Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Матуриди мектебі «Тәуил» тәсілін не үшін таңдаған?

0 1  234

Исламдағы сүнниттік сенім бағытын бір жүйеге түсіруде ерен еңбек еткен имамдардың бірі әрі бірегейі имам Матуриди болып табылады. Ол, Құранға толығымен түсініктеме жасаған өзінің «Тәуиләтул Құран» атты еңбегін, неге көпшілік ғалымдар секілді «Тәпсір» сөзін қолданбай «Тәуил» сөзін қолданды деген сұрақ туындайды.

Бұл сұраққа жауап беруден бұрын, ислам діні келген күннен бүгінге дейін тәпсір мен тәуил сөздері кейде синоним термин ретінде бірінің орнына екіншісі қолданылып келгендігін де айта кеткен жөн.

Араб тіліндегі, «тәпсір» сөзі бір ұғымның, сөздің мәнін ашықтауды, түсіндіруді білдірсе, ал «тәуил» сөзі ауыспалы бірнеше мағынасы болған сөздің түпкі мәніне ең жақын әрі дұрысын таңдауды білдіреді. Имам Матуриди, Құрандағы: «Бәлки, олар ол кітап жайлы нақты білмей және оның мән-мағынасы өздеріне толық ашылмай тұрып, оны бірден жалғанға шығарды» («Юнус» сүресі, 39-аят) деген аяттағы «тәуил» сөзін былай түсіндіреді: «Тәуил дегеніміз, ол – бір нәрсенің түпкі мәнінің ашылуы» (Бәкір Топалұғлы, Тәуилатул Құран ли Әби Мансур әл-Матуриди, 7-том, 58 б.).

Терминологиялық мағынасы жайлы тағы бір сөзінде имам Матуриди: «Тәпсір мен тәуилдің айырмашылығы болса, тәпсір – сахабаларға, тәуил – фақиһ (дін негіздерін жақсы білетін) ғалымдарға тән.

Тәфсирде аяттың мағынасы Алланың мұрат-мақсаты ретінде көрсетілетіндіктен, Құран аяттарының не туралы түскенін көзімен көріп, істің ақиқатын жақсы білген сахабалар аятты тәпсірлеуге ең лайықты жандар.

Хадисте: «Кімде-кім Құранды өз ойымен тәпсірлейтін болса, өз орнын тозақтан дайындасын» (Сунанут-Термизи, 2950-хадис) делінген. Сондай-ақ, аяттың мән-жағдайын білмей тәпсірлеу Аллаға қарсылық болып табалады.

Ал, тәуил – істің түпкі мәніне қайту. Қайту мағынасындағы етістіктен шығады. Тәуилде аяттың ауыспалы бірнеше мағынасының бірі таңдалады. Міне, осы тұрғыдан тәуил жолы жеңіл. Құрандағы: «الْحَمْدُ للّهِ» сөзінен екеуінің айырмашылығын көруге болады.

Тәпсір ғалымдарының кейбіреуі, «Алла Тағала Өзін мақтады» — десе, енді біреулері, «Өзіне хамду (мақтау) айтуға әмір етті», — дейді. Тәпсір – бұл емес, мынау мұрад етілді деу. Ал тәуил жасағандар, «Хамду сөзі – Аллаға сәнә, мақтау және шүкірлік етуге қайтады. Ақиқатын, Алла біледі», — дейді. Тәпсір – бір мағынаны беру, тәуил – бірнеше мағынадан тұрады» (Док, Сағд әд-Дәмәнһури, Имам әл-Матуриди уә мәнһажу әлһис-Сунна фи тәфсирил-Құран, 92 б.).

Имам Матуриди көзқарасы бойынша, тәпсір – аяттың мағынасы жайлы білдірілген нақты бір ойды айтуға, ал тәуил – аяттың ауыспалы мағынасының бірін таңдаудағы жорамалға саяды. Имам Матуридидің, «Тәуиләтул Құран» атты еңбегінде Құран аяттарының түпкі мәніне үңілу, сырын ашу қырына көбірек назар аударылғандықтан, тәуил сөзін қолдануды жөн санады деуге болады.

«Тәуил» сөзі мен «тәпсір» сөзінің айырмашылығын Құрандағы: «Оны таза жандардан өзгелер ұстай алмайды» («Уақиға» сүресі, 79-аят) деген аятынан да көруге болады. Фықһ еңбектерінде зікір етілгендей, дәреті болмаған адамның Құранды қолына ұстай алмайды деген мағынасы – бұл аяттың тәпсірі. Ал, адамдардың бақытты өмір сүру үрдісін қалыптастыру жолында Құранды ұстауға (мәнін, сырын ашуға) лайықты жан білімді әрі руханияты таза болғандар деген мағынасы аяттың тәуилі болып табылады. Яғни, Құранды дәретпен оқу – Оның мәніне жету үшін адамның руниятын дамытатын бір себебі саналады. Ал, Құрандағы ақида, фықһ, сопылық және жаратылыс ілімдердің үздіксіз дамытылуы – аяттың тәуилі болып есептеледі. Осы ойымызды қысқаша былай түсіндіре кетелік.

Ақида ілімінің дамытылуы – әр кезеңде ортаға шыққан қоғамдағы діни-идеологиялық көзқарастармен бірге, түрлі құрапилықтарға (ағаштың басына ақ шүперек байлау және т.б.) дер кезінде жауап беру арқылы қоғам бүтіндігін сақтаудың тетіктерін қалыптастыра білу;

Фықһ ілімінің дамытылуы – адам құқықтарының қорғалуы мен экономикалық әлеуетін көтеру жолында жүз түрлі сұраққа мың түрлі жауап таба білу. Мысалы, бүгінгі әлем мұсылмандарының құқықтарының тапталып, босқынға айналуы мен әлемдік экономикалық жүйенің кредиттік (өсімдік) негізден тұратындығы фықһ ілімінің ғасырлар бойы дамытылмай қалғанын көрсетеді;

Сопылық ілімнің дамытылуы – бүгінгі жас ұрпақтың бойына жақсы қасиеттерді мектеп табалдырығынан бастап бойына сіңіруді, жауапкершілікті сезінетін адал, жанашыр, іскер және жан дүниесі хикметке толы адам шығаруды ұқтырады. Өкінішке орай, бүгінде сопылық ілімді бір жерге жиналып алып сағаттап мүлгуден, басты шұлғып зікір салудан тұрады деп ұғатындар жоқ емес. Мұндай түсінік сопылық ілімінің тоқырауынан туындаған;

Демек, аталмыш үш ілімнің дамытылуын – Құранның тәуилі деп ұққан дұрыс. Өйткені, аталмыш әрбір ілім Құранның мәнін ашып, технологиясы мен экономикасы шарықтаған өркениетті қоғам қалыптастырудың негіздері болып табылады. Сенімдік және құқықтық мәзһабтардың да қалыптасуының сыры осында жатыр. Яғни, құқықтық Ханафи мәзһабының «Мәдрасатур-Рай» деп аталуы мен сенімдік Матуриди мәзһабының «Тәуил» тәсілімен ерекшеленуінің өзіндік мәні бар.

Бұл мәзһабтарда саналы адам баласының ақылын дұрыс қолдана отырып, айналасындағы жаратылысты тануға және оны адамзат қажетіне жаратуға жауапты екендігін ұқтырса керек. Сонымен қатар, рай (ақыл), дирая және ижтиһад терминдері де осы тәуил ұғымымен төркіндес, діттеген мұраттары бір болып табылады.

Самет Оқанұлы, исламтанушы
kazislam.kz 

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.