Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

АЛЛАНЫ ЕСТЕН ШЫҒАРМАУ…

0 2  438
Күні-түні ойымда бір-ақ тәңірі,
Өзіне құмар қылған оның әмірі.
Хәкім Абай

Адам баласы осы өмір қыспағында жүріп, Алланы ұмытып кететін жағдай көп кездеседі. Ал, басына іс түскен кезде сол Жаратқан иесі еске түсіп, жалбарына дұға тілей жөнеледі. Дұғасы қабыл болмай, Алла оның сұрағанын бермей жатса: «Мен Аллаға не жаздым!» – деген сөздерін естіп жатамыз. Неліктен солай екен? Мұның жауабы Пайғамбарымыздың мына хадисінде болар.

Абдулла бин Аббас (Алла олардан разы болсын): «Бір күні Пайғамбармен (с.ғ.с.) келе жатқанымда ол маған «Мен саған бір сөздерді үйретейін (ұғып ал): Алланы есіңде сақта, Ол да сені сақтайды; Алланы есіңде сақта, алдыңнан табарсың; сұрайтын болсаң Алладан сұра; көмек сұрасаң Алладан сұра; халық саған бір пайдалы іс істеу үшін жиналса, олар саған тек Алла Тағала нәсіп еткен дәрежеде пайдасын тигізе алатынын; және бір кесірін тигізу үшін жиналса, олар саған тек  Алла Тағала нәсіп қылған дәрежеде кесірін тигізетінін біл. Қаламдар көтеріліп, парақтар кеуіп қалды» – деп айтты делінген. Бұл хадисті Тирмизи риуаят етіп, хасан сахих деп баға берген. Басқа риуаятта «Алланы есіңде сақта, алдыңнан табарсың; Алланы жақсылық кезінде танығын, Ол сені мұқтаж болған кезіңде таниды. Саған нәсіп болмаған нәрсенің, саған жазылмағанын және сенің басыңа келген нәрсенің  сені айналып өтпейтінін, жеңіс сабырлықпен болатынын, қуаныш машақатпен келетінін, қиыншылықтан кейін жеңілдік болатынын білгін» – деп айтылған.

Бұл хадистегі  «Алланы есіңде сақта» – деген сөзі – Оның сызып қойған шекараларын, ақысын, әмірлерін, тыйымдарын сақтау дегені. Бұл дегеніміз Оның әмірлерін орындау, тыйымдарынан тыйылу, шектен шықпау. Осының бәріне сақ болған адам Алла Тағала Құран Кәрімде «Қоф» сүресінің 32-34-ші аяттарында «Міне, үәде етілген нәрселерің; бүкіл тәубешіл, сақтанушылар үшін.(32) Кім көрместен Рахманнан қорықса, бейім жүрекпен келсе(33) Жұмаққа аман – есен кіріңдер. Бұл мәңгілік күні (делінеді)» – деп сипаттаған сақтанушылардан болғаны. Бұл жердегі «сақтанушылар» сөзі Алланың әміріне сақ болушы және күнәлардан сақ болушы деп тәпсірленген. Ал, Алланың әмірлерінің ішіндегі ең ұлысы ол намаз. Алла Тағала Бақара сүресінің 238-ші аятында «Намаздарыңа, оның ішінде ортаңғы намаздарыңа берік болыңдар» – деп әмір еткен. «Мағаридж» сүресінің 34-ші аятында Алла Тағала: «Әрі олар намаздарына сақ болғандар» – деп мақтаған. Пайғамбарымыз болса: «Кім оларға (намаздарға) берік болса, Қиямет күні олар оған нұр, дәлел және құтылу болады» – деп айтқан. Сол сияқты дәрет те бар. Аллаһ елшісі бір сөзінде: «Тек мумин болған пенде әр дайым дәретпен жүреді» – деп айтқан. Яғни, үнемі дәретпен жүру имандылықтың белгісі.

Тыйымдарына сақ болу дегеніміз – ол тілімізге және мүшелерімізге сақ болуымыз. Әбу Һурайра риуаят еткен хадисте Алла елшісі (с.ғ.с.) «من حفظ ما بين لحييه و ما بين رجليه دخل الجنة» мағынасы, «Кім екі жағының арасындағы мен екі аяғының арасындағысына сақ болатын болса, Жәннәтқа кіреді» – деген.

«Нұр» сүресінің 30-шы аятында Алла: «Муминдерге (бөгде әйелдерге қараудан) көздерін сақтасын әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын – деп айт» деген. «Муминун» сүресінде Алла Тағала муминдерді сипаттай келе: «Олар ұятты жерлерін сақтайды» деп мақтаған.

«Ол сені сақтайды» дегені – кім Алланың қойған шегінен шықпаса, Алла оны сақтайды дегені. Өйткені жаза амалға сай беріледі. Бақара сүресінің 40-шы аятында Алла тағала: «…Үәдемді орындаңдар. Мен де серттеріңді орындаймын…» дейді. «Мухаммед» сүресінің 7-ші аятында: «Аллаға жәрдем берсеңдер, Ол сендерге жәрдемдеседі» деп айтқан. Ал, Алланың құлын сақтауы екі түрлі болады:

Біріншісі – өзі, бала-шағасы, отбасы, мал-дүниесі сияқты дүниелік істерде сақтау. «Рағыд» сүресінің 11-ші аятында Алла тағала «Әркімнің алды-артынан Алланың әмірі бойынша, өкшелеп қорғаушылар бар» деп айтқан. Ибн Аббас: «Бұл періштелер» – деген. Муджаһид «Әрбір құлдың қасында күндіз-түні оны жындардан, адамдардан қорғайтын періште бар» деп айтқан.

Ал кімде кім жас кезінде, қуаты бар кезінде Алланың айтқанына сақ болса, Аллаһ тағала оны қартайған, әлсіз болған шағында сақтайды. Кейде жүзден асқан құлағы еститін, көзі көзілдіріксіз көретін адамдарды көріп жатамыз. Солардың біреуі: «Жас кезімізде осы мүшелерімізді күнәлардан сақтаған болатынбыз, Алла тағала бізге оларды қартайған шағымызда сақтап қалдырды», бір қартайған шалға қарап, «Ол жас кезінде Алланы ұмытқан болатын, Алла болса оны қартайған шағында ұмытты» деп айтқан.

Тіпті адам өлгеннен кейін Алла артында қалғандарға көмегін беріп сақтайды. «Кәһф» сүресінің 82-ші аятында «…Олардың әкесі салихалы еді» деп және атам қазақ «Жақсы әкенің атағы қырық жыл азық» – деген емес пе? Ибн Мункадир деген кісі: «Алла Тағала салихалы кісінің баласын, баласының баласын сақтайды» деп айтқан.

Екінші түрі – адамның дінін, иманын сақтау. Тіршілігінде әртүрлі бәлекеттерден, харамнан, өлер сәтінде «лә иләһа иллалла» айтқызып сактайды.

Бұрын өткен ғалымдардың біреуі: «Өлім келген сәтте жан алушы періштеге басын иіске дегенде ол иіскеп, «Құранның иісін сездім»   дейді.

  • Жүрегін иіске!
  • Жүрегінде оразаның иісін сездім
  • Аяқ жағын иіске!
  • Түнде тұрып, намаз оқығанының иісін сездім» дейді. Сонда: «Өзін сақтады, Алла да оны сақтады» деп айтылады» деп айтқан екен.

Алла Тағала шектен шықпаған құлын оның иманына зиян келтіретін істерден сақтайды. Кейбір жағдайда адамдар оны түсінбей қалады.

Табарани Әнастан риуаят еткен  хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Алла тағала құлдарымның ішінде иманына тек кедейлік пайдалысылары бар. Егер оған дүние берсем, ол оны бұзады. Біреулеріне тек байлық пайдалы. Егер оны пақыр етсем, ол бұзылып кетеді. Енді біреулеріне денсаулық пайдалы. Бір дерт жіберсем, ол оны бұзады. Енді біреулерге дертті болғаны пайдалы. Оған деннің саулығын берсем, ол оны бұзады. Құлдарымның біреуі құлшылықтың есігін аш деп сұрайды. Оның жүрегіне өзінен масаттану кірмесі үшін ол есікті жауып қоямын. Мен, жүректерінде не бар екенін білгендігімнен құлдарымның ісін жөнге саламын. Өйткені Мен барлық нәрсені білемін, хабардармын» деп айтқанын жеткізеді.

«Алланы есіңде сақта, Оны алдыңнан табарсың» дегені – кім де кім Алла тағаланың әмірлерін орындап, тыйғанынан тыйылса, барлық жағдайда жанынан Алланы табады, жәрдемін береді, сақтайды дегені. Алла тағала «Нахыл» сүресінің 128-ші аятында: «Ақиқатында Алла тақуалар және жақсылық істеушілермен бірге» – деп айтқан, үәде берген. Хадисте «Иманның ең абзалы – құлдың Алла Тағала онымен қайда болса да бірге екенін білуі» делінген.

Біреу «Неге жалғыз отырсың?» – деген сұраққа: «Алла бірге болған адам қалайша жалғыз болмақ» – деп жауап берген. Біреуінен «Сенің жолдасың жоқ па? дегенге: «Бар»,  «Қайда?» – дегенге: «Алдымда, менімен бірге, артымда, оңымда, сол жағымда, үстімде»  деп жауап қатқан.

«Алланы жақсылық кезінде танығың, қиыншылық кезінде Ол да сені таниды» дегені – егер құл жақсылық кезінде Алланы еске алып жүріп, Оның әмірлерін орындап, тыйғанынан тыйылса, қиналған кезде Алла Тағала оған көмекке келеді. Тирмизи келтірілген  Әбу  Һурайра риуаят  еткен   хадисте «من سره ان يستجيب الله له عند الشدائد فليكثر الدعاء في الرخاء» мағынасы, «Кім қиналған кезде Алла Тағала жауап беруін қаласа, жақсылық кезінде дұғасын көбейтсін» делінген.

Салман Әл-Фариси: «Адам жақсылық кезінде көп дұға тілеп жүрген болса, қиыншылыққа тап болғанда Алладан дұға тілеген кезде періштелер: «Бұл таныс дауыс!» – деп оған шапағат етеді. Ал егер жақсылықта дұға тілемеген болып, қиыншылық кезіккенде дұға тілесе, періштелер: «Бұл бейтаныс дауыс!» деп оған шапағат етпейді» деген.

Міне, сол үшін адам баласы Жаратқан Иесін әрдайым есіне алып жүруі тиіс. Ол еске алу – қарапайым зікір ретінде, яғни тасбих тарту, Құран оқу, намаз оқу сияқты әрекеттер арқылы іске асады.

Қанат Алшынбаев 

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің наиб имамы.

        

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.