Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

 Салауат

0 860

32Қысылған кеудеге кең тыныс алдыратын, қайғы-мұңды кетіретін, ашуды басатын себептердің бірі – пайғамбарға салауат айту. Алла «Ахзап» сүресінің 56-аятында «Оған салауат айтып, ықыласпен сәлем жолдаңдар» деген.

Тирмизидің «Сүнән» хадис жинағында баяндалғандай Үбай ибн Кағб бірде пайғамбарға:

«Уа, Алланың Елшісі (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!), сізге дұға еткенде салауатты қаншалықты айтайын?» дегенде, Ол (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!); «Қалауың білсін», – деді. Сонда Үбай ибн Кағб; «Төрттен бірін бе?», – дегенде, ол: «Қалауың білсін, егер артығырақ айтсаң өзің үшін жақсы», – деді. Кағб; «Жартысынан көбін бе?» дегенде, ол: «Өзің білерсің, егер арттырсаң қайыр бар», – деді, Кағб оған: «Ал толығымен сізге салауат айтсам ше?» – дейді. Сонда Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!): «Ендеше, күнәларың кешіріліп, қайғың кетеді», – деген екен.

Мына бір хадисте пайғамбарға салауат айту қайғыны кетіретінін растайды. Адамзаттың асылы (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) бір хадисінде:

«Маған салауат айтыңдар. Өйткені, маған бір рет салауат айтып, мен үшін Алла Тағаладан мейірім тілегенге он есе мейірім көрсетіледі» және тағы біреуінде:

«Маған салауаттарыңды жұма күні мен түні көбейтіңдер! Өйткені салауаттарың маған жетеді», – дегенде, сахабалар одан «Сіздің денеңіз шіріп кетсе қалай жетеді?» деп сұрайды. Ол (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!): «Расында Алла Тағала жерге пайғамбарлардың денелерін шірітуін харам еткен», – дейді. Егер кім оның көрсеткен нұрлы жолымен жүріп, соңынан ерсе, онда бұл еруі көңіліне кеңдік, қадірінің өсуі және жақсы ат бермек.

Расында пайғамбарға салауат айтудың ең толығы намаздағы: «Уа, Алла Тағалам! Ибраһим және оның отбасына игілік еткендей Мұхаммедке және оның отбасына да игілік ет. Шын мәнінде Сен аса мақтаулы әрі жоғарысың. Уа, Алла Тағалам! Ибраһим мен оның отбасына береке бергеніңдей, Мұхаммедке және оның отбасына да береке бере гөр. Шын мәнінде Сен аса мақтаулы әрі жоғарысың» деген салауат екені белгілі.

«Үміт сәулесі» кітабынан.

Sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.