Take a fresh look at your lifestyle.

Америка Қазақстан жүргізген «Жусан» операциясын жоғары бағалады

0 159
АҚШ-қа ресми сапарының негізгі күні Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов Президенттің Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джон Болтонмен және Мемлекеттік хатшы Майкл Помпеомен келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.

Кездесу барысында тараптар екіжақты күн тәртібінің негізгі мәселелерін және ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен АҚШ президенті Дональд Трамп 2018 жылғы ұаңтарда қол жеткізген уағдаластықтарды жүзеге асыру мәселелерін талқылады. АҚШ өкілдері Қазақстандағы кезектен тыс президенттік сайлаудың қорытындысын қолдап, Қазақстан-Америка қарым-қатынасының барлық спектрі бойынша ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екендіктерін білдірді.

АҚШ Мемлекеттік департаментінде Б. Атамқұлов Елбасы Н. Назарбаев және ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың АҚШ-тың алдағы 243-ші Тәуелсіздік күніне орай Ақ үйдің басшысы Д. Трампқа жолдаған құттықтау хаттарын табыс етті. Қазақстандық сыртқы саясат ведомствосының басшысы сайланған Президент АҚШ-пен кеңейтілген стратегиялық әріптестікті дамытуға ерекше назар аударатынын атап өтті. Келіссөздер барысында америкалық тарап Президент Қ. Тоқаевтың әлеуметтік-экономикалық және саяси қайта құру бағдарламасына қолдау көрсетіп, белгіленген реформаларды жүзеге асыруға қажетті көмек көрсетуге дайын екендіктерін білдірді. Екіжақты қатынастардың экономикалық күн тәртібін талқылай отырып, тараптар жаһандық экономикадағы қиындықтарға қарамастан, ҚР мен АҚШ арасындағы сауда-инвестициялық өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін атап өтті.

2018 жылы экономикалық ынтымақтастықтың негізгі көрсеткіштері айтарлықтай өсімді көрсетті, сауда айналымы үш есе өсті, ал американдық инвестициялардың ағыны екі есе ұлғайды. Ақ үйде кездесу кезінде Дж. Болтон АҚШ-тың Қазақстанмен кеңейтілген стратегиялық серіктестікке беретін маңыздылығын атап өтті. Тараптар қолдағы уағдаластықтар мен жоспарларды сапалы имплементациялауды жалғастыру ниетін растады, сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша нақты пікір алмасты. Бұл контексте Дж. Болтон мен М. Помпео стратегиялық әріптестіктің осы бағытын одан әрі арттыруға бейілділігін растады.

Атап айтқанда, ҚР экономикасында энергетика, көлік өнеркәсібі, инфрақұрылым, қаржы, фармацевтика, аэроғарыш саласы, ауыл шаруашылығы, ӘӨК, IT-технологиялар, киберқауіпсіздік және т.б. салаларда америкалық инвестициялар мен технологиялардың қатысуын әртараптандыру туралы сөз болды. Тараптар екі мемлекеттің халықаралық терроризмге қарсы күрес, өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру жөніндегі бірлескен күш-жігерін және басқа да халықаралық мәселелерді талқылады. Әлеуметтік-экономикалық және гуманитарлық жобаларды екіжақты форматта да, көпжақты платформалар шеңберінде да іске асыру жолымен Ауғанстанның тұрақты дамуын қамтамасыз ету бойынша бірлескен күш-жігерді жалғастыруға уағдаласты.

Америкалық тарап «Жусан» қазақстандық операциясын жүзеге асырудың табыстылығын жоғары бағалады, оның аясында Қазақстан Сириядағы ұрыс қимылдарынан 600-ге жуық азаматты қайтарып алды. Мемлекеттік хатшы М. Помпео ҚР-дың іс-қимылдарын халықаралық терроризмге қарсы іс-қимылдағы нақты үлесі және әлемнің басқа мемлекеттері үшін үлгі деп атады.

Қазақстан мен АҚШ қайтып келген азаматтарды тиімді қайта әлеуметтендіру мәселелерінде ынтымақтастықты жалғастырады. Орталық Азия мен АҚШ мемлекеттері арасындағы «С5+1» өңірлік тұғырнамасын одан әрі дамытудың маңыздылығына ерекше назар аударылды.

www.inform.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.