді. Бірақ Батыстың да жүріп өткен тәжірибелерін өздерінің айтқан деңгейінде ғана таниды. Мұсылмандар әлі Батысты зерттеп таныған емес. Міне осындай жағдайда біз де мұсылмандар шапанына бүркеніп, ақылды да, Батысты да терістей бастадық. Бұл да балалық.
Жоғарыда айтқандай ислам ғылымы ақыл мен нақыл салаларын тұтас қамтиды. Біз ең болмаса, ақылдың жүріп өткен тәжірибе жолдарын, бүгінге дейінгі, қабаттарын білейік те, сонда мұсылман әлеміне пайдалы боламыз. Ақыл мен нақылды тұтастандырып, Матуриди айтпақшы, Тәңір – әлем – адам арасында таухиди негіздерді ғылыми тұрғыдан түсініп, түсіндіретін боламыз. Ғылым – адамның құралы, инструменті. Алла адамға қалай құрал жасау керек екендігіне қалай қолдану керектігіне қажетті потенциалды беріп қойған. Адамға қалғаны соларды жүйелі уақыт пен кеңістікке қарай қолдана білуі.
Абайдың аузына «Шығысым Батыс болып кетті» деген сөзді салдырған бір ішкі шындық бар. Ол мынада, исламның ақиқатын мұсылмандар біледі, ал Батыс сезеді. Бірақ Батыс исламды дін ретінде сыртқа шығармайды. Батыс ислам өркениеттік негізін сезінген, өзінің бұрынғы Батыстық негіздерін жылан қабығындай сыпырып тастай білген өркениет. Олардан да исламды өркениет ретінде ғана емес, дін ретінде қабылдағандар шықты. Сорлы мұсылмандар соларды жазып әлек, «о, керемет, ананы қара өз дінін тастап исламды қабылдады» деп. 
Біздің «қазақшылық» мінез де сондай ғой. «О анау біздің рудан екен» деген сияқты. Мұсылмандар Батыстың өркениетін терең үңіліп зерттесе, өздерін табар еді. Қайдағы олар формаға әуес. Оңайға қашады. Аузына салып бергенді шайнай алмайды. Эпистемиологиядан жұрдай. Ол деген сөз өз дінін (исламды) уақытқа сай комментарий жасау қабілеті жоқ деген сөз. Ал Батыс ше, өзінің бұрынғы христиан дініне негізделген өркениеттен бас тартып, орнына Исламды лайық көрді. Себебі одан Ұлы Жаратылыс ақиқатын тапты. Осылайша Батыс христиан дінін де, өркениетті де, мәдениетті де, саясатты да, құқықты да сақтап отыр. Бәрін бағып отыр. Ал мұсылмандар болса, жабысқан формасының өзін тоз-тозын шығарды. Исламның өркениеттік қабатын ұмытты, ұмыттырды. Осылай кете берсе, обал-ақ. Алланың рақымы түсіп жіберген исламды тани алмаса, ұстай алмаса, ол, әрине, «құбыжыққа» айналып, рақым емес, террор, үрейге айналады. Қазақтың «Жібекті жүн қылады түте алмаған» деген сөзі осы мұсылмандарға арналғандай. Бұл жерде айтайын дегенім басқа мәселе: «Білу мен сезіну», «болу мен көріну». Бар мәселе осы жерден басталады. Алланың ақиқатын өркениетіне негіздей білген ел ғана бүгінгі уақыт пен түрлі қысымдардан шынығып шығады. Бұлар әрі ақиқатты біліп, әрі сезінгендер. Ал Алланы тек діни шеңберде «сағызша догмаға» айналдырғандар әрдайым жоғарыдағы қысымдардан өлімші болады. Онда да барынан айрылып, астында алтын басып отырса да құл болғаны болған. Бұлар Алланың ақиқатын біледі, бірақ сезінбейтіндер. Бүгінгі ислам әлемінің хәлі осындай. 
Алланың ақиқатын тану Фараби заманында ислам әлемінде үлкен құбылыс болған. Өкінішке орай, енді тарих болып қалды. Бүгін де, сол кезде де ислам әлемінде Фарабилік платформаны мұсылман «білетіндер» жоққа шығарған. Мұсылман «сезетіндерді» тыңдағандар болмады. Бұл жағдай елімізде қайталанып жатыр. 
Алланың ақиқатын кешегі атеизм режимінен кейінгі ұрпақ, мұсылмандардың өткен тәжірибесін қайталамай дұрыс танитын болар деп әлде де үміттенеміз. Бірақ, бүгінгі исламдағы лютерандықтар яғни, уахабилер қазақ елінің барлық қабаттарына ықпалды, бар саласына «әмірін» жүргізіп отыр.
Алланың ақиқатын тану Алланы дұрыс Құрандық негізде танудан басталады. Ал Алланың сөзін Алламен өлшемейінше, Алланың ақиқаты қалай сезіледі, қалай танылады? Уахабилер Алланы адамға жақындату емес, қайта адамды Алламен қорқытып оны аспандағы «тағына» отырғызып, өздері жердегі «таққа» әрекет жасауда. Дін саясиланып кеткен. Ал саясиланған дін ол елді баянды қылмайды. 
Бізде Алланың ақиқатын Алламен тану тәжірибесі болған. Ол Матуриди ілімінде жатыр. Кітаптарда көміліп. «Неге уахабилікті сынай береміз?». Себебі біреу-ақ: Уахабилік Алла мен адам үндестігіне сына қағады. Ол деген сөз ислам ғылым жіктемесіндегі «нақыл мен ақыл» тұтастығына сына қағады деген сөз.
Адамзат тарихына көз жүгіртіп, оның бүкіл сатылары мен қабаттарына көңіл бөлсеңіз, үш негіздегі қатынастың өзара тарихы болып шығады. Адам, әлем, тәңір. Мұны адамның Тәңірмен, әлеммен қатынас тарихы десек те болады. Қатынас демекші, Адамның өзін қоршаған ортасымен ең басты қатынас қуаты рухынан бастау алып, рухымен ажырағанда тоқтайды. Рух өлмейді. Ол – тірі. Болмыстық мағынада да, құндылықтық мағынада да солай. Егер рух өлетін болса, мына тарих, тарихи сана, құндылық, болмыс та өміршең болмас еді, адамзаттың тарихы да болмас еді. Тарих дегеніміз уақыттық тұрғыдан «өткен», «осы» және «болашақ» шақтардан тұрады. Егер адам келер шағы, о дүниеден үміті болмаса, онда отбасы институты да қалыптаспас еді. Демек, адамды мына дүниеде ұстап тұрған негізгі тірек – рухтың мәңгілігі мен бақыты. Осы тұғыр діни исламда Фараби, Ибн Сина философиясында жан-жақты түсіндірілген. Рухтың тәнге дейінгі, тәнмен, содан кейін одан ажырауы сатысы моральдық тұрғыдан, яғни хикметтік сипатта түсіндіріледі. 
Негізінен адамды әлемнен, Тәңірден ажыратып басқарамыз деген теориялар адамның рухани танымдық табиғатына сыймайды. Себебі адам ең әлсіз әрі ең залым жаратылыс екендігі Құранда тектен текке айтылмаса керек. 
Ширк психологиясы тек қана дінге қатысты қабат емес. Ол әлемдік адамзат дағдарысына да қатысты айтылуы қажет. Жахандық саяси күштер жасанды Тәңірге айналып, мына дүниенің саясатында шешуші рөл атқарып келеді. Мемлекет институты да ең соңғы тіршілік дәуірін басынан өткізіп жатқандай әсер береді. Өткен ғасырға дейін әлемді басқарған империялар жақсы-жаман өзінің билік қуатын Тәңірден алатын. Ал қазіргі таңда империяларды, Тәңірді жоққа шығаратын мемлекеттер жүйесі, қуатын өзінің құрушы халқы не мәдениетінен емес, сырттан алады. Сырт дегеніміз Тәңір – мемлекеттер. Олар мына әлемге үстемдік етеді. Ғылымда бұл құбылысты «сакральдылықтың имманенттілігі» деп атайды. Осы ахуалды қайта комментарий жасап, реттейтін бір ғана дін бар, ол – ислам. Ислам табиғатында имманенттілік пен трансценденттілік тұтас тұр. Оны пайдалану үшін де Фарабиді тану шарт. Фарабиде эпистемиология, методология, моральдық уәж, фалсафа бар.
Кеше позитивистік тенденция ғылымның тек қана «білу» қырын ғана негізге алды, ал оның сезіну қырын елемеді, не көргісі келмеді. Бүгін ғылыми шығармашылықтың қолданбалы қыры, практикалық мәні оның танымдық салмағы туралы әңгіме қозғала бастады. Ғылымды адам кім үшін не үшін жасайды деген сұраққа әлем бүгін қайтадан орала бастады. Ал бұл ақиқатты түркі ислам философиясы тарихында осыдан он ғасыр бұрын Иасауи өзінің «хәл ілімі» арқылы жауап беріп қойған еді. Ғылымның психологиялық гносеологиялық ықпалы ең басты шарт болды. Сезіну сатысы. 
Ендігі жерде болу мен көріну, білу мен сезіну тұтастыққа ұмтылмаса, мына қоғамдық толқындарды ұстап тұру мүмкін болмайды. Бұл да ислам дінінің рухындағы ең басты ұстаным. Демек адамға қайта оралу мәселесі антропологиялық тұрғыдан өзінің өзектілігін сезіндіре бастады.

“Зайырлы ел-қайырлы ел” кітабымнан үзінді…

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.