Take a fresh look at your lifestyle.

Білім иелері өндіріс білімдерін үйрену парыз…

0 162

Нұрлан Рамазанов

«Ғылмани» мешітінің Бас имамы,

Исламтанушы

Ілімнің артықшылығы

 

Ислам – адам баласын үнемі ғылым-білімге шақыратын асыл дін. Білім алу – Исламдағы басты парыз. Құран Кәрімнің алғашқы түскен аяты «Оқы!» деген сөзден басталады.

Әбу Зәрр мен Әбу Һұрайра былай деген: «Адамның бір ғылыми тақырыпты игеруі мың рәкат нәпіл намаз оқудан да қайырлы болады. Өйткені Алланың елшісі: «Білім қуып, дүниеден озған адам – шейіт», – деген.

Ілім жолы – жәннат жолы. Ілім үйреніп, сол ілімімізден өзгеге пайдамызды  тигізер болсақ және діннен хабарсыз көптеген адамдардың иманға келуіне себеп бола білсек, зор сауапқа кенелетінімізді хадисте сүйіншілеген:

«Сенің себебіңмен Алла Тағала бір адамды һидаятқа бастаса,  сен үшін бұл дүние және дүниеде болған барлық нәрседен хайырлы». (Хадисті имам Бухари риуаят етті).

Саффан ибн Ассал (р.ғ.) әңгімелейді: «Бірде Алланың елшісі мешітте отыр екен. Қасына барып, «Уа, Расулалла! Мен білім іздеп келдім», – дедім. Расулалла: «Қош келдің, білімге құштар жан! Періштелер білім іздеген адамға құрмет көрсетіп, оны айнала қанаттарын жайып, көкке шеңбер жасай көтеріледі», – деді».

Құран Кәрімнің алты жүзден астам жерінде білім жайлы айтылған. Соның бір аятында:

‏‏يَرْفَعِ اللَّهُ الَّذِينَ آمَنُوا مِنكُمْ وَالَّذِينَ أُوتُوا الْعِلْمَ دَرَجَاتٍ

«Алла Тағала сендердің араларыңнан иман келтіргендердің сондай-ақ өздеріне ілім нәсіп болғандарды қат-қат дәрежесін көтеріп, мерейін өсіреді», -делінген.

Бұл дүниеде не өлмейді? деген сауалға Жиренше шешен:

Жақсының аты өлмейді,

Ғалымның хаты өлмейді. – деуі тегіннен тегін емес.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің бір хадисінде былай деген: «Алла Тағаланың бұл дүниеде білім ошақтарын іздейтін періштелері бар. Ол періштелер білім үйреніп отырған ортаны көрсе, біріне-бірі: «Мына мекенге келіңдер! Сендердің іздегендерің осы жерде», – деп, сол ортаны қоршап, білім үйреніп жатқандармен бірге отырады. Ал, ғылыми мәжілістен қайтып, періштелер Алланың құзырына барғанда, Алла Тағала оларға: «Сендер куә болыңдар мен сол жерде (яғни, ғылым үйреніп) отырған баршаның күнәсін кештім», – дейді. Сонда бір періште: «О, Жаратқан Алла! Әлгі орында пәленше атты кісі болды, бірақ ол ілім алу үшін емес, өзінің бір қажеті үшін келіп еді», – деді. Сонда Алла Тағала: «Сендер куәгер болыңдар. Мен оның да күнәсін кештім», – деді».

Тағы бір хадисте: «Олар (білім алушылар) сондай қауым олармен отырған адамдар ешқашан бақытсыз болмайды», – делінген.

Демек, білім ошағынан табылу – Алланың жарылқауына іліккен топтан табылу, бақытқа қол жеткізу  деген сөз.

Имам Ғазали (р.х): «Адамның басқа жаратылыстардан үстемдігі ілімде, күш-қуатта емес. Өйткені түйе адамдардан күштірек. Үстемдік ірілік тұрғысынан да емес. Өйткені піл адамдардан ірі. Батылдық тұрғысынан да емес. Өйткені арыстанның батылдығы адамдікінен көбірек. Көп жеуде де емес. Өйткені өгіздің қарны адамның асқазанынан үлкенірек. Сондықтан ілім үстемдігі өте жоғары қасиет» деген.

Әбу Дәрданың (р.ғ.) білімге ынталандыруы:

Хасан Басри баян етеді: «Әбу Дәрда былай деген: «Не ғалым немесе шәкірт, не ілімді сүюші не, соған бағынушы бол. Тек «бесінші» бола көрме, яғни білімнен бойыңды аулақ салма. Білімнен қашқан адам түбінде орға құлап, опат болады».

Дүние мен ақырет бақытының кілті – ілім:

Алла елшісі (с.ғ.с.) білім алу жайында тек айтып қана қоймаған,  ілім алуды сахабаларына өзі бастап үйреткен. Мысалы, Бәдір соғысында қолға түскен мүшріктерге бостандық алулары үшін әрбіріне он мұсылман адамды сауат аштыруды талап еткені тарихтан белгілі.

Сахаба Мұғаз ибн Жәбәл (р.ғ.) былай дейді:

تَعَلَّمُوا الْعِلْمَ ، فَإِنَّ تَعَلُّمَهُ لِلَّهِ خَشْيَةٌ ، وَطَلَبَهُ عِبَادَةٌ ، وَمُذَاكَرَتَهُ تَسْبِيحٌ ، وَالْبَحْثَ عَنْهُ جِهَادٌ ، وَتَعْلِيمَهُ لِمَنْ لا يَعْلَمُهُ صَدَقَةٌ ، وَبَذْلَهُ لأَهْلِهِ قُرْبَةٌ ، لأَنَّهُ مَعَالِمُ الْحَلالِ وَالْحَرَامِ ، وَمَنَارُ سَبِيلِ الْجَنَّةِ

«Ғылым үйреніңіздер! Рас, Алла үшін ғылым үйрену – тақуалық. Оны талап ету – құлшылық. Ғылымды оқу қайталау – Алланы зікір ету, ғылымды іздеу – жиһад, ғылымды білмейтін адамға үйрету – садақа беру, ғылымды лайық адамға беру – Аллаға жақындау. Өткені ол халал мен харамды түсіндіреді. Ғылым жалғыздық кездегі – жаныңдағы серігің, достықтағы жолдасың, қуаныш пен қайғы кезіңдегі ортағың, қиын қыстаудағы демеушің, жат жерде жүргенде – бауырың, жаннат жолындағы шам шырақ. Алла ғылымның арқасында пендесін – елді өсіретін, басқаларды соңынан ерітетін басшы, дұрыс жолды көрсетуші мырза етеді».

Мұсылман үшін ілім алу, білімді болу ғибадатының кемшіліксіз орындалуына жол ашады. Дұрыс діни біліміміз болмаса, ғибадатымызға нұқсан болып, тіпті кейбір теріс пиғылды тұлғалардың пайдасы үшін саяси құрбандыққа айналып кетуіміз ғажап емес. Мұндай келеңсіз жағдайлар тарихта болған.

Ислам діні бізге ілім алуды, соның ішінде дұрыс білім алуды бұйырады. Өкінішке орай, қазіргі таңдағы мұсылмандар арасындағы білімсіздік мұсылман қауымын жік-жікке бөліп, бүкіл Ислам әлеміне қара күйе жақтыруда. Сол себепті ілімсіздіктің залалы шаш етектен екендігін ұмытпайық.

Али ибн Әбу Талиб (р.ғ.): «Ілімсіз ғибадатта, түсінбей оқыған ілімде және ойланып, мән бермей оқуда еш жақсылық пен берекет жоқ»,-деп ескертті.

Ілімсіздік  залалының басты зияны адамды таассубқа (бір жақтылыққа) итермелейді. Сол себепті қазіргі кезде кейбір мұсылмандардың басты дерті кейбір мәселені жетік түсінбестен, яки ғалымдардан сұрамастан, пәтуасына жүгінбестен нәпсіге беріліп, таассубқа бой алдырады.

Мешіт қабырғасынан сауат ашуға шақыру:

Осы орайда, ұл-қыздарымызды иманды етіп тәрбиелеу мақсатында мешіт жанынан ашылған сауат ашу, Құран курстарына қатыстырып, діни білімді жетілдіру – уақыт талабы. Балаларыңызды да жастайынан еліміздегі медреселерге оқуға беріп, рухани көкжиегін кеңейткен дұрыс. Егер біз діни сауатты, дінімізге берік, иманымызға кәміл болсақ, бізді ешқашан жау жеңе алмайды. Бүгінгі қазақ халқының талай ғасырдан бері мұсылман болуы сол діни білімді атадан балаға жеткізіп келуінде.

         Ілім жолы – жұмақ жолы:

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім білім жолына түссе, Алла Тағала оған жұмаққа барар жолды жеңілдетеді. Періштелер де білім алушының талабына дән риза болып, аяғының астына қанаттарын жайып, ізет көрсетеді. Сондай-ақ жеті қабат аспан мен жердегі барлық жаратылыс атаулы, тіпті судағы алып балықтар да шынайы ғалым үшін Алладан жарылқау тілейді. Ғалымның білімсіз діндардан артықшылығы толған айдың өзге ұсақ жұлдыздардан артықшылығы секілді. Расында, шынайы ғалымдар – Пайғамбарлардың мұрагерлері. Шынтуайтында, Пайғамбарлар мұра ретінде динар мен дирхам емес, тек қана ілім қалдырды. Кімде-кім сол іліммен сусындаса, мол несібеге кенелгені» – деген».

Бұл хадисте ғалым иелерінің мәртебесі ашық баян етілген. Ілім-білім жолында жүргендердің Исламда қадір-қасиеті биіктей түседі. Өйткені, білім талабы – үлкен дәреже. Білім алған, біліміне амал жасайтын ғалымға аспандағы періштелер де, жердегі адамзат пен жан-жануарлар да истиғфар айтатыны баяндалып тұр.

Хазреті Әли (р.ғ.) ілім жолындағы адамдары үш топқа бөліп қарастырып, ғалымның артықшылығы жайында былай деген:

«Адамдар мына үш топтан тұрады: Біріншісі – Раббани ғалымдар, екіншісі – құтқарылу жолына түскен ілім іздеуші, үшіншісі – әр кімге құлақ түріп, жел қалай тұрса солай кетіп, ілім нұрымен өзін нұрландыра алмаған және таяныш-тіректен жұрдай болған тобыр.

 الْعِلْمُ خَيْرٌ مِنَ الْمَالِ ؛ لأَنَّ الْمَالَ تَحْرُسُهُ ، وَالْعِلْمَ يَحْرُسُكَ ، وَالْمَالَ تُفْنِيهِ النَّفَقَةُ ، وَالْعِلْمَ يَزْكُو عَلَى الإِنْفَاقِ

Ілім дүние-мүліктен қымбат. Ілім сені қорғайды, малдың қорғаушысы сенсің. Онымен амал еткеніңде ілім арта түседі, ал дүние-мүлік жұмсаған сайын азаяды».

«Ғалымды жақсы көру діннен. Ілім ғалымға тірі кезінде тағат берсе, өлгеннен кейін жақсылықпен еске алғызады. Дүние жинаған адам дүниесімен бірге жоқ болып, аты да заты да қалмайды. Дүние жинаушылар тірі кезінің өзінде өлік сияқты. Ғалымның тіршілік тоқтап қалса да, аты мен хаты қалады».

Ілім пайдалы және пайдасыз болып екіге бөлінеді:

Пайдалы ілім турасында ғалым-ғұламалар:

اَلْعِلْمُ النَّافِعُ وَالْعَمَلُ الصَّالِحُ مِنْ أَهَمِّ طُرُقِ دَفْعِ وَسْوَسَةِ الشَّيْطَانِ

«Пайдалы ілім мен салихалы ізгі амал шайтанның азғыруына қарсы төтеп беретін тәсілдердің ең маңыздысынан болып табылады»,-деп айтқан.

Себебі, пенде пайдалы ілім арқылы ғана шайтанның қалайша азғырып, адастыратын жолдарын біліп, сол кезде, оның шабуылдарына қарсы тұра алады.

Алланың елшісі (с.ғ.с.):

«Алла Тағаладан пайдалы ілім сұраңдар және пайдасыз ілімнен Алла Тағалаға сыйыныңдар!»,-деді. (Хадисті Ибн Мажә риуаят етті).

 

Пайдалы ілім ол қандай ілім?

Орта ғасырдың әйгілі ислам ғалымдарының бірі болған имам Ғазали (р.ғ.): «Пайдалы біліммен шұғылдану бүкіл басқа істерге қарағанда әлдеқайда жақсы. Пайдалы білім – дүниенің жамандығын, ақыреттегі жағдайдың қауіптілігі мен қорқыныштылығын түсіндіретін білім. Дүниеге беріліп, ақыреттен бет бұрған адамдардың надандығы мен ақымақтығын, олардың бойындағы өркөкіректік, күншілдік, екіжүзділік, өзін-өзі сүюшілік, атаққұмарлық пен мансапқұмарлық, дүниеге құштарлық сияқты жүрек дерттерінің дауасы не екендігін білдіретін білім – пайдалы білім», – деген екен.

Пайдалы білім ешқашан жеткілікті болған емес.. Алла Тағала Өз Пайғамбарына оған Алланың сәлемі мен игілігі болғай, ілімін күшейтуін сұрауды бұйырған:

وَقُل رَّبِّ زِدْنِي عِلْمًا

«Айт: Раббым, білімімді арттыр!» («Таха» сүресі, 114).

Сонымен қатар, Умму Сәләмадан, (Алла одан разы болсын) Алла елшісі (с.ғ.с.) былай дұға еткен:

«Уа, Алла! Расында мен Сенен пайдалы білім, адал ризық-несібе және (Өз құзырыңда) қабыл болатын жақсы амал тілеймін!».

Егер адамзаттың ішіндегі ең абзалы, ең ілімдісі болған сүйікті пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Алладан өзінің ілімін арттыруды сұрап жатса, онда мына біз, қалай ғана бір күні пайдалы ілім алуды тоқтатпақпыз?

 

Ислам дінінде ілімдері екіге бөлінеді:

1) Нақли (діни) ілімдер.

2) Ақли (дүниелік) ілімдер.

Біріншісі:Тәфсир, кәлам, хадис, фиқһ сияқты ілімдерге нақли (нақл жолымен келетін) ілімдер немесе дін ілімдері делінеді. Муғауия (р.а.) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алла Тағала кімге жақсылықты қаласа, оны шариғат білімдерінің білгірі етіп қояды».

Ілімнің басы:

Пайғамбарымыз ілімнің ғажайыптары жайлы сұраған адамға:

– Ілімнің басын үйрендің бе?- деді.

– Ілімнің басы не?

– Ілімнің басы Алла Тағаланы дұрыс тану. Ал бұл Оның ұқсасы, қарама-қайшылығы, теңі, серігі жоқ екендігін, уахид, әууәл, ахир, заһир және батин екендігін білу».

 Екінші дүниелік ілім:

Физика, химия, математика, астраномия әдебиет сияқты тәжірибелік ілімдерге ақли (ақыл) ілімдерге жатады.

 Бұл ілімдерде Ислам дінінің бір бөлімі.

Хадисте: «Хикмет (ғылым және өнер) мүминнің жоғалтқан мүлкі. Қайдан тапса алуы керек».

Қазіргі таңда біз діни біліммен дүниеуи білімді ұштастыруымыз керек. Себебі бізден бұрын өткен мұсылман елінің ғалымдары білімнің алуан түрлі салаларын меңгерді. Атап айсақ Әбу Насыр Әл-Фараби философия ғылымын меңгерген әрі математика ғылымына зор үлесін қосқан, жетпістен астам тіл меңгерген өзіміздің Отырар қаласынан шыққан ірі тұлға. Сондай-ақ, Ибн Сина медицина, физика салаларына үлкен үлес қосқан. Сонымен қатар, қазақтың ұлы ғалымдары Мәшһүр Жүсіп, Бұхар жырау, Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ыбырай Алтынсарин т.б. көркем әдебиет ғылымын шариғаттан негіз ала отырып, жандандырған. 

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мәдинеге келген жылы сахабалардың құрмаларды шағылыстырып (құрманың аталығы мен аналығын қолдан ұрықтандыру) жатқандарын көріп, бұл істерін істемеулеріне меңзейді. Сахабалар қолдан ұрықтандыруды тоқтатқан жылы құрма өнім бермей қояды, сонда пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оларға «сендер дүние істеріңде артық білесіңдер» деген еді. (Имам Муслим риуаят еткен).

Көпшілік білім иелері өндіріс білімдерін үйрену парыз кифая (бір мұсылманның орындауымен басқалардың мойнынан жауапкершілік түсетін парыз) деп есептейді. Өйткені, әлбетте адамдар ішіп-жеуге, басқа да дүние қажеттіліктеріне мұқтаж. Егер де осы қажеттіліктерді жасап шығаратын ешкім болмаса, онда оны жасау жолын үйрену әрбір мұсылманға парыз  айн болады.

Ілім үйренерде не нәрсеге мән беру керек?

Мыналар:

а) Көңілін бүкіл жаман халдерден тазалау. Шариғатта: «Дін тазалық үстіне құрылған» делінді. Бұл жердегі тазалық тек сыртқы тазалық емес, сонымен қатар ішкі тазалық.

ә) Бүкіл күш-жігерін ілімге байлау керек! Басқа нәрселерден байланысты үзу керек! Ойдың, зейіннің бытыраңқы болуы, жинақы болмауы суы бөлінген арыққа ұқсайды. Оңды-солды аққаны үшін бақшаны суара алмайды.

б) Іліммен тәкаппарланбау керек! Кейде кебір адамдар ілім үйренуде такаппарлануы мүмкін. Хадистерде екі адам ілім үйренбейді бірі такапар екіншісі жөнсіз ұялшақ делінген.

Хадисте: «Ілім – қазына, ал сұрақ қою – кілті. Сұраңдар – үйреніңдер! Бір сұрақтың арқасында төрт адам сауап алады. Сұрақ қойған, жауап берген, тыңдаған және бұларды жақсы көрген адам». (Әбу Нуайм).

Хазіреті Әли (р.ғ.) ұлы Хасанға:

«Ей, балам! Ең үлкен байлық – ақыл. Ең үлкен кедейлік те – ақымақтық. Ең үлкен жалғыздық – тәкаппарлық. Ең ізгі қасиет – жақсы мінез».

в) Пайдалы ілімдерді үйренуге тырысу.

г) Қиындықтарға қарсы сабырмен төтеп беру.

        Ілім ең хайрлы мұра:

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: «Адам баласы дүниеден өтсе оның амалының барлығы үзіледі, тек үш түрлі амалы үзілмейді: жәрия берген садақасы, артынан қалдырған пайдалы (шариғат) білімі, ол үшін дұға қылатын салиқалы ұрпағы»-деді.

Адам өзінің артына қалдырған ең пайдалы дүниесі жоғарыда аталған істер. Соның ішінде білім қалдырудың маңызы зор. Өйткені,  білімге, шариғат біліміне жетер еш нәрсе жоқ, себебі білім жүректерді тірілтеді, көздерді ашады, ақылды оятады, жанды рахаттандырады. Білім жалғыздықта серік, адасқанда жол көрсетуші.

 

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.