Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

СОПЫЛЫҚ – ИСЛАМНЫҢ РУХЫ

0 8  120

«Сопылық» немесе «тасаууф» (араб. التصوَف) – ежелден қазақтың діні мен дәстүрінде қастерлі саналатын діни-рухани ұғым. Ол діни термин ретінде Жаратушыны тану әрі Оған жақын болу мақсатында нәпсіні тәрбиелейтін, мінез-құлықты көркейтетін, адамның ішкі жан дүниесін рухани кемелденуге жетелейтін жол немесе методологияны білдіреді. Жалпы, бұл ұғымның мағыналарын бір ауыз сөзбен түсіндіріп жеткізу мүмкін емес. Сондықтан әр заманның мұсылман ғалымдары бұл ұғымға әр түрлі түсініктемелер берген.

Ғұламалардың көбі сопылыққа анықтама бергенде мінез жағын айтады, бұл бағыт шындықтан алыс емес, себебі Тасаууф: Мінезді зерттейтін ілім.

Сопылықтың анықтамасы мыңға жететіні жайлы; өзі сопы болған хадис маманы Әбу Нағим Ал-Асбахани «Хилятул Аулия» кітабында келтіреді, кей біреулерін Имам Ал-Қушайри жеткізеді.

Мыласы, Әбу Бакр Ал-Каттани қ.ж 233х «Тасаууф мінез, кім саған жақсы бір мінез қосса, сенің тазалығыңды арттырды».

Әбу Мухаммад Ал-Жарири сопылық жайлы сұралғанда: «Барлық жақсы мінезге жету және барлық жаман мінезден арылу» деп жауап берді (1)

 Зәкәрия әл-Ансари (һ.929 жылы қайтыс болған):

«Сопылық мәңгілік бақытқа жету мақсатында нәпсіні тәрбиелеудің жай-жапсарын үйрететін, мінез-құлықты көркейтетін, кісінің ішкі жан дүние мен сыртқы жаратылысты қатар меңгертетін ілім» деп анықтама берген.

Имам әл-Жүнәйд (һ.297 жылы қайтыс болған):

 «Сопылық деп күллі жақсы мінездерді пайдаланып, барлық нашар мінездерді тәрк етуді айтамыз» деп анықтама берген.

Ахмад ибн Ажиба былай деген:

«Сопылық мүліктердің жалғыз иесінің құзырына апаратын жолдарды үйрететін, ішкі жан дүниені кесірлі мінездерден тазартатын және оны әр алуан асыл құндылықтармен безендіретін ілім. Оның бастауы – ілім, ортасы – әрекет, соңы – Алланың сыйы»,-деген. (2)

«Суфидің тәжірибесі ол жеке хәл, оның басқаларға түсіндірілуі, жеткізілуі мүмкін емес. Бұл хәл-трансцендентті табиғатта болғандықтан, сөзбен айшықтау, бұл хәлді басынан өткізбеген адамға түсіндіру тағы мүмкін емес. Суфилердің “лам йазуқ уа лам йагриф”, яғни “татпаған білмейді” сөзі осы хәлді анықтау үшін айтылған. Сондықтан суфилер хәлдерін түсіндіру үшін символдарға, антропоморфты ұғымдарға, метафораға, теңеу сияқты символдық-образды терминдер қолданады.» (3)

Сопы­лар – нағыз тақуалық өмір салтын ұстанып, рухани кәміл­дікке ұмты­лушылар.  «Өзін өзі мейлінше шектеп, фәни қызы­ғын, пенделік тіршілік қамын, жеке бас еркін тәрк етіп, бір ғана Аллаға жетуді мақсат етушілер» дейді «Ислам энциклопедиялық анықтамасы».

«Құран ілімі, хадис ілімі және фикһ ілімі сияқты Ислам дінінің негіздері жинақталып, жүйеленіп жатқанда, Исламның ішкі, рухани мазмұнына тереңірек үңілген тақуалар да Құран мен хадиске және Пайғамбар (с.ғ.с) сүннетіне сүйене отырып, тасаууф ілімнің негізін қадаған еді. Иман тақырыбына терең бойлай, амалдың тұңғиығына сүңгіген алғашқы сопылар жаратылыстың таңғажайып сырлары мен Құранның ішкі мәнін және адамның болмысын ұғынуға талпыныс жасады. Осылайша, жүрек пен көңілге негізделген Исламның рухани өмірі кемелдене түсті. Қасаңдыққа бой алдырмай, шынайы ықыласпен жасалған бұл талпыныс кезінде сопылар Құран мен тафсирге, хадис пен сүннетке және шариғаттың қағидаларына сүйеніп отырды.» (4)

Сопылықтың тарих сахнасына шығуы жалпы ислам философиясындағы ең алғашқы диалектикалық пікір қозғалысының басталуымен сәйкес келеді. Бұл қозғалыстың басында Хз. Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) Абу ад-Дарда, Абу зар ал-Ғифари, т.б. сахабалары болатын. Ислам философиясы тарихында Абу Зар Ғифари сияқты сахабалардан бастап, Хасан әл-Басирге (ө. ж. м. 728) дейінгі аралықты суфизмнің алғашқы зухд, тақуалар дәуірі деп атайды. Бұл дәуірде Сопылық қозғалыс философиялық, метафизиялық мәселелерді зерделеуден гөрі парасатты, көркем ахлақты адам болуды мақсат еткен практиклық мәндегі қозғалыс болатын.Сопылықтың екінші кезеңі Хасан ал-Басирден Имам Ғазалиге (м. 1055 – 1111) дейінгі аралықты қамтиды. Бұл дәуірде сопылық дегдарлық пен тақуалық сияқты практикалық  қозғалыс болумен қатар қалам, құқық және философия сияқты жалпы ислам ойлау жүйесіндегі бағыттарға параллель доктриналық деңгейге көтерілді. Хасан әл-Басридан басталған сопылық философия бірте-бірте қалыптасып, екі негізгі салаға: Маламийа, Исбатийа мектебі болып айрылды.  Бұл кеңінен тарқатуды қалайтын бөлек әңгіме!

Сопылық  жолды аумақтық мәні арқылы:

–                     арабтық сопылық

–                     ирандық сопылық

–                     түркілік сопылық және басқалары деп ажыратады.

Қожа Ахмет Яссауи негізін салған түркілік сопылық Құдайды және діни ақиқатты тану ілімі болып табылады. Сопылық  ілімі туралы айтқанда  ешқашан Яссауи іліміне, Яссауи жолына соқпай өте алмаймыз.Ахмет Яссауидің Исламдық моралды дәріптеген даналық сөздерінің Дешті Қыпшақтың бай өлкесіне, Еділ бойында, аяққы Азияда кең тарауына тілінің түсініктілігі мен қарапайым бейнелеулерге бай болып келуі өз ықпалын тигізді. Өз дәуірінде Яссауидың кең насихатының арқасында түркі танымында кездесетін Шаман, Зорастра, Манихей, Будда, Христиан діндеріне негізделген күрделі, кейде бір-біріне қайшы келетін ұғымдар ысырылып, Алла және пайғамбарлар, қасиетті кәлам Құран жайлы қалыпты ұстыны бар жүйелі ілім Ислам келді.

Исламтанушы Ершат Оңғар: «…қазақ даласындағы көшпенділер арасында Исламның таралуына сопылықтың маңызы зор болды. Сопылық арқылы Исламның моральдық принциптері бұқара халық санасына сіңірілді. Ал, қоғамдық өмірдің ресми деңгейінде Әбу Ханифа мәзһабы қолданыс тапты», -деп жазады. (5)

Фахреддин Рази, имам Ғазали сияқты ғұлама ғалымдар мен Бейбарыс, Бабыр, Мұхаммед Хайдар Дулат сияқты мемлекет басшылары зуһд, яғни сопылық жолында болған.

Ал Мухасиби, Келебази, Кушейри, Араби, Яссауи, Руми, Раббани, Жами сынды мутасаууфтар исламның қайнар бастауларына сүйене отырып сопылық жолдың әдебі мен тәртібін қалыптастырып, орнықтырған еңбектер жазды.

Жалпы Абай, Шәкерім және қазақтың жыраулық поэзиясында сопылық сарынның басым екені белгілі. Мысалы, жыраулық поэзияның көрнекті өкілі Дулат Бабатайұлы:

“Күнәм – жойқын, тәубам – аз,

Тіршіліктен не таптым?

Дүние – жемтік, мен – төбет,

Соны бақпай, не бақтым?” – дейтін өлең жолдары бар.

 Расында, сопылық – Тәңір алдында тізе бүгіп, қатесін ұғып, тәубаға келіп, Абайша айтқанда “ынталы жүрек, шын көңілмен” егіліп, Жаратқанға жалбарынып, Құдайға құлшылық қылу. Міне, сол үшін сопылық жолды ұстану жеңіл емес. Сондықтан болса керек, Кердері Әбубәкір:

 “Сопылық деген ауыр жол,

 Ұстап жүрсе – тәуір жол.

Сопылықты іздесең,

Оқыған көп ғалым бол” – дейді.

Мұнда ақын бабамыз сопылық жолға түсу үшін захир ілімін, Құран хадисті және шариғат негіздерін жетік меңгерген ғалым болу керек екенін ерекше ескертеді.

 Кемел адам, Абайша айтқанда “толық адам – өзінің қасиетіне, қалыбы мен негізіне мейлінше жақындаған асыл адам. Ол – кісілікке жат қылықтардан әбден арылып тазарған, ішкі жан дүниесі ағарып, рухани қасиетке ие болған адам”.

Ұлы Абай кемел адамның сипаттары ретінде сыддық, кәрам, ғақылды көрсетеді. Мұнда сыддық – әділетпен, кәрам – шапағатпен, ғақыл – ғылыммен астасып кетеді.

Осылайша бар ғұмырын дінге арнаған тақуа жандардың себеп болуымен ислам діні қазақ халқының күнделікті өмір салтында берік орын алды. Оның дәлелі ретінде Яссауи жырларынан бастау алатын абыздар мен жыраулар поэзиясы және Қорқыттан бергі ән-күйімізде сопылықтың сарыны бар екенін айтуға болады.

Жинақтай келгендеИсламдағы сопылық – мұсылманның Жаратқанға деген иманын амалмен күшейтетін, әрбір ісін Алланың өзін көріп тұрғанын сезіне отырып жасауға баулитын, жүрегіне Аллаға  һәм Оның елшісіне деген ерекше махаббатты оятып, күллі адамзатқа, тіпті жалпы жаратылысқа деген мейірімі мен жанашырлығын тереңдететін тәрбие мектебі.

«Сопылық – адам рухын нәпсі үстемдігінен құтқарып, өзінің «мендігін» ұмыттырып,  Жаратқанның қалауына толықтай бойұсынуға тәрбиелейтін үздіксіз күрес майданы. Сопылық жол – иман ақиқатына жетуді мақсат еткен ұзақ та қиын жолаушылық.» (2)

«Сопылық – кісінің көкірек сарайын мансапқорлық пен атаққұлдық, дүниеқұмарлық пен рияшылдық, өзімшілдік пен  тәкаппарлық, көрсеқызарлық пен қызғаныш секілді рухани дерттен емдеп, жүрегін Алладан басқа барлық нәрседен тазартып, шынайы ықыласқа жетелейтін, тұла бойын барша жаман қылықтардан арылтып, көркем қасиеттермен безендіретін тәрбие ошағы һәм рухани емхана.» (2)

Белгілі ғалым Қ.Жолдыбай: «Сопылық ілімін кейде жүрек ілімі деп те айтады. Себебі, жүрек түзелсе, онда кісінің барша істері де дұрыс болмақ. Алла елшісі (с.ғ.с.) бұл жайлы бір хадисінде: «Денеде бір кесек ет бар. Ол түзелсе, бүкіл дене түзеледі, ал ол бұзылса күллі дене бұзылады», – деп ескерткен. Басқа бір хадисте: «Алла Тағала сендердің денелеріңе және дене пішіндеріңе емес, жүректеріңе қарайды», – деп Алланың назары түсетін, амалдың бағаланатын орны жүрек екенін білдірген. Ендеше, денесінің кір, киімінің лас болуынан өзін ыңғайсыз сезініп, таза жүруге ұмтылған кісінің Алланың назар салар орны – жүрегінің тазалығына да аса ыждахаттылық танытуы тиіс емес пе? Шәкәрімше айтсақ, «Сыланасың сыртыңа өң беріп, ішіңнің түзетпейсін қатасын»,- дейді. (6)

Сопылар өздерін бауыр­ластар, дос­тар деп санап, табиғи қабілеттері ойлау мәде­ниеті мен дағдыларына қарай бір-бірін тез таниды, белгілі ұстаздар төңірегінде топталып машықтанған. Олар өркениетке VIII ғ. мен XVIII ғ. ара­лығында зор ықпал еткен.

Сопылар дүниеқоңыздық, мақ­тан­шақтық, дарақылық, дәс­түрге бірбеткей табынудан, болмаса біреулерді асыра қас­терлеуден аулақ. Олар діни дәс­түрлерді ақылға жеңдіріп, қоға­мның әлеу­меттік үйлесімі, бір­лігі тұрғысынан құр­меттейді, пе­ріштелерді ізгілікті қасиеттері ашылған адамдар деп есеп­тейді. Низами жазғандай «ақынның көме­­кейінде асыл қазынаның кілті жасы­­рынған».

Сопылардың мәтелі бойынша «жалған ақша шын ақша болғандықтан ғана көрініп жүр» деген. Жалған мұсылмандық ұлттың сау рухани организміндегі зиянды ісік тәрізді. Біз бүгін сопылық ілімінің баға­сын бере алмай жүрген сияқтымыз. Әдебиетте кейде сопыларды шала сауатты, жөнді білім алмаған дүмше молдалармен теңейді. Шындығында, сопылар көбіне қалың көпші­лікпен тығыз байланыста болып, зор беделге ие болған. Дәстүрлі діни догматтарды сақтаушылар оларды өздеріне бәсекелес санағаннан кемсітуге ты­рысқан. Ал сопылық мәдениет қа­зақ даласына терең тараған.
Қазіргі уақытта қоғамның әрбір мүшесінің елге жанашыр азамат болып қалыптасуы, адами құндылықтарды құрметтеуі, өзге дін өкілдеріне төзімділікпен қарауы қаншалықты маңызды болса, біз сол идеялардың кешегі Яссауи бабаларымыздың мұраларынан бастау алатынына қазір анық көз жеткізіп отырмыз. Сол үшін исламның тарихын, жүріп өткен жолын, ата-бабаларымыздың ислам мәдениеті мен өркениетіне қосқан үлесін тану –парыз.

Осы орайда, елбасымыз Н.Ә. Назарбаев айтқан «Біз тегіміз – түрік, дініміз – Ислам екенін ұмтпауымыз керек» деген ұстанымды жетекшілікке ала отырып, қанымызға сіңісті Ислам дінін, соның ішінде ханафи-матуриди мәзһабын, тариқатта бүкіл түркі жұртының мұсылман дінін қабылдауында үлкен рөл ойнаған Яссауи жолын, оның діни-ағартушылық көзқарастарын концептуалды түрде дамыту қажет. Сонда ғана биік дамуға бет алған әлемдік өркениетке өз үлесімізді қоса алмақпыз.»(7)

«Әр­түрлі діни ағымдар тараған ортада дінге қызығушылық танытқан жастар бір ағымды таңдаудың алдында тұрады. Таңдауға көп­теген факторлар әсер етеді. Ол әлеуметтік ортаға, әртүрлі мұсыл­мандармен араласуы­на, имамдардың беделіне, интернеттегі ақпаратқа байланысты. Сонымен бірге олардың тәр­биесінің, білім деңгейінің, отбасының, ата-аналарының, жұбайларының да орны бөлек. Сопылар айтқандай, адам­дар кейде даналықтың ал­­тын кілті қолына рухани ізде­ніссіз келе салатындай көре­ді.

Дегенмен, рухани кемелділік адамның тек интел­лект дең­гейіне қарап емес, іш­кі дүниесіне, рухани қа­сиеттерімен өлшенеді. Жаппай қырып-жоятын қаруларды жа­сағандар жоғары интеллекті ие­лері еді.» (8)

Қазіргі уақытта еліміздегі дін мәселесінің күн тәртібінде тұруына бір ғана себеп бар. Ол сенім мен танымға байланысты. Сенім Исламда бір ол барлық әлемдегі мұсылмандарға ортақ. Яғни, Алла бір, Құран шын, пайғамбар хаһ. Ал танымға келсек, әрбір мұсылман адам болсын, халық болсын өзінің ұлттық дүниетанымдық көзқарастарымен таниды. Біздің ата-бабаларымыз да осы әдістерді қолданған.

Жалпы дінге қатысты төрт мәселе бар: діни таным, діни сана бұларды қамтамасыз ететін діни сенім мен діни тәжірибе. Осы төртеуі де қазақта бар. Біздің діни танымымыз фиқһта Әбу Ханифа мәзһабына, діни сенімде Матуриди ақидасына және діни тәжірибеде Яссауи хәл ілімінің қабаттарына негізделген. Осы негіз біздің ойлау жүйемізден, дүниетанымдық қабаттарымыздан, әдет-ғұрпымыздан, салт-дәстүрімізден көруге болады. «Қоғамдағы жат ағымдардың идеологиясына қарсы «Уды у қайтарады» дегендей, алдын алу жұмыстарының ең белсенді, әрі ықпалдысы – дәстүрлі рухани құндылықтарды жаңғырту керек. Жан тазалығына, ар тазалығына негізделген, сыртқы көріністегі емес, жүректегі иманды қасиет тұтқан ұлттық рухани құндылықтарымызға оралу, оларды кеңінен насихаттау арқылы жат ағымдардың идеологиясына тосқауыл қоюға болады. Қазіргі таңда жастарымыздың жадында дәстүрлі діни сана мен ұлттық идеологияның қалыптасуына, діни таным мен ғылыми таным арасындағы үйлесімділік пен тепе-теңдікті жаңғыртуына байланысты күн тәртібіндегі өзекті мәселенің бірі.»(9)

Елбасы Н.Ә.Назарбаев өз сөзіңде: «Қазақ даласында ислам дінін орнықтырғандардың бірі – данышпан бабамыз Ахмет Яссауи осы жағдайларды ескере отырып, түркі жұртындағы ислам дәстүрлерін қалыптастырды. Осы дәстүрмен, мінеки, ата-бабаларымыз ғасырлар бойы өздерінің ұлттық сана-сезімдерін қалыптастырып келеді» – дей келе, халықтың мәдениеті қай бағытта дамитынын айқындайтын – осы діни таным мен діни тәжірибесі. Егерде кез-келген халық өзінің дәстүрлі діни таным мен діни тәжірибе негіздерінен ажырайтын болса, онда ол халық өзінің рухани мәдени болмысынан ажырайды. Дін мен дәстүр үндескенде ғана дін дамып, дәстүр байиды. (10)  

«Қазіргі кезде дінді тек жекелеген адамдарға ғана емес, мемлекет үшін де қажетті деп түсіне білген жөн. Өйткені, қоғамда мүшелерінің бойында адамгершілік қасиеттердің қалыптасып дамуындағы діннің әлеуеті мен тәрбиелік рөлі мемлекет үшін қажетті, сондықтан ол дінді саяси-қоғамдық өмірден ығыс­тырып шығаруға, қысым көрсе­туге ұмтылмайды. Ал мем­ле­кет­тің тұрақтылығы мен саяси-эко­номикалық жағдайының кү­шеюі дін­нің де қалыпты дамып, өз міндеттерін атқаруына мүмкіндік беретіні рас әрі ол осыған мүд­делі болуы керек. Осындай өзара келісім мен жа­ра­сымдыққа қол жеткізгенде біз қазіргі діни ада­су­шылық пен алауыздыққа тойтарыс бере аларымыз анық.» (11)

 «Бас мүфти Елбасының қабылдауында болған кезіндегі аузынан шыққан ұстаным да«Қазақ мұсылмандық мектебін» жаңғырту болды. Оны ісінен де атқарып жатқан шараларынан да байқауға болады. Мәселен, Түркістанға зиярат жасап, онда республикалық конференция өткізді. Яссауидің қазақ мұсылмандығындағы тарихи рөлі мен орнына ғылыми негізде баға берді. Сопылық феноменіне деген оның қазақ даласындағы Матуриди, Ханафи жолының қалыптасуына деген қызметіне оң бағасын берді. Астанада халықаралық Еуразия мұсылмандары форумын өткізді. Сонда осы ұстанымын басы ашық жариялады.  Яғни қазақтың тарихи діни тәжірибесі мен танымына, қазақ мұсылмандық ұстындары мен негіздеріне оралуды принцип ретінде алды. Идеясы да қоғамдағы тыныштық пен діни төзімділік. Бұрынғы Мауараннахрмен, Орал Еділ, Анадолы жалпы түркі ислам негіздерімен тұтастықты, сабақтастықты да ұмытқан жоқ. Сондықтан «Сопылық құбылысына» ҚМДБ да ғылыми және тарихилық тұрғысынан да дұрыс қарайтындығын көреміз.» (12)

Қорыта айтқанда, сопылық – ислам дінінің ішкі мәні, мазмұны, оның негізгі мақсаты – адамдық ар, рухани кемелдік. Сопылық қазақ мұсылмандығының негізі. Әрі дәстүрлі діни тәжірибеміз, тарихымыз болып табылады. Рухани жаңғыру ұстанымын басшылыққа алып идеологиялық жаңа белеске өткен бүгінгі шақта өткен тарихымызға оралу шарт болды. Дәл бүгінгі таңда елімізде ҚМДБ тарапынан болсын, билік тарапынан болсын, «қазақ ислам мектебі» деген тіркес айтылып жүр. Бұл да  осы бағыттағы үлкен өзгерістің басы деп сенуге болады.

Елбек Тасболатұлы Қожамұратов

  

Әдебиеттер:

1.      Кашф Ал- Лисам 51-52. Мухаммад Сайид Султан, Жауамиу Ал-Калим баспасы Каир, Египет 2011

2.      Қ.Жолдыбай.«Сопылық жолы – ауыр жол, ұстансаң оны тәуір жол…»http://islam.kz/kk/articles/kokeikesti/islamdagy-sopylyq-jane-onyn-negizderi-1270/#gsc.tab=0)

3.      М. Исаұлы, Шын сопы кім? https://www.qamshy.kz/article/shin-sopi-kim.html)

4.      Қ.Жолдыбай, Ислаимдағы сопылық және оның негіздеріhttps://surak.baribar.kz/384758/)

5.      Ершат Оңғар.(http://kazislam.kz/ershat-myrza-kazak-dalasynda-y-sopylyk-ilimge-kozkarasy-yz-kalaj/?lang=ru)

6.      Исламдағы сопылық және оның негіздеріhttp://islam.kz/kk/articles/kokeikesti/islamdagy-sopylyq-jane-onyn-negizderi-1270/#gsc.tab=0

7.      Ахмет Яссауи және оның ілімі (Islam.kzhttps://bnews.kz/kz/news/obshchestvo/kozha_ahmet_yassaui_zhane_onin_ilimi)8.      А. Айталы, Рухани кемелдік https://egemen.kz/article/164499-rukhani-kemeldik)

9.      Б. Алпысбаев, мемлекетшіл сананың іргетасын қалай қалаймыз? https://abai.kz/post/61387

10.  Суфизм http://el.kz/kz/news/archive/content-4899

11.   Қазақстандағы ислам мәселелері және шешу жолдары https://kazislam.kz/kazakstanda-y-islam-maseleler-zhane-sheshu-zholdary/?lang=ru

12.  Д.Кенжетай. Зайырлы ел-қайырлы ел (http://zanmedia.kz/2018/04/23/kenzhetaj-dosaj-zajyrly-el-ajyrly-el/)

 

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.