Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

ШӘКІРТТЕР АРАСЫНДА ФУТБОЛДАН ҮЛКЕН ТУРНИР ӨТТІ (фото)

0 1  591

2-қазан. SUNNA.KZ – Астана қаласы «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің шәкірттері арасында футболдан турнир өтті.

ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлының бастамасымен жүзеге асырылып келе жатқан төрт бағыттың бірі – оқу-ағарту жұмысы. Ислам діні алты ғасыр бойы әлемнің білім мен ғылымның көшін бастап келуі – әлбетте, бұл оқу-ағартудың нәтижесінде болды. Кешегі Абай, Ыбырай секілді ұлт көсемдерінің де елді ағарту жолында бар қажыр қайратын сарып етті. Сонау сахабалар салған, бабалардан қалған оқу-ағарту ісі Мүфтияттың басты жобаларының бірі. Сондықтан да Бас мүфтидың бастамасымен, еліміздегі барлық мешіттер және медреселерде оқу-ағарту жұмыстары қарқынды дамып келеді. Осы ретте, Астана қаласындағы базарға жақын, қарапайым жұрт көп жүретін жерлердегі мешіттердің оқу-сауатын жандандыра түсу мақсатында, ҚМДБ Астана бойынша Өкіл имамы Асқар Мұқанов Астана мешіттеріне білікті исламтанушы мамандарды жаңадан тағайындаған болатын. Осының нәтижесінде Астана қаласы «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінде де жаңа ұстаздар мен жас имамдар тағайындалған еді. Осынау жаңа мамандардың келуімен мешітімізде оқу-ағарту жұмыстары және жамағат арасындағы қоғамдық, рухани-мәдени һәм спорттық түрлі іс-шаралар белсенді атқарылуда.

Астана қаласы «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы Жұманазар Садырхановтың ұйымдастыруымен, «Динамо» спорт кешенінде, «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің діни сауат ашу курсында білім алып жатқан шәкірттер арасында футболдан үлкен турнир өтті. Аталмыш турнирге 8 команда, (әр қайсысында 8 спортшы) барлығы 64 спортшының қатысуымен теңбіл доптан күштерін сынады. 70-ке жуық көрермен белсенді жанкүйер болып, доданың көрігін қыздыра түсті.

Шара барысында, Астана қаласының «Қоғамдық даму істері басқармасы» ММ діни бірлестіктермен, миссионерлермен және теологиялық оқу орындарымен жұмыс бөлімінің басшысы Нұрдәулет Альмуханов және «Нұр Астана» орталық мешітінің наиб имамы, Астана қаласы бойынша діни сауат-ашу курсына жауапты имам Нариман Исенов қатарлы құрметті қонақтар қатысып, шара барысында сөз сөйледі.

Сондай-ақ, турнирден жүлделі болған командаларға «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітің наиб имамдары Бағзат Ақжол, Серікбол Хаманұлы, Оңғар Хайридинов, және Нұрсұлтан Шамшидин қатарлы имамдар алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапаттады.

 «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің баспасөз қызметі

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.