Take a fresh look at your lifestyle.

АУЫЛ ИМАМЫНЫҢ ТҰРМЫСЫ ТҮЗЕЛЕДІ (ВИДЕО)

0 140
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы имамдардың лауазымдық міндеттерін айқындап, дін қызметкерлері жасайтын діни жоралғылардың тізімін де әзірледі, деп хабарлайды  «Хабар 24» тілшісі. Форум осымен үшінші мәрте өткізіліп отыр. Алқалы жиынға еліміздің әр өңірінен келген 500-ге жуық имам қатысты. Олар дін саласында қордаланған жайттарды қаузап, түбінде бір тоқтамға келді. Маңызды деген мәселелер мадиықталған мәжілісте алдымен Президенттің құттықтау хаты оқылды. Ерлан Қошанов, ҚР Президенті әкімшілігінің басшысы:
– «Қоғамдағы татулық пен келісімді нығайту арқылы Қазақстан халқының тұтастығын сақтап, ұлттық болмысымызды айшықтау – бәрімізге де ортақ парыз. Бұл жиын ҚМДБ жұмысына және еліміздегі дін өкілдерінің рухани бастамаларына тың серпін береді деп сенемін. Форум жұмысына сәттілік тілеймін. Қасым-Жомарт Тоқаев».
Дін елді бірлікке, ымыраға үндейді. Жұртты имандылыққа, ізетті болуға шақырады. Тәрбие тал бесіктен десек, бала бойына дәстүрді қатар сіңіріп өсіреміз. Ал асыл дініміз сол дәстүрмен астасып жатыр.   Бердібек Сапарбаев, ҚР премьер-министрінің орынбасары:
– Қуантарлығы – кейінгі кезде мешіттерге жастардың көптеп келуі, жастардың иманға бет бұрып жатқаны. Одан бөлек, қалталы кәсіпкерлердің мешіт, медресе, ас беретін ғимараттар салып жатқаны қуантады.
Имамдар бас қосқан форумда түрлі ұсыныстар айтылды. Ілкімді ойлар көп болды. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен бігіріп, арнайы тұғырнама әзірлеген. Оған «Жеті рухани қазық» деген атау берілді. Одан бөлек, 3 бірдей құжат қабылданды. Сол бойынша дін қызметкерлерінің лауазымдық міндеті айқындалып, жиі жасалатын діни рәсімдердің тізімі жасақталды.   
Серікбай қажы Ораз, қазақстан мұсылмандары діни басқармасының басшысы, бас мүфти:
– Ол жеті негізге негізделген. Имандылық, отаншылдық, білімділік, еңбекқорлық, ауызбіршілік және мәдениеттілік пен әділдік. Осы жеті тұғырдан негізделген рухани ұстаным негізгі біздің діни қауымның бағдаршамы да, насихатының негізі де болып табылуы керек.
Маңызды бұл құжаттар елді қызылкеңірдек қылған, түрлі даудың туындауына түрткі болған мәселелерге нүкте қоймақ. Енді әрбір дін қызметкері өзіне ғана артылған міндетті атқарады, ел аумағында тізімге енген 45 діни жоралғыны жасауға ғана құқылы болады.
24.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.