Take a fresh look at your lifestyle.

Заңсыз байығандар жауапкершілікке тартылады

0 372
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі заңсыз байығаны үшін жауапкершілік енгізуді жоспарлап отыр, деп xабарлайды.

Агенттік төрағасының орынбасары Олжас Бектеновтың айтуынша, бүгінде сыбайлас жемқорлықпен күрес саласындағы үздік тәжірибені енгізуге басымдық беріліп отыр. Оған қоса, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының кеңестері әрі БҰҰ Жемқорлыққа қарсы конвенциясының талабы бар.

«Конвенцияның 20-бабында заңсыз байығаны үшін жауапкершілікті енгізу міндеті жазылған. Қазақстан аталған құжатты 2008 жылы ратификациялаған болатын. Осыған байланысты бүгінде біз осы идеяны жан-жақты дамытып, басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. 2020 жылы кірістер мен шығыстарды жалпыға ортақ декларациялау енгізілетіні белгілі. Соның аясында заңсыз байығаны үшін жауапкершілікті енгізген дұрыс деп санаймыз. Мәселен, шенеуніктің шығыстары кірісінен артық болса, белгілі бір жауапкершілік қарастырылуы шарт», — деді О.Бектенов мемлекеттік қызметтің жаңа форматын қалыптастыруға арналған панельдік сессияда.

Айта кетейік, бүгінгі жиында агенттік басшылығы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросын оңтайландыру нәтижесі де жарияланды. Олжас Бектеновтің айтуынша, осы уақытқа дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросында 250-ге жуық басшылық қызметі қысқартылды. Бұдан бөлек, артық құрылымдар оңтайландырылды. Соның есебінен шұғыл тергеу қызметі күшейтілді.

«Бұрын Ұлттық бюрода басшылар мен қызметкерлердің ара қатынасы 1:2, яғни бір бастықтың қол астында екі адам болса, қазір аталған көрсеткіш дамыған мемлекеттердің деңгейі — 1:8-ге жетті. Сосын құқық қорғаушыларды ашық конкурс негізінде жұмысқа қабылдайтын болды. Жалпы, Ұлттық бюро бойынша шамамен 1 миллиард теңге үнемделді. Осының нәтижесінде қызметкерлердің жалақысы 2 еседен артық өсті. Ол жерде президенттік өсімақы да бар. Оған тағы үнемделген қаржының үстемақысы қосылады. Бүгінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы ең жоғары жалақы алатын құқық қорғау органы болып саналады», — дейді О.Бектенов.

ҚазАқпарат

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.