Take a fresh look at your lifestyle.

Дархан Кәлетаев пен Серікбай қажы Ораз діни саладағы өзекті мәселелерді талқылады

0 69
ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаев Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз бастаған діни басқарманың басшылығымен кездесу өткізді. Бұл туралы баспасөз қызметі хабарлады.

Аталған шараға ҚР Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Берік Арын, Дін істері комитетінің төрағасы Еркін Оңғарбаев, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб-мүфтилері Наурызбай Өтпенов, Алау Әділбаев, Бауыржан Есмахан және діни басқарманың аппарат жетекшісі Ғилымбек Мәжиев қатысты.

Кездесу барысында Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өзара ықпалдастығы талқыланып, еліміздің діни саласындағы дінаралық келісімді нығайтуды жүзеге асыру мәселелері қаралды.

Дархан Кәлетаев Діни басқарманың қазақстандық исламтану мектебін қалыптастыру бойынша және радикалды діни идеологияға қарсы күрестегі имамдардың біліктілігін көтеруге бағытталған жұмыстарын атап өтті.

Серікбай қажы Ораз өз сөзінде имамдардың біліктілігін көтеруде қолға алынып отырған шаралар және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2020 жылға дейінгі діни білім беруді дамыту тұжырымдамасын жүзеге асыру барысы туралы айтты. Оның айтуынша, бүгінде имамдардың біліктілігі арнайы сараптау комиссиясында қаралады. Сондай-ақ, өңірлердегі өкіл имамдардың құзыреті мен жауапкершілігін арттыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Сонымен қатар, кездесуде еліміздегі мешіт салудың бірыңғай стандарттарын әзірлеу ұсынылды. Онда мешіт салу үшін сол аймақтағы халық санын ескеру қажеттігі ұсынылды.

Айта кетейік, қазіргі уақытта республикада 106 мешіттің құрылысы жүріп жатыр. Аталған стандарт еліміздегі мешіттер құрылысы мен оны ашу рәсімін бір жүйеге келтірмек.

Бүгінгі таңда имамдардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған кешенді шаралар жолға қойылуда. «Уақып» қайырымдылық қоры арқылы өңірлердегі 355 имамға стипендиялық қолдау көрсетілуде.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруда тығыз ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға дайын екендіктерін айтты.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.