Take a fresh look at your lifestyle.

Тағдырды сылтау ету дұрыс па?

0 234

Тағдыр мен қазаға иман ету – парыз. Бірақ пенде тағдырдың мәнін дұрыс тәпсірлемей, өз пайымымен қорытынды шығарап, сылтауратып жауапкершіліктен құтыла алмайды. Мысалы: «Алла пешенеме осылай жазған екен», – деп күнә істеу немесе: «Тағдырыма жазылған соң қолымнан келер шара жоқ», – деп өзін кінәсіз санау пенденің осы тұрғыдағы білімінің таяздығынан туындап жатады.

Құранда Алла Тағала бізге тағдырға тәуелді болуды емес, жасаған әрбір іс‑әрекетімізге жауапты болуды бұйырады. Егер шынында да тағдырға бас иіп жүру бірінші кезектегі, дініміздегі өте маңызды жайт болса, Хазіреті Пайғамбарымыз ол жөнінде бізге ең болмағанда бір ғибратты хадис қалдырған болар еді. Хазіреті Пайғамбарымыз керісінше, ешқашан тағдырды сылтау етпеген. Өзінің бейкүнәлік ерекшелігінен хабардар бола тұра, өмірін күндіз-түні Алла Тағалаға ғибадат етіп, дұға жасаумен өткізген.

Дәл сол секілді сахабалар өмірінен де тағдырға налып құлшылығын тастаған, яки өзге де үмітсіздікке түскендері жайында ешбір мәлімет кездестірмейсіз. Тіпті өмірінде жәннәтпен сүйіншіленген бақытты сахабалар да тағдырды сылтауратып, енді барар жерім жәннәт деп шалқасынан түсіп, бейғам жатпағаны белгілі.

Сөзімізге бірден‑бір айғақ боларлық жайт, ардақты сахаба Хазіреті Омардың өмірі. Бұл жерде мына бір нәзік мәселеге және бір тоқталып өткеніміз жөн. Біздің бүкіл саналы іс‑әрекет, тіршілігіміз Алланың тағдырымызға жазып қойғандықтан жүзеге асып жатпайды. Яғни, біз «тағдырымыз жазылып қойылған» дегенде, ең алдымен, өзіміздің қалау ниетімізбен жүзеге асатын бүкіл әрекетіміздің Аллаға әлмисақтан аян екенін санамызда ұстауымыз керек. Сонда ғана, тағдырдың жазылып қоюы мен сіздің жеке саналы тіршілік иесі ретіндегі пайым‑парасатыңызға, ілім‑біліміңізге құрылған әрекет, жоспарларыңыздың арасында соншалықты бас бұзарлықтар бір‑біріне тәуелді заңдылықтың жоқ екендігін бірден түсінесіз. Тағдырды сылтау еткен кісіге байланысты Хазіреті Омардың бекіткен жазасы да ойланған жанға үлкен сабақ болары сөзсіз. Хазіреті Омардың халифалық (634-644) тұсында ұрлық жасаған бір кісіні халифаның құзырына әкеледі. Сонда Хазіреті Омар:

– Не үшін ұрладың? – деп сұрағанда, ұры:

– Аллаһ Тағала осылай жазған, – деп жауап бергенде, Хазіреті Омар:

– Оған 30 дүре соғыңдар, содан кейін қолын кесіңдер, – деп әмір етеді. Ондағылар берілген үкімге таңырқап:

– Неге бұлай, – деп сұрайды. Хазіреті Омар: – Ұрлық істегені үшін қолы кесіледі, Аллаға қарсы өтірік айтқандығы мен ұрлық жасаудағы жауапкершілікті тағдырға сылтауратқандығы үшін дүре соғылады, – деп жауап береді.

Материал «Иман негіздері» кітабынан алынды

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.