Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

ШЫН ҰЯТ ПЕН ӨТІРІК ҰЯТ

0 3  830
ШЫН ҰЯТ ПЕН ӨТІРІК ҰЯТ

 

Мұса (ғ.с.) үмбеті қаталдық мінезімен, Иса (ғ.с.) үмбеті кешірімшілдік сипатымен, ал Мұхаммед (с.ғ.с.) үмбеті ұят мінез-құлқымен ерекшеленеді. Қадірлі пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мұсылманды жақсылыққа жетелейтін және жамандықтан жирендіретін бір негіздің болуын мұрат етті. Ұят – жақсылықтың ұрығы. Жамандықтың тамырын түбегейлі жоятын да осы қасиет. Әнас (р.а.) риуаят еткен хадисте:     إِنَّ لِكُلِّ دِينٍ خُلُقًا، وَخُلُقُ الْإِسْلاَمِ الْحَيَاءُ.

«Расында, әрбір діннің өзіне тән мінезі бар. Исламның мінезі ұяңдық (ұят)», – деп айтылған. Ұяттың болуы яки болмауы – адамның шынайы табиғатын көрсететін белгі. Ұят – адамның иманын құнды етіп, жүріс-тұрысына өң беретін қасиет. Кісі бір іс-әрекеттен тұла бойы қысылып, орынсыз істен жүзі қызғылт түске боялып жатса, демек тегі таза һәм болмысы пәк.

 Өтірік ұят

Бұл қасиет жайлы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
يَا عَائِشَةُ لَوْ كَانَ الْحَيَاءُ رَجُلاً كَانَ رَجُلاً صَالِحًا، وَلَوْ كَانَ الْفُحْشُ رَجُلاً لَكَانَ رَجُلَ سُوءٍ.

«Ей, Айша! Егер ұят адам болса, әлбетте ізгі адам болар еді. Ал, егер арсыздық адам бейнесіне енсе, әлбетте жаман адам болар еді»,-деген екен.

Кейде ұятты ынжықтық және өзіне сенімсіздік секілді кері мінездермен шатастырып жатамыз. Мәселен, намазхан: «Бір кісінің үйінде қонақ болдым. Таңертең намаз оқып, үй иелерін мазалауға ұялдым. Осындай жағдайда таң намазын қаза етіп оқысам бола ма?», – дейді. Бұл – жөнсіз ұялу. Тағы бір бауырымыз: «Жаңадан үйленген едім. Ертеңгісін ғұсыл құйынуға үйдегілерден ұяламын. Ғұсылсыз намаз оқи салсам бола ма?» – дейді. Неге біз құлшылық жасауға және таза жүруге ұяламыз. Неге біздің намаз оқығанымызды көріп, бейнамаздар ұйықтап жата беруден ұялмайды?!

 Шын ұят

Хәкім Абай: «Шын ұят сондай нәрсе – шариғатқа теріс я ақылға теріс, я абиұрлы бойға теріс бір іс себепті болады. Мұндай ұят екі түрлі болады. Біреуі – ондай қылық өзіңнен шықпай-ақ, бір бөтен адамнан шыққанын көргенде, сен ұялып кетесің. Мұның себебі, сол ұят істі қылған адамды есіркегендіктен болады…»,-дейді.

Және де: «… Осы күнде менің көрген кісілерім ұялмақ түгіл, қызармайды да. «Ол істен мен ұятты болдым дедім ғой, енді нең бар?» дейді. Я болмаса «жә, жә, оған мен-ақ ұялатын болайын, сен өзің де сүйтпеп пе едің?» дейді. Немесе «пәленше де, түгенше де тірі жүр ғой, пәлен қылған, түгел қылған, менікі оның қасында несі сөз, пәлендей, түгендей мәнісі бар емес пе еді?» – деп, ұялтамын десең, жап-жай отырып дауын сабап отырады. Осыны ұялған десек, хадис анау, жақсылардан қалған сөз анау. Осындай адамның иманы бар дейміз бе, жоқ дейміз бе?!», – деген.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.