Take a fresh look at your lifestyle.

БАС МҮФТИ БАСТАҒАН ДЕЛЕГАЦИЯ АНКАРАДА ЕКІЖАҚТЫ КЕЗДЕСУГЕ ҚАТЫСТЫ (ФОТО)

0 132
Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз Анкарада Түркия дін істері басқармасының төрағасы, профессор Әли Ербашпен кездесті.

Ресми кездесуге ҚМДБ төрағасының Бірінші орынбасары, Нұр-Сұлтан қаласының Бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы, Бас мүфти кеңесшісі Балтабай Мекежанов, Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы, Насихат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Алтынбек Ұтысханұлы, Іс басқарушы Ербосын Орын, Қажылық және ұмра бөлімінің меңгерушісі Жәнділла Бекжігітов, Баспа және аударма бөлімінің меңгерушісі Мұрат Әбдіхалықов, баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы қатысты.

Басқосуда Қазақстан мен Түркия мұсылмандары діни басқармасы арасында қабылданған ынтымақтастық туралы екіжақты келісімнің жүзеге асуы, оқу-ағарту саласы бойынша имамдардың білімі мен тәжірибесін арттыру, діни өзекті мәселеде ортақ пәтуа шығару, бауырластық байланысты арттыру, т.б. бағыттар бойынша игі жобалар жайы сөз болды.
Бас мүфти түркі жұртының ғұламасы әл-Фарабидің 1150, хәкім Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай ортақ игі шараларды жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.

Серікбай қажы Ораз қазақстандық имамдардың білімі мен тәжірибесін арттыруға қолдау көрсетіп келе жатқан Түркия дін істері басқармасының төрағасы Әли Ербашқа алғысы мен ізгі ниетін жеткізді. Айта кетсек, бүгінде Түркияда “Хасеки” сынды жоғары діни оқу орындарында қазақстандық 47 имам білімін шыңдауда.

Кездесу барысында бауырлас елдердің байланысын арттыра берудің маңыздылығы сөз болды. Серікбай Сатыбалдыұлы құрмет пен ізеттіліктің белгісі ретінде қазақы салтпен Әли Ербаштың иығына шапан жапты.

Басқосу соңында тараптар екіжақты келісім мен ынтымақтастық аясын кеңейтуге уағдаласты.

ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.