Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Құрбан шалудың шарттары

0 1  386

Құрбан – араб тілінде «жақындау» дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы — «шарттарымен санаса отырып құлшылық ниетімен мал бауыздау» дегенге саяды.

            Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады.    Мұсылман адам қара бастың қамын ғана ойламауы тиіс. Өзім ғана ішсем, жесем, өзім тоқ болсам болды, басқалар не болса ол болсын деген түсінік оған жат. Өйткені Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Көршісі аш кезде өзі тоқ түнеген адам бізден емес», «Өзіңе тілеген жақсылықты басқаға да тілемейінше шынайы мұсылман бола алмайсың», «Шын мәнінде мұсылмандар бір-біріне бауыр» деген. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистері күллі мұсылман жұртшылығын бір-біріне жанашыр болуға, қамқорлық жасауға, қиналғандарға көмектесуге, жағдайы нашарларға қарасуға, өзара мейірімді болуға шақырады.

 

Құрбан айтта құрбан шалудың үкімі

Ханафи мәзһабында құрбан айтта шамасы жеткендерге құрбан шалу – уәжіп.

Алла Тағала Құран Кәрімде пайғамбарымызға (с.ғ.с) :

فَصَلِّ لِرَبِّكَ وَانْحَرْ 

«Намаз оқы және құрбан шал» [1]– деп, әмір етіп, құрбан шалудың уәжіптігін білдірген.  Пайғамбарымыз (с.ғ.с):

مَنْ وَجَدَ سَعَةً فَلَمْ يُضَحِّ فَلَا يَقْرَبَنَّ مُصَلَّانَا

 «Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!» – деп бұйырған[2].

 

Құрбан шалу кімге уәжіп?

Құрбан шалу уәжіп болу үшін төмендегі мына шарттар болуы қажет.

  1. Мұсылман болу;
  2. Құрбан айт уақытында жолаушы болмау;
  3. Негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болу. Нисап мөлшері – 85 грамм алтын яки құнына тең келетін ақша. Зекет ғибадаты сияқты құрбанның уәжіп болуы үшін нисап мөлшеріне жеткен малға бір жыл толу шарт емес. Құрбан шалған уақытта міндетті түрде ниет ету керек. Өйткені, малды ғибадат үшін соятыны сияқты, тек қана етін пайдалану үшін де союға болады[3].

Ескерту: Нисап мөлшерінде артық қаражаты болмаса да кедей мұсылман кісінің құрбан шалуына болады. Шалған құрбандығы нәпіл құрбан үкімінде болады.

 

Құрбан шалудың уақыты

Құрбан шалудың уақыты құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айтың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Қандай да бір маңызды шариғи себепке байланысты құрбан айт намазына бара алмай, айт намазын оқымаған кісі намаз оқып болатындай уақыт өткеннен кейін құрбанын шала беруіне болады. Айт намаздан бұрын шалынған мал құрбандыққа есептелмейді.

 

Құрбандыққа жарамды малдар

Қой, ешкі, сиыр және түйе малын ғана құрбандыққа шалуға болады. Құрбан ретінде шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы керек. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалу абзал.

Қой немесе ешкіні тек бір адам құрбан ретінде шала алады. Ал сиыр немесе түйені яғни, ірі қараны бір кісінің жалғыз өзі үшін шалуына болады. Сондай-ақ жеті кісіге арнап, ортақ шалуларына болады. Құрбанды ортақтасып шалған уақытта әрбір адам құрбан шалу ниетімен ортақтасуы керек. Бір кісі құрбан үшін, ал екінші бір кісі тек қана етін алу ниетімен ортақтасса, шалынған мал барлық ортақтар үшін құрбан болып есептелмейді.

Құрбан малы қалай шалынады?

  • Құрбан ретінде шалынатын малды қинамау үшін, өткір пышақ қолдану керек. Малды сою үшін жерге жатқызғаннан кейін пышақты көз алдында жалақтатып, қайрау – мәкрүһ. Ал, қинамай сою – сүннет.
  • Құрбан ретінде шалынатын мал құбылаға қарата жатқызылып, дұға ретінде мына аят оқылған абзал:

إِنَّ صَلَاتِي وَنُسُكِي وَمَحْيَايَ وَمَمَاتِي لِلَّهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ لَا شَرِيكَ لَهُ ۖ

 Оқылуы: «Инна салати уа нусуки уа махиаиа уа мәмәти лилләһи Раббил ‘аламина лә шәрика ләһ»

Мағынасы: «Менің намазым да басқа ғибадаттарым, өмірім де, өлімім де бүкіл әлемдердің Раббысы бір  Аллаға арналады. Оның  еш серігі жоқ».[4]

Одан кейін:

          اللهُ أكْبَرُ اللهُ أكْبَرُ, لا إلَهَ إلاَّ اللهُ وَاللهُ أكْبَرُ, اللهُ أكْبَرُ وَلِلَهِ الْحَمْدُ

«Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар лә илаһа иллаллаһу, уАллаһу әкбар, Аллаһу әкбар уа лиллаһил-хамд» – деп, тәкбір айтып, «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» – деп бауыздалады. Тек қана құрбанның иесінің ғана «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» – деуі жеткілікті емес. Құрбанды бауыздаған адам да «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» – деуі керек. Әдейі ұмытпастан «Бисмиллаһ» деп айтпаса, құрбанның етін жеуге болмайды. Өйткені, Алланың аты айтылып, бауыздалмаған малдың етін жеу – харам. Құрбанның иесі құрбанды бауыздайын деп жатқан қасаптың қолының үстіне қолын қойып, бірге ба уыздаса, екеуінің де «Бисмиллаһ» деп айтулары керек. Сойылатын мал құрбан ниетімен бауыздалу керек.

  • Малдың жаны шыққаннан кейін барып қана терісі сыпырылады. Жаны шықпай жатып басын кесіп алып тастау немесе терісін сыпыру–мәкрүһ.

 

Құрбандыққа шалынған малдың еті мен терісі

Бай немесе кедей болсын құрбан айтта шалған құрбандығының етін жеуіне болады. Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату –мұстахап. Бір бөлігі – туған-туыс, көршілеріне бай болса да сыйға тартылады, екінші бөлігі – кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі – өзінің отбасына, бала-шағасына беріледі. Бірақ шалынған малды түгелдей кедей-мұқтаждарға таратуға болатыны сияқты, түгелдей өзінің отбасына қалдыра алады.

Құрбандыққа шалынған малдың етін, терісін, сирақтарын, басын және сүтін сату – мәкрүһ. Құрбан малының аталмыш бөлшектері сатылған жағдайда құны кедейлерге садақа ретінде беріледі. Құрбандыққа шалынған малдың терісін кедейлерге, қайырымдылық қорларына беруге болады.

Құрбан айт барша мұсылмандандың мерекесі болғандықтан, оны еңбектеген баладан еңкиген шалға дейін сезінуі тиіс. Сыйлықтар таратылып, мерекелік мәдени шаралар ұйымдастырылуы абзал амалдардан. Жүзден аса ұлт өкілі тұрып жатқан еліміздегі әрбір азамат осы мерекенің лебін сезінуі қажет. Ұлтаралық, дінаралық байланысты күшейту мақсатында айт мейрамына орай құттықтаулар таратылып, арнайы дастархандар жайылады. «Бір-бірлеріңе  сыйлық беріңдер, сүйіспеншіліктерің артады» деген хадисті негізге алған қазақ даласында қонақ кәдесі, сүйінші, байғазы, тағы басқа адамдарды жақындыққа апаратын амалдар  көп. Солардың бірі – айттық сұрау. Айт мерекесімен құттықтап, айттық сұраған жанды қазақ бетін қайтармай қолда бар сыйлықтарын аямаған. Міне бұл ғасырлар өте дәстүрге айналып, бүлдіршіндер үшін айттың бір керемет көрінісі болып есте қалған. 

Намаз біткен соң мұсылмандар қол алысып, төс қағысып, бір-бірін Айт мерекесімен құттықтайды, жақсы тілектерін айтады. Ренжісіп қалған ағайын-туыс, жора-жолдас бір-бірінен кешірім сұрап жарасады. Ал әйелдер қауымы үйде қазан асып, дастарқан жайып, айттық шай әзірлейді. Көрші-қолаң бір-бірінің үйіне кіріп дәм ауыз тиеді, шаңырақ иесіне аман-саулық тілеп, айтпен құттықтайды. Хадисте келгендей, айт күні пайғамбарымыз (с.ғ.с) адамдарға былай деп айтқан:

يَا أَيُّها النَّاس أَفْشُوا السَّلامَ وَأَطْعِمُوا الطَّعامَ وَصِلوا الْأَرْحَامَ وَصَلوا بِالليلِ وَالنَّاسُ نِيامٌ تَدْخُلُوا الْجَنَّةَ بِسَلَامٍ 

 «Уа, адамдар, бұл күні сәлем жайыңдар, тамақтандырыңдар, туыстық қатынасты күшейтіңдер және адамдар ұйқыда болған кезде намаз оқыңдар, еш алаңсыз жәннатқа кіресіңдер»[5] деген. Сол секілді өзі жақсы көрген бауырын айт күні зиярат етуі мұсылман адамды үлкен сауапқа кенелтеді.

Әсіресе, осы мереке күні ата-анаға деген мейірімділік оларға сый-сияпаттар жасау игі амалдардан.

Құрбан айт мерекесінің басқа мерекелерден ерекшелігі –  қуаныш шаттықпен бірге Аллаға деген құлшылықтың қатар жүруінде, суып бара жатқан туыстық қатынастардың қайта жандануы, ашу, ыза кернеген жүректердің жібіп, Алланың рақымын талап етуі.

Хамзат ҚАЖЫМҰРАТҰЛЫ

[1] Кәусар сүресі, 2-аят

[2] Ахмад хадистер жинағы

[3]  Ислам ғылымхалы кітабы

[4] Әнғам сүресі, 162-аят.

[5] Ибн Мәжә, Тирмизи хадистер жинағы

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.