Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Басшыға бағыну – парыз

0 859

Мұсылман үмметінің алға басуының, оның күшеюінің алғышарттарының бірі – басшыға бағыну, өзара бірлікте ынтымақта болу. 

Адамның табиғаты жаманшылыққа, бұзғыншылыққа бейім болғандықтан әр кез оларға тиісінше жаза беріп, үкім шығару үшін бір адамның қандай да бір қоғамда басшылық қамытын киюі міндетті амалдардан. Өйткені, қоғамда басшы болмау күштілердің әлсіздерге, байлардың кедейлерге үстемдік қылып, қанауына жол ашады. Басшысы жоқ бұл қоғамға  Құран аяттарының үкімдері, пайғамбарымыздың (с.а.у) сүннеті немесе мемлекеттік заңдары еш әсерін тигізе алмайды. Бұл үкімдер мен заңдар тек атқарушы орган, мықты басшылық болса ғана жүзеге асады. Қарапайым бағдаршамның өзін мысалға алсақ, егер ол жоқ болған кезде немесе бір сәт істен шығып қалса, көліктер кептелісі пайда болып, жол апаттарының орын алуына апаруы мүмкін.  Бұл жай қарапайым бағдаршамның ісі, егер бір сәт мемлекет басшысыз қалса не болмақ, әлбетте ол елде тәртіпсіздік орнары айдан анық, өйткені мемлекет басшысының қызметі тек елді тәртіпке келтірумен бітпейді. Оның қызметік функциясына елдің басқа елдермен қарым-қатынасы, экономикасы, қауіпсіздігі, сауаттылығы, заңдардың атқарылуы, елдің кеңшілікте өмір сүруі кіреді. Жеке қасиеттеріне келер болсақ, парасаттылық, ақылдылық, көшбасшылық, ұшқыр ойлылық, ұлтжандылық  негізгі қасиеттер болып табылады.          

Әрине мұндай ұлы жауапкершілікті тек бір адам мойнына алғандықтан оған айтылар сын, наразылық та сан-алуан болуы мүмкін. Дегенмен, басты назар аударатын мәселе басшы бір, халық көп. Бір басшының бойында халыққа ұнайтын барлық қасиеттер болуы мүмкін емес, сондай-ақ мемлекет ішінде басшылыққа мүдделі бұзғыншы топтардың да болуы ықтимал. Тарихтан белгілі болғандай ізгі халифалардың  кезінде де кейбір топтар арасында басшылыққа кінә тағып, қарсы шыққандар кездескен, бірақ тарихтан мәлім оның ешқайсысының түбі жақсылыққа апармаған. Сол себепті басшы ол патша болсын, президент болсын немесе сол басшының тағайындаған өкілі болсын бағыну – міндет.

Басшыға бағыну – әрбір мұсылман үшін парыз амал. Бұл амалдың парыздығы Құран кәрім мен хадистерде бекітілген. Алла тағала Құран кәрімде:

{يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ أَطِيعُواْ اللّهَ وَأَطِيعُواْ الرَّسُولَ وَأُوْلِي الأَمْرِ مِنكُمْ فَإِن تَنَازَعْتُمْ فِي شَيْءٍ فَرُدُّوهُ إِلَى اللّهِ وَالرَّسُولِ إِن كُنتُمْ تُؤْمِنُونَ بِاللّهِ وَالْيَوْمِ الآخِرِ ذَلِكَ خَيْرٌ وَأَحْسَنُ تَأْوِيلاً}

“Әй, мүміндер. Аллаға бой ұсынып, Пайғамбарға әрі өздеріңнен болған әмір иелеріне бой ұсыныңдар. Сонда егер бір нәрсеге талассаңдар, оны Аллаға, пайғамбарға ұсыныңдар: Егер сендер Аллаға, ақырет күніне иман келтірген болсаңдар. Міне осы, қайырлы да нәтижеде жақсы”.[1]

Алла тағала басқа бір аятта әмірге бойұсыну турасында :

       وَإِذَا جَاءهُمْ أَمْرٌ مِّنَ الأَمْنِ أَوِ الْخَوْفِ أَذَاعُواْ بِهِ وَلَوْ رَدُّوهُ إِلَى الرَّسُولِ وَإِلَى أُوْلِي الأَمْرِ مِنْهُمْ لَعَلِمَهُ الَّذِينَ يَسْتَنبِطُونَهُ مِنْهُمْ وَلَوْلاَ فَضْلُ اللّهِ عَلَيْكُمْ وَرَحْمَتُهُ لاَتَّبَعْتُمُ الشَّيْطَانَ إِلاَّ قَلِيلاً

Қашан оларға (мұнафықтарға) аманшылықтан немесе қауіп-қатерден хабар келсе, олар оны жайып жібереді. Егер олар оны Пайғамбарға не өздерінің іс басындағыларына ұсынса, олардан оның мән-жайын білер еді. Егер сендерге Алланың кеңшілігі, мейірімі болмаса, шайтанға ермегендерің өте аз болар еді.[2]

Басқа бір аятта Алла тағала пенделеріне дінге мықтап жабысуға, бөлінбеуге шақырады:

         {وَاعْتَصِمُواْ بِحَبْلِ اللّهِ جَمِيعاً وَلاَ تَفَرَّقُواْ }

 Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер. [3]

Егер мұсылмандардың арасында бір басшы шығып, бірлікке, татулыққа шақырмаса, ол қоғамның тоз-тозы шығып, құрдымға кетері анық. Алла ондай қауымдар жайында:

{وَلاَ تَكُونُواْ كَالَّذِينَ تَفَرَّقُواْ وَاخْتَلَفُواْ مِن بَعْدِ مَا جَاءهُمُ الْبَيِّنَاتُ وَأُوْلَـئِكَ لَهُمْ عَذَابٌ عَظِيمٌ

Өздеріне ашық дәлелдер келгеннен кейін сондай бөлініп, қайшылыққа түскендер тәрізді болмаңдар. Міне соларға зор азап бар.[4]

Пайғамбарымыздың (с.а.у) мүбәрак хадисінде:

مَنْ أَطَاعَنِي فَقَدْ أَطَاعَ اللهُ وَمَنْ عَصَانِي فَقَدْ عَصَى اللهُ وَمَنْ أَطَاعَ أَمِيرِي فَقَدْ أَطَاعَنِي وَمَنْ عَصَى أَمِيرِي فَقَدْ عَصَانِي
      

«Кім маған бойұсынса, ол Аллаға бойұсыныпты. Кім маған бойұсынбаса, ол Аллаға бойұсынбапты. Кім басшыға бағынса, ол маған бағынғаны.»,[5] – дейді.

Басқа бір хадисте пайғамбарымыз (с.а.у):

قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ :”اسْمَعُوا وَأَطِيعُوا وَإِنِ اسْتُعْمِلَ عَلَيْكُمْ عَبْدٌ حَبَشِيٌّ وَإِنِ اسْتَعْمَلَ عَلَيْكُمْ عَبْدًا حَبَشِيًّا كَأَنَّ رَأْسَهُ زَبِيبَةٌ” رواه البخاري

«Тыңдаңдар, бойұсыныңдар, тіпті егер сендердің үстеріңнен басы мейіздей болған хабашилік[6] құл билік жасаса да»[7].

Адамның дүниелік, ақыреттік өмірінің түзелуі тікелей басшыға байланысты, ол жайында:

وَقَالَ سَهْلُ بِنْ عَبْدِ اللهِ التَّسْتُرِي: ” لَا يَزَالُ النَّاسُ بِخَيْرٍ مَا عَظَّمُوا السُّلْطَانَ وَالْعُلَمَاءَ، فَإنْ عَظَّمُوا هَذَيْنِ أّصْلَحَ اللهُ دُنِيَاهُمْ وَأُخْرَاهُمْ، وَإِنْ اِسْتَخْفُوا بِهَذَيْنِ، أَفْسَدُوا دُنِيَاهُمْ وَأُخْرَاهُمْ”

Сахіл ибн Абдуллаһ әт-Тустари: «Адамдар басшысы мен ғалымдарын сыйласа жақсылықта болмақ. Егер (басшысы мен ғалымдарын) құрметтесе, Алла олардың дүниелік тіршілігі мен ақыреттік өмірін түзейді, ал егер оларды елемесе, онда олар өздерінің бұ дүниесі мен о дүниесін құртады»,[8] -деген.

Хамзат Қажымұратұлы

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы 

[1] Ниса сүресі, 59-аят

[2] Ниса сүресі, 83-аят

[3] Әл- Имран сүресі, 103-аят

[4] Әл- Имран сүресі, 105-аят

[5] Муслим хадистер жинағы №1865

[6] Африка құрлығындағы Эфиопия мемлекетінен шыққан қауым

[7] Фатху әл-Бари шарх сахих әл-Бухари №6723.

[8] Имам Қуртубидің «Ахкаму әл-Құран» тәпсірінде

[9] Исламның алғашқы дәуірінде исламнан бөлініп шыққан жат діни ағым

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.