Take a fresh look at your lifestyle.

Шағбан айындағы ерекше түн жайлы білеміз бе?

0 794

Қасиетті Рамазан айы жақындап қалды. Мүбәрак айды күту барысында кейбіріміз, дініміздегі тағы бір маңызды әрі берекелі ай – Шағбан айын ұмыт қалдырамыз.

Шағбан – қасиетті үш айдың бірі. Шағбан – адамдар іс-әрекетінің Алланың құзырына көтерілетін ай. Шағбан – жақсылық пен ізгілік ерекше кең таралатын ай. Шағбан – пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) айы. Шағбан – тазару айы.

Бұл ерекше айдың өзге айлардан дәрежесінің жоғары болуына тағы бір себеп бар. Ол – «Бараат түні» немесе «Ләйлатул Бараат». Бараат түні – Шағбан айының 14-нен 15 -не қараған түні. 2019 жылы бұл түн, сәуірдің 19-нан 20-на қараған түн.

Бараат – арабшадан аударғанда «тазару», «құтылу» деген мағынаны білдіреді. Яғни, күнәлардан тазарып, оттан құтылуға мүмкіндік беретін түн.

Жаратушы Алладан кешірім тілеп, Алланың рақымына бөленетін бұл түн туралы пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Шағбан айының ортасындағы түнді тірілтіп (намаз оқу, дұға жасау және өзге де құлшылықты орындау), оның күнінде ораза ұстаңдар (яғни, ертеңгі күнін оразамен өткізіңдер)», – деп айтқан.

 Сондай-ақ, бір хадисте: Анығында Алла: «Кешірім сұраушы бар ма? Кешірім етейін. Қиындықтан құтылғысы келетін бар ма? Жеңілдік берейін. Ризық-несібе сұраған бар ма? Ризық-несібе берейін», – деп таң атқанша адамдар қауымына өз рақымын төгеді екен.

Имам Субуки өзінің тәпсірлерінде былай деп жазады: «Ақиқатында, бұл түн – жылдық күнәні өшіреді, жұма түні – апталық күнәні өшіреді, «Ләйлатул Қадр» болса, бүкіл өмірлік күнәларды өшіреді».

Бараат секілді ерекше түнде жасалатын құлшылықтар, өзге түндерде жасалатын құлшылықтарға қарағанда берекелі болып саналады. Бараат түніндегі құлшылықты күннің батысынан таң атқанша жасауға болады.

Алланың мейірімінен үміті бар мұсылмандар қаза намаздарын толықтырып, нәпіл намаз оқып, күнәларының кешірілуін тілеп, көбірек дұға етуі керек. Сондай-ақ, Құран оқып, Алланы зікір етіп, пайғамбарымызға салауаттар айтып, өз өмірің туралы ойлану керек. Ең бастысы бұл түнде өз өміріңді, іс-әрекеттеріңді, ойларыңды саралау, тәубеге келу.

Бұн түнді Алланың баға жетпес сыйлығы ретінде қабылдап, Алланың разылығына жету мақсатында, бұл түнді ерекше құлшыныспен өткізу керек.

Бір ғұлама: «Мұсылмандардың екі мейрамы бар секілді, періштелерде де екі мейрам бар. Періштелер мейрамдары – «Бараат түні» мен «Қадыр түні». Періштелердің мейрамының түнде болуы, олардың ұйықтамауымен байланысты. Мұсылмандарда керісінше – күндіз. Себебі, олар ұйықтайды».

Бараат түні – үкім мен тағдыр, қаһар мен разылық, қабылдау мен қабылдамау, жақсы, ізгі амалдарды жинау мен сақтау, мейірімділіктің түні. Алла бұл түні кейбір адамдарды бақытқа кенелтіп, кейбіреуін мейірімінен ұзақтатады, біреудің дәрежесін түсіріп, біреудікін көтереді, біреуі сыйлыққа ие болып, біреуі ештеңе алмайды.

Бұл қасиетті түнде орындаған барша құлшылықтарымызды, дұға – тілектерімізді Алла қабыл етіп, барша күнәміздан тазартып, Рамазанға аман-есен жеткізсін.

Әділ қажы Сахиұлы

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің найб имамы

             

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.