Take a fresh look at your lifestyle.

Ислам елдеріндегі ипотека мәселелері

0 10  651
Соңғы уақытта экономика саласында ислам экономикасы немесе ислам банк жүйесі жиі қарастырылып жатқан тақырыптардың бірі. Бұл жүйенің өзіндік ерекшеліктері бар.
Соның бір сипаты ретінде аталмыш жүйе бойынша жасалған келісім-шарттардың бір жақтың ғана шығынға батуына жол бермейтіндігін айтсақ болады. Сонымен бірге ислам қағидаларында пайыз алуға тиым салынғандықтан табыс табудың басқа талаптары қолданылады. ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап мұсылман елдерінде ислам қаржылық институттары: ислам банктері, сақтандыру компаниялары мен қорлар көптеп ашылды.
Ең алғаш 1975 жылдары Канадада қаржы нарығында мұсылмандар «ислам ипотекасы» деген сөзді қолдана бастады. Алғашқы тұрғын үй салынып шариғат талаптарына қайшы келмейтін келісім шарттар бойынша пайдаға берілді. Алайда, бұл қызметті пайдалануға ниет білдіргендердің саны көп болмады. Ислам ипотекасына деген қызығушылық 1990 жылдардан бастап арта бастады. Лондондағы «әл-Бәрәка» банкі шариғат талаптары бойынша үйге ие болуды ұсынды.
Мұнан соң 2003 жылы HSBS банкі Ұлыбритания нарығына ислам ипотекасы деген өнімді шығарды. Осыдан кейін ислам ипотекасын ұсынушылар қатары күрт көбейе бастады. Ислам ипотекасында қарастырылатын негізгі бағдарламаларға тоқталатын болсақ, алдымен «Мурахаба» жүйесіне тоқталуға болады. Бұл жүйе бойынша, сатып алушы үйдің 20 %-ын алдын ала төлеуі керек. Қалған қаржыға банк кірісі мен инфиляция деңгейі қарастырыла отырып бөліп төлеуге мүмкіндік береді. Алайда, мурахаба жүйесінде бағаның көтермеленуі болғандықтан бұған сын айтушылар да баршылық. Осыған байланысты басқа қаржылық мекемелер «Ижара» жүйесін ұсынған. Бұл жерде үйді тұтынушы табады, сосын оны банк өзі сатып алып тұтынушыға жалға береді. Тұтынушы жалдау ақысын төлеп отырып, жалдау мерзімі аяқталғаннан кейін қалған сомасын төлеп сатып алады. Жалдау ақысының мөлшерін, мерзімін жалға беруші (банк) белгілейді. Бұл жүйенің бір ерекшелігі жалға алушы немесе үйді алған адамның қолында бірден қомақты қаражаттың болуы шарт емес. Исламдық ипотекада қолданылған үшінші бір жүйе «Мүшарака» деп аталады. Яғни, ортақтық дегенді білдіреді. Бұл жерде банк пен басқа бір мекеменің бірлесе жұмыс жасауы маңызды. Мұнда тұтынушы баспана бойынша құрылған кооперативке мүшелікке өтіп, алдын ала белгілі мөлшерде қаражатын төлейді, көбінесе бұл баспананың үштен біріне тең қаражат болады. Содан кейін тұтынушы үй іздеп, тауып әлгі кооператив оны өз иелігіне алады да тұтынушыға жалға береді. Ай сайын жалдау ақысын төлей отырып, ақырындап үйдің қалған қаражатын төлей береді. Бұл жерде де жалдау мерзімі мен төлем мөлшерін банк пен тұтынушының арасында тұрған кооператив белгілейді. Ол 5, 7, 10 жылға келісім жасауы мүмкін. Соңғы жүйеге ұқсас ұйым 2005 жылдан бастап Ресейде қолға алына бастаған. Бұл жүйені енгізген «Бадр-Форте Банк». Дегенмен аталмыш жүйе барлық мұсылмандарға қолайлы деп айтуға болмайды. Кейбірі бұл жерде пайыздық мөлшер тек жасырылған деп наразылық білдірсе, енді бірі бұл жүйемен үй алудың басқа ипотекалық жүйемен салыстырғанда арзанға түспейтіндігін алға татқан. Тіпті, осы жүйелердің табысты жұмыс жүргізе алмағандығына қарап мынадай қорытынды шығарушылар да бар. Ислам ипотекасы деген тек аты ғана, алайда бұл жүйе бойынша баспаналы болуға талпыныс білдірушілер басқа ипотекалық жүйелермен салыстырғанда ауыр шарттарға жолығады. Ислам банк жүйесіндегі ипотекаға қатысты талаптар негізінен белгілі болғанымен басқа да қарыз беру жүйелері жұмыс жасайды. Алайда, бұл қарыз беру жүйелері ипотекалық бағдарламалармен салыстырғанда мерзімі өте қысқа болып келеді. Мысалы, «Қард хасан (пайызсыз қарыз)». Иран мемлекетінде «1983 жылғы пайызсыз банк жүйесі» заңы бойынша тұтынушыларға жеке тұлғаларға 1 %, ал заңды тұлғалар үшін 1,5 % мөлшерінде қарыз береді. Бірақ, жеке тұлғаларға 3 жыл, заңды тұлғаларға 5 жыл мерзімімен шектелген. Қорыта айтқанда, қазіргі кезде банк жүйесі әртүрлі бағдарламалар ұсына алады. Тіпті, ислам банк қызметтері де соңғы жалдары дамып келеді. Дегенмен, ешбір пайызсыз және еш қосымша төлемсіз қарыз беру банк жүйесі үшін мүмкін емес деуге болады. Себебі, банктің ең басты табысы тұтынушылар мен оның қызметін пайдаланушылар екендігі барлық жерде белгілі. Тек сатып алу көлемін арттырып, соны бөліп төлеу мүмкіндігін ұсыну арқылы ғана халал кредит түсінігін жүзеге асыруға болады.
Кеңшілік ТЫШХАН,
дінтанушы

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.