Take a fresh look at your lifestyle.

РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ: ӨЗІМІЗ ӨЗГЕРСЕК…

0 3  561

Өмірзақ қажы БЕКҚОЖА, ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша өкіл имамы

 

Аса Қамқор ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!

 Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімнің «Рағыд» сүресінің 11-аятында:

إِنَّ اللّهَ لاَ يُغَيِّرُ مَا بِقَوْمٍ حَتَّى يُغَيِّرُواْ مَا بِأَنْفُسِهِمْ

«Ақиқатында, Алла қайсыбір адамдарды қашан олар өз-өздерін өзгертпейінше өзгертпейді», – деп баяндаған.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгерт­пейінше, біздің толыққанды жаңғыруымыз мүмкін емес», – деп мақтангершілікке ұрынбай, өткенмен өмір сүруге ұмтылмай, сананы өзгерту қажет екенін атап өтті.

Адамның санасы өзгерсе, оның тұлабойында жақсы сипаттар көрініс таба бастайды. Жақсы амал жасаған адамнан өзгелер үлгі алады. Сөйтіп, оның отбасы, содан кейін қоғам жақсылыққа қарай қадам басады.

Жуырда Бас мүфтиіміз Серікбай қажы Сатыбалдыұлы еліміздегі дін қызметкерлеріне «Өзгеруді өзіңнен баста» деген үндеу жолдады. Астанада өткен кезекті ресми жиналыста осындай ұран тасталды.

«Жаңа қызметімде дін қызметкерлері арасында «Өзгеруді өзіңнен баста!» деген ұран тастаймын. Егер адам өзгерсе, оның көршісі өзгереді. Одан кейін қоғам өзгереді. Бұл мәселеде әр адамның ойы, сана-сезімі өзгеруі маңызды», – деп атап өтті Бас мүфти Серікбай қажы Ораз.

Халқымызда: «Отан отбасынан басталады», – нақыл сөз бар. Әрбір жанұяда ізгілік пен имандылық құндылықтары қалыптасса, еліміз рухани тұрғыдан дамитын болады.

Рухани жаңғырудың басты негізі – дін мен дәстүр. Бұл – құстың қос қанатты іспетті ұғым. Бүгінгідей жаһандану заманында бізге жат, табиғатымызға теріс келетін кертартпа идеологиядан сақтанудың төте жолы дін мен дәстүрге берік болу деп есептейміз. Бұл тұрғыда Елбасы өз мақаласында: «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек», – деген тұжырым айтты.

Расында, халқымыздың сан ғасырдан бері қалыптасып келе жатқан әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерінің астарында асыл дініміздің қағидалары һәм талаптары жатыр. Мәселен, үлкенге құрмет, кішіге ізет, біреудің ала жібін аттамау, көршінің хақысын беру, қонақжайлық сынды салттарымыз шариғатпен үйлесім тапқан.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз бір сұхбатында: «Халқымыздың күнделікті дағдысына айналған салттардың түпкі мәні асыл дінімізден бастау алады. Шыр етіп дүние есігін ашқан сәбиге азан шақырып ат қою, босанған жас келінге қалжа жегізу, қырқынан шығару, баланы екі жыл емізу, шілдехана-бесік той жасау, тұсаукесер, бәсіре салты, қыз айттыру, сырға салу, құдалық, қалыңмал, жасау, міне, осы салт-дәстүрлеріміз діннің қағидаттары мен талаптарымен үйлесім тапқан. Дін – өмір сүру қағидасы. Құдайға құлшылық ету – құлдың басты міндеті. Шариғат дегеніміз – өмір, ал өмір дегеніміз – шариғат», – деп атап кеткен болатын.

Бас мүфтиіміз айтқандай, Дініміздің қағидаттары мен талаптары адам табиғатымен толықтай үйлесім тапқан. Алланың әмірлерін кез-келген уақыт пен кеңістікте орындау оңтайлы. Қасиетті Құран Кәрімнің «Бақара» сүресінің 286-аятында: «Алла ешкімді шамасы жетпейтін іске мәжбүрлемейді. Кімде-кім жақсылық істесе, сауабын өзі көреді, жамандық қылса, сазайын өзі тартады…» – делінген. Осы тұрғыдан келгенде, біз қазіргі ұрпаққа жақсылық жасаудың артықшылықтары туралы көбірек айтуымыз керек.

Мемлекет басшысы бағдарламалық мақаласында: «…Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті, мен «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі», – деп атап өтті. Бұл – өте маңызды бастама.

Бірде пайғамбарымыз Мұхаммедтен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір кісі: «Уа, Алланың Елшісі, ең жақсы адам кім?» – деп сұрайды. Сонда ол: «Ең жақсы адам – қоғамға, елге пайдасы тиген пенде», – деп жауап берген екен. Демек, өз туған жеріңе пайдалы болғаның – жақсы мұсылман болғаның.

«Туған жер» бағдарламасы еліміздегі қайырымды жандардың туған еліне көмегін тигізіп, ізгі іс-шаралардың жүзеге асуына мұрындық болады деген сенімдеміз.

Ұлтымыздың жанашыр арда ұлдарының бірі Ахмет Байтұрсынұлы бір өлеңінде:

«Дегендер: мен жақсымын, толып жатыр,

Жақсылық өз басынан артылмаған.

…Не пайда өнерің мен біліміңнен

Тиісті жерлеріне сарп ұрмаған?!..» деп жырлайды.

Әрбір азамат өзінің саласы бойынша елдің өркендеуіне, өз ауылының көркеюіне үлес қосса, болашағымыз баянды болмақ.

Алла Тағала еліміздің болашағын жарқын етіп, халқымыздың игілігі мен бірлігін әрдайым бекем еткей! Әмин!

SUNNA.KZ 

 

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.