Take a fresh look at your lifestyle.

ДӘСТҮРЛІ ДІНІМІЗДІҢ ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ ҮЛГІСІ : І-ХІ һижри ж.а.

0 93

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Худәйбийадан оралғаннан кейін Исламның бүкіл әлемге таралуын, адамдардың тозақ азабынан құтылып, шынайы бақытқа қауышқанын қалады. Өйткені, ол бүкіл жаратылысқа рақымдылық ретінде жіберілген еді. Сол себептен де айналадағы билеушілерге елшілер жіберіп, Исламға шақыруды ойлады. Бұл елшілер сахабалардың ең таңдаулылары болатын. Келбеттілері, сөзге шешендері болатын. Әр билеушіге бөлек-бөлек Исламға шақыру хаттары жазылды. Пайғамбарымыз хаттардың астына жүзігінің бетінде үш қатар болып «Аллаһу Та’аланың Расулы Мұхаммед алейһиссалам» деп жазылған мөрін басты.  

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Хатиб бин Әбу Бәлтәны (радиаллаһу анһ) Мысыр билеушісіне жіберместен бұрын «Ей, сахабаларым! Сыйды Аллаһу та’аладан күту ниетімен мына хатты Мысыр билеушісіне кім апарады?»- деп сұрағанда хазіреті Хатиб орнынан атып тұрып, «Йа, Расулаллаһ! Мен апарамын» деді. Пайғамбарымыз: «Ей, Хатиб! Бұл қызметті Аллаһу та’ала саған құтты етсін!» деді.

Хатиб бин Әбу Бәлтә (радиаллаһу анһ) хатты пайғамбарымыздан алып, қоштасып, үйіне барды. Жануарын дайындады. Жанұясымен қоштасып, жолға шықты. Мысыр билеушісі Муқауқыстың Александрияда екенін естіп, сарайына барды. Не үшін келгенін сұраған күзетші Хазіреті Хатибке үлкен құрмет көрсетті. Оны күткізбеді. Муқауқыс ол кезде кемеде адамдарымен сөйлесіп отырған болатын. Хазіреті Хатиб (радиаллаһу анһ) бір қайыққа мініп, Муқауқыстың отырған жеріне барып, пайғамбарымыздың хатын берді. Хатты Хатибтен (радиаллаһу анһ) алған Муқауқыс оны оқи бастайды:

«Бисмилләһиррахманиррахим!

Аллаһу та’аланың құлы және расулы Мұхаммедтен Қыбттың (көне Мысыр халқының) көсемі Муқауқысқа! Тура жолға қауышқандарға сәлем! Сені игілікте болуың үшін Исламға шақырамын. Мұсылман бол, игілік тауып, Аллаһу та’аланың екі есе сыйына бөлен. Егер теріс айналсаң бүкіл Кыбттың күнәсі сенің мойныңда. Ей, кітап иесі болған яһудилер мен христиандар! Арамызда ортақ болған сөзге келіңдер. Ол – «Аллаһу та’аладан басқа еш нәрсеге табынбаймыз және Оған еш нәрсені серік етіп қоспаймыз. Аллаһу та’аланы тастап, ішімізден ешкімді жаратушы құдай деп санамаймыз». Егер бұл сөзден теріс айналса «Куә болыңдар. Біз мұсылманбыз» деңдер». («Али Имран» сүресі, 64)

Пайғамбарымыздың хаты оқылғаннан кейін Муқауқыс хазіреті Хатибке «Қайырлысы болсын» деді. Мысыр билеушісі қолбасшыларын, мемлекет адамдарын жинап, Хатибпен сөйлесе бастады. Ол: «Білгім келген нәрселерді сұрап, осылар туралы сенімен сөйлесейік»- деді. Хазіреті Хатиб «Айт, сөйлесейік» дегенде Муқауқыс:

– Сені жіберген адам туралы айт. Ол пайғамбар ма?

– Иә, ол – пайғамбар.

– Ол хақ пайғамбар болса, неге өзін отанынан шығарып, басқа жерді паналауға мәжбүр еткен қауымына қарғыс айтпады?

– Сен Иса бин Мәриям алейһиссаламның пайғамбар екеніне сенеді емессің бе? Өз қауымы оны ұстап, өлтірмек болғанда ол қарғыс айтпады және Хақ та’ала оны әлемнің көгіне көтерді. Алайда, қауымының жойылуы үшін Аллаһу та’аладан қарғыс тілеуі керек емес пе еді? Ол олай жасамады.

– Өте жақсы жауап бердің. Шынында сен хикметке толы адамнан келген елшісің. Бүгін осында қон. Ертең саған жауабымды айтамын.

Хазіреті Хатиб (радиаллаһу анһ) хазіреті Мұса заманындағы перғауынды меңзеп, Муқауқысқа былай деді: Сенен бұрын бұл жерде бір билеуші болған. Ол халқына «Ең үлкен құдай менмін» деп, өзінің тәңір екенін айтқан. Аллаһу та’ала оны дүние мен ақырет азабымен жазалап, одан өш алды. Сен бұдан ғибрат ал да, басқаларға ғибрат болма!

– Біз үшін бір ғана дін бар. Біз бұл дінімізді одан да қайырлысы шықпайынша тастамаймыз.

– Сенің қайырлысы шықпайынша тастамайтыныңды айтқан дініңнен де қайырлы болған дін  – күмәнсіз Ислам. Біз сені Аллаһу та’аланың осы соңғы дініне, Исламға шақырамыз. Аллаһу та’ала дінін сонымен толықтырған, Оны адамдарға жеткілікті еткен және бұл анық. Бұл пайғамбар жалғыз сені емес, бүкіл адамзатты Ислам дініне шақырды. Оған ең көп дөрекі әрекет танытқандар құрайыштар, ең көп дұшпандық жасағандар яһудилер, ал христиандар ең жақын адамдары болды. Аллаһу та’алаға ант етемін, Мұса алейһиссаламның Иса алейһиссаламды сүйіншілеуі Иса алейһиссаламның Мұхаммед алейһиссаламды сүйіншілеуі сияқты. Осыған орай, біздің сені Құран кәрімге шақыруымыз сенің яһудилерді Інжілге шақырғаның сияқты. Әр пайғамбардың өзін түсініп, ұғынатын бір қауымға жіберілгені күмәнсіз. Және ол қауымының осы пайғамбарға бағынуы оған міндет болып жүктелген. Міне, сен де осы пайғамбарға жеткендердің бірісің. Біз сені осы жаңа дінге шақырамыз.

Хазіреті Хатибтің бұл сөздеріне Муқауқыс:

– Мен бұл пайғамбардың жағдайына қарадым. Бұйрықтары мен тыйымдарынан ақылға қайшы келетін еш нәрсе таппадым. Менің түсінгенімше ол сиқыршы, көріпкел және өтірікші емес. Одан кейбір пайғамбарлық белгілерін таптым. Жасырын нәрселерді жарыққа шығару – осы белгілердің бірі. Кейбір сырлардан хабар беру осы адам арқылы пайда болды. Біраз ойланайық деп уақыт сұрады.

Муқауқыс түнде Хатибті оятып, пайғамбарымыз туралы біраз нәрселер сұрағысы келетінін білдірді. Араларында мынадай әңгіме болды:

– Ол туралы сұрайтын нәрселеріме дұрыс жауап берсең үш нәрсе сұраймын.

– Қалағаныңды сұра. Мен саған әрқашан да шындықты айтамын.

– Мұхаммед адамдарды неге шақырады?

– Жалғыз Аллаһу та’алаға ғибадат етуге шақырады. Күніне бес уақыт намаз оқуды, рамазан айында ораза тұтуды, берген уәдеде тұруды бұйырады. Өлген малдың етін жеуге тыйым салады.

– Оның дене-бітімін сипаттап бер.

Хазіреті Хатиб біраз сипатын айтады, біразы айтылмай қалады. Муқауқыс:

– Айтпаған тағы біраз нәрселерің қалды. Оның көзінде аздаған қызылы, арқасында пайғамбарлық мөрі бар. Өзі меркепке (есек) мінеді, жүннен киім киеді, құрма мен еті аз тамаққа қанағат етеді. Оны көкелері немесе көкелерінің ұлдары қорғайды.

– Бұлар да оған тән сипаттар.

Муқауқыс Хатибтен пайғамбарымыз туралы қайтадан сұрады.

– Сүрме қолдана ма?

– Иә, айнаға қарап, шашын тарайды, сапарда айна мен сүрмесін, тарағын, мисуәғын тастамайды.

– Мен келетін бір пайғамбардың қалғанын білетінмін және оны Шамнан шығады деп ойлап жүр едім. Өйткені, бұрынғы пайғамбарлардың барлығы сол жерден шыққан еді. Шындығында соңғы пайғамбардың Арабстаннан, тарлық, жоқшылық елінен шығатынын да кітаптардан оқыған едім. Кітаптарда сипаттары жазылған пайғамбардың келу уақыты да осы уақыт екені күмәнсіз. Біз Оның сипатын кітаптан екі ағайынды қызды бір некеге біріктірмейтін, сыйлықты қабылдап, садақаны қабылдамайтын, кедейлермен бірге отыратын деп оқыған едік. Оған бағыну мәселесінде қыбтилер мені тыңдамайды. Мен билігімнен де айрыла алмаймын. Бұл мәселеде өте сараңмын. Ол пайғамбар елдерге үстем болады, өзінен кейін сахабалары осы жерлерге дейін келеді. Ең соңында осы жердегілерді жеңеді. Мен қыбтилерге бұл сөзімді білдіргім келмейді. Осыдан соң Муқауқыс арабша жаза алатын хатшысын шақырып, пайғамбарымыздың хатына былай деп жауап жаздырды:

     «Абдуллаһтың баласы Мұхаммедке қыбтилердің көсемі Муқауқыстан!

Саған сәлем жаусын. Жіберген хатыңды оқыдым. Онда айтқан нәрсеңді және шақыруыңды түсіндім. Мен де бір пайғамбардың келетінін білетінмін. Бірақ, оны Шамнан шығады деп ойлаған едім. Елшіңді сыйлап-күттім. Саған қыбтилердің қасында қадірі жоғары болған екі күң мен киетін киімдер жібердім. Сондай-ақ, мінетін ұрғашы қашыр сыйладым».

Муқауқыс бұдан басқа ештеңе істемеді, мұсылман да болған жоқ. Хазіреті Хатибті Мысырда бес күн қонақ етті. Көп қошемет, құрмет көрсетті. Сосын «Енді еліңе, қожайыныңа қайт. Оған екі күң, екі мініс жануар, мың мысқал (бір мысқал 4,8 гр) алтын, жиырма мысырша безендірілген киім мен басқа да сыйлықтар жіберуді бұйырдым. Саған жүз динар және бес киім беруді бұйырдым. Енді жолың ашық, бірақ қыбтилер сенің аузыңнан бір сөз де естімейтін болсын»,- деді.

Муқауқыс пайғамбарымызға сонымен қатар бір мөлдір стақан, хош иісті бал, сәлде, мысырлық зығыр матасы, иіссулар, аса таяқ, ыдыста сүрме, гүл майы, тарақ, қайшы, мисуәк, айна, ине және жіп те беріп жіберді.

Муқауқыс Ислам елшісі Хатиб бин Әбу Бәлтәның жанына қорғаушы әскерлер қосып жіберді. Арабстан жеріне аяқ басқан кезде Мәдинаға бара жатқан керуенге жолықты. Хатиб (радиаллаһу анһ) Муқауқыстың әскерлерін кері қайтарып, сол керуенге қосылды. Хатиб бин Әбу Бәлтә (радиаллаһу анһ) сыйлықтармен Мәдинаға келіп, пайғамбарымыздың алдына барды. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Муқауқыстың сыйлықтарын алды. Хатиб (радиаллаһу анһ) Муқауқыстың хатын беріп, сөздерін жеткізгенде пайғамбарымыз «Билігін қимады. Ал негізінде иман келтіруіне кедергі болған бұл билігі өзінде қалмайды»- деді.

Муқауқыстың пайғамбарымызға сыйлық ретінде жіберген екі күңі Мария мен сіңлісі Шырын болатын. Хатиб бин Әбу Бәлтә (радиаллаһу анһ) жолда оларға мұсылман болуды ұсынғанда олар қабыл етіп, мұсылман болған болатын. Пайғамбарымыз хазіреті Марияның мұсылман болғанына қатты қуанып, онымен некесін қидырды. Одан Ибраһим деген баласы болды. Шырынды (радиаллаһу анһа) сахабаларынан Нәби ақыны болған Хассан бин Сабитке (радиаллаһу анһ) берді. Асыл тұқымды ақ түске жақын сұрғылт түсті екі жануардың ішіндегі қашырға Дүлдүл, есекке Уфәйр немесе Яфур деп ат қойылды. Сол кезге дейін Арабстанда ақ қашыр кездеспеген еді. Мұсылмандардың көрген алғашқы ақ түсті қашыры Дүлдүл болды. Пайғамбарымыз сыйға берілген мөлдір стақанмен су ішетін.

Муқауқыс пайғамбарымыздың хатын құрметтеп ұстап, пілдің тісінен жасалған ыдысқа салып қойды. Ыдысты мөрлеп, күңдерінің біріне берді. Аталмыш бұл хат 1267 (м.1850) жылы Мысырдың Ахмин аймағында көне монастырдағы Қыбт кітаптарының арасында тұрған және оны Осман падишахы 96-халифа Сұлтан Абдулмажит хан сатып алып, Стамбул Топкапы сарайы Қасиетті аманаттар бөліміне қойылған.

Оңғар Хайридинов

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің наиб имамы

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.