Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

«Зекет» қоры 50 отбасыға сыйлық жасады

0 1  355

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында «Зекет» қорының аймақтағы өкілдіктерінің ұйытқы болуымен астаналық 50 отбасыға сыйлық жасалды. Игі шараға ҚМДБ төраға орынбасары, наиб мүфти Бауыржан Есмахан, «Зекет» қорының директоры Талғат Омаров және қор қызметкерлері қатысты.

Шараны ашқан наиб мүфти Бауыржан Есмахан:

«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының негізгі жұмыс бағыттарының бірі – халыққа қайырымдылық жасау. Өздеріңіз білесіздер, қазір елімізде көпбалалы отбасыларға әлеуметтік көмек көрсетілуде. ҚМДБ жанындағы «Зекет» қоры осы бастамаға қолдау көрсету мақсатында өздеріңізге сый жасап отыр. Жуырда «Зекет» қоры Талдықорған қаласында алты баланың анасына кезекті баспананың кілтін табыстады. Аталған шара «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында жүзеге асты. Бұл шараға Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың өзі қатысып, ізгі тілегін жеткізді», – деді.

Талғат Омаров «Зекет» қорының ұйытқы болуымен алынған 12-ші пәтер Ақтөбе облысында баспанаға аса мұқтаж жанұяға берілгенін жеткізді.

«Мақсатымыз – халықты әлеуметтік қолдау. Мұндай шаралар тұрақты түрде жүзеге асатын болады. «Зекет» корпоративтік қайырымдылық қоры 2018 жылы республика бойынша 25 мың жанұяға көмек көрсетті. Сондай-ақ, 5 мыңға жуық әлеуметтік аз қамтылған балаларды мектепке қажетті құрал-жабдықтармен, киім-кешекпен қамтамасыз етті. Мүгедек балалардың ем-домына қаражат бөлді. Өткен жылы «Ел үлесі пәтерге» жобасы аясында баспанаға аса зәру 9 отбасына пәтер берілді. 1 жылда қайырымдылық бағытында 160 млн. теңге қаражат жұмсалды», – дейді Талғат Сейіткәрімұлы.

Шара соңында Астана тұрғындары игі шараға үлес қосқан азаматтарға алғысын білдірді.

KAZISLAM

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.