Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

ҚОШ КЕЛДІҢ, РАҚЫМДЫ РАМАЗАН!!!

0 1  476

РАМАЗАН МҮБӘРАК БОЛСЫН!

 Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Құранда Жаратқан Иеміз былай дейді:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا كُتِبَ عَلَيْكُمُ الصِّيَامُ كَمَا كُتِبَ عَلَى الَّذِينَ مِن قَبْلِكُمْ لَعَلَّكُمْ تَتَّقُونَ

«Уа, мүміндер! Сендерден бұрын өткен қауымдарға парыз етілгендей тақуалыққа жетулерің үшін сендерге де ораза ұстау парыз етілді» (Бақара сүресі, 183-ші аят).

Рамазан – асыға күткен мұсылман қауымы үшін Алланың шексіз мейіріміне бөленетін үлкен мүмкіншілік айы. Бұл айдың қадір-қасиетін түсінген мұсылмандар осынау мүбәрак аймен қимай қоштасып, ал қайта қауышқанда құрметті қонағын күткендей құшақ жая қарсы алады. Рамазан – жыл сайын бір ай бойы есігін айқара ашатын Жаратқан Иеміздің тәрбиелік мектебі. Бұл айда мұсылмандар өздерін Хақ Тағалаға бойсұнуға және де күнәлардан тыйылуға үйренетін мүбәрәк ай.

Адамзат баласын тура жолға бастаушы Құран кәрімнің алғашқы құтты аяттары түсе бастаған қасиетті Рамазан айы да келіп жетті. Баршамыз асыға күткен Рамазан – игілік пен береке, кешірім және мейірім һәм қайырымдылық айы. Ол жайында Бақара сүресінің 185 аятында: «Рамазан – адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұтынатын жолбасшы ретінде Құран түсіріле бастаған ай. Рамазан айы туғанын көрген адам бірден ораза ұстайтын болсын. Егер біреулер ауру болып, әйтпесе жол сапарда жүрсе, онда басқа күндерде өтесін», – деп жазылған.

Рамазан айында ораза ұстаған бауырларымыздың ұлық ғибадаттары арқылы өз пендешілігін сезініп, мұсылманға тән сабыр мен төзімділіктің шынайы үлгісін көрсетеді. Өзара сұхбаттар, тарауих намаздары, күндізгі құлшылықтар мұсылман қауымын біріктіріп, жаңа рухани жетістіктерге бастайды. Әсіресе ауыз ашар дастархандары ерекше әлеуметтік және рухани баии түсер зор мәнге ие. Рамазан айында мүмкіндігі бар мұсылмандар мұхтаж жандарға қарайласып, көмек берудің, қайырымдылық пен бауырмалдықтың үздік үлгісін көрсетеді.

Сүйікті пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадис-шәріпінде: «Рамазан айы жәннаттың есіктері айқара ашылған, жәһаннам есіктері тарс жабылған, азғын шайтандар шынжырмен кісенделген мүбарәк ай», – деп паш етілген. 

Құрметті мұсылман жамағат! Құрметті елордалық жамағат! Алла тағала баршамыздың осы айда жасайтын ғибадат-құлшылықтарымызды қабыл еткей! Мүбарәк Рамазан баршаңызға құтты, күллі Ислам әлеміне қайырлы да берекелі болғай!

Айлардың сұлтаны қасиетті Рамазан айы мүбарәк болсын! Оны өзіне лайықты құлшылықпен тиісінше жоғары деңгейде өткізу арқылы Алла тағаланың рахымы мен мейіріміне бөленіп, мол сауап алуды баршамызға нәсіп еткей! Әумин!

Нұрлан Рамазанов

«С.Ғылмани» мешітінің Бас имамы

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.