Take a fresh look at your lifestyle.

Қадір түнін күтсек 83 жылдық құлшылықтан босаймыз ба?

0 238

Бүгінде кейбіреулер, «Құранда қадір түнін құлшылықпен өткізген адамға 83 жылдың немесе 1000 айдан артық уақыттың сауабы жазылады делініпті. Сол бір түнді жақсылап өткізсек болды емес пе?» деген қате түсінікке ұрынып жатады.

Бұл көзқарастың астарында жылына бір рет қадір түнін қастерлеп өткізіп, жылдың қалған уақыттарында парыз құлшылықтарды орындамаса болады деген ой жатқан секілді. Әрине, бұл дінді дұрыс түсінбеуден немесе діндегі міндетті (парызды) мойнына алғысы келмеуден туындап отырған жағдай. Өйткені, діндегі бес парыздың үкімі көптеген аят, хадистер негізінде нақты бекітілген. Ал, қадір түнін құлшылықпен өткізудің үкімі – мүстахаб. Жақсы ниетпен қадір түнін күзеткен адам Алланың қалауымен мол сауапқа бөленеді.

Қадір түнін күзетпеген адам күнәкар болмайды. Яғни, қадір түнін күзеткен кісіге мың айдың сауабы беріледі дегендік, мың айлық парыз құлшылығын орындамай-ақ қойса болады дегенді білдірмейді. Қасиетті Құранда:

«Қадір түні мың айдан да қадірлі» («Қадір» сүресі, 3-аят) делінсе,

Алла елшісі ﷺ бір хадисінде:

«Рамазан айында мың айдан қайырлы болған бір түн бар. Кімде-кімде сол түннің жақсылығынан мақұрым қалса, көп нәрседен мақұрым қалғаны» (Ибн Мәжжа) делінеді.

Бұл аят, хадистерді ғалымдардың көзқарасы негізінде қысқаша түсіндіре кетер болсақ, танымал тәпсірші ғалым М.Хамди Язар:

«Аят, хадистерде келген қадір түнінің мың айдан артықтығы жайлы сүйінші хабарларды Ибн Жәрир айтқандай, «қадір түні жасалған құлшылық қадір түні болмаған мың айдан артық» деп түсіну керек. Мұның өзі соңғы пайғамбарға және оның үмметіне көрсетілген мол кеңшілігі»[1], — дейді.

Яғни, қадір түні нәсіп болмаған бұрынғы үмметтердің мың айғы уақытынан қадір түнгі құлшылықтың сауабы артық деген мағынаға келеді. Әрбір мұсылман Рамазан оразасын ұстап, қадір-хәлінше қадір түнін сауапты етіп өткізуге тырысады. Яғни, 83 жыл бойы қадір түнінің қадіріне жетпей, өмірден өтіп кететін мұсылман өте аз.

Сол себепті, бұл бұрынғы үмметтер мың жыл бойы Аллаға құлшылық етіп, сауапты іс жасаған болса, ғұмыры шектеулі мұсылман үмметінің сауапты істе олардан кеміп қалмауы үшін «қадір түні» мұсылман үмметіне тарту етілген Алланың бір сыйы деп ұққан жөн. Сонымен қатар, бір түнгі сауапты амалдың 1000 айғы сауапты амалдан артық делінуі нақты бір өлшемді білдірмейді.

Бәлки, Алланың қалауымен қадір түні ұзақ уақыт еңбектеніп таба алмайтын есепсіз сауаптың берілетіні айтылып тұр. Себебі, көп жағдайда қазақ халқының, «Мың алғыс», «Мыңдаған әскер» және «Мыңғырған мал» деген сынды сөздердегі «Мың» сөзі көптік мағынада қолданылғаны тәрізді араб тіліндегі «Мың» сөзі де көптік мағынада келген. Қорыта айтар болсақ, ислам ғұламаларының ешбірі, қадір түнін құлшылықпен өткізуді – мың айлық парыз құлшылықтың орнын толтырады демеген.

Сондықтан, қадір түнін күзетудің, оны құлшылықпен өткізудің үкімі – мүстахаб (яғни, ерікті амал). Ал, діндегі бес парыздың үкімі – парыз. Оның әрбірінің орындалатын уақыттары, шарттары бар. Әркім міндетті болған парыз құлшылықтарын шарттарға сай атқарғанда ғана мойнынан парыздығы түспек. Сол себепті, мұсылманның өмір бойы орындауға міндетті болған парыз құлшылықтары мен ерікті етілген қадір түнін құлшылықпен өткізуді бір-бірімен шатастыруға әсте болмайды.

Самет Оқанұлы

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.