Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

ҰЛТТЫҚ ДІНИ БІЛІМ БЕРУ МЕКТЕБІН ҚАЛЫПТАСТЫРСАҚ, ЖАҺАНДАНУ ҮРДІСІНЕ ЖҰТЫЛМАЙМЫЗ

0 15  425

Бабалар жолы адастырмайды. Алайда бүгінгі буынның өзгенің қаңсығына таңсық болуы қанымызды бұзып, келбетімізді өзгертіп жатқанын жасыра алмаймыз. «Жақсыдан үйреніп, жаманнан жиреніп» жатсақ қанекей, ұлттық болмысымызға тән ұлағаттан алшақтай түскен ұрпақты тезге салып, жөнге қояр бір амалды қарастыратын кез келген секілді. Рас, Рухани жаңғыру бағытында қыруар шаруа атқарылды. Алайда, біткен іске масайрамай, игі жұмысты ілгерілете берген абзал. Осы орайда дінтанушы ғалым, найб-мүфти Алай Әділбаевпен сұхбатымыз да жоғарыдағы тақырып төңірегінде өрбіді.

– Әңгіме басында кешегіні еске түсірсек, ұлттық құндылықтарсыз алысқа құлаш ұра алмайтынымыз анық. Ендеше біз өз рухани қазынамызды түгендеуде «қолымызды мезгілінен кеш сермеп» қоймадық па?

– Қазақ елі тәуелсіз мемлекетке айналған отыз жылға таяу уақытта өз даңғылын таңдауға және экономика қазынасын еселеуге көбірек күш жұмсады. Осы жылдар ішінде мемлекеттілікті нығайту бағытында мән-маңызы жоғары түрлі реформалар жүзеге асырылды. Атқарылған істердің аз еместігінен болар, еңбегіміз жанып, еліміз толағай табыстарға қол жеткізді. Бүгінгі Қазақстан күллі әлемге бітімгер әрі бейбітсүйгіш ұстанымдағы дамушы ел ретінде танылған. Мемлекетімізді халықаралық саясатта өзіндік орны бар ел ретінде қалыптасты деп сеніммен айта аламыз.

Тәуелсіздіктен кейінгі тоқырау жылдары артта қалған соң, саясат және экономикамен қатар, ел руханиятына да назар аударыла бастады. Тарқата сөйлесек, «Қоғамдық келісім және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы» (1997), «Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы» (1998), «Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылы» (1998) секілді бірегей бастамалар арқылы өшкенімізді өндіруге, руханияттағы кем-кетігімізді түгендеуге қызмет еттік. Сондай-ақ Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мәдени мұра» бағдарламасы (2003-2006) аясында да тарих пен руханият саласында кешенді зерттеулер атқарылды. Бұл бастамалар ұлт руханиятына себезгілеп өз нәрін төгіп, өткен мен бүгіннің тарихи сабақтастығын арттыра түсті.

Руханият – ауқымы кең, көкжиегі көрінбейтін терең бір әлем. Ал оның шет-шегіне жетуге бүгінгі бір бастаманың немесе белгіленген бір мезгілдің жетпейтіні анық. Сондықтан руханият мәселесі мемлекеттің ұдайы назарында болуы керек. Өйткені, мемлекет руханиятқа көңіл бөлу арқылы қоғамдағы түрлі індеттер мен жағымсыз әдеттердің және қылмыстардың алдын алып, халықты рухани кемелдендіріп, мәдениетті парасат биігіне көтере алады. Яғни, руханиятты игеруге халықпен бірге мемлекет те мүдделі.

Өткен жылы Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жариялап, «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек» дегені бар. Сонымен қатар әрбір салада өзіндік жаңғыру жұмыстарын жандандыру қажет екенін айрықша атап өтті. Мемлекет басшысының бұл бастамасынан соң, артынша-ақ «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қолға алынды. Онда руханияттың ел болашағы үшін қаншалықты қажет екені жазылған, ел ертеңі үшін атқарылуы тиіс міндеттер де көрсетілген.

– Руханият саласында игі істер қолға алынып, қыруар шаруа атқарылды дегенмен, арагідік теріс пиғылды ұйымдардың әрекеттерінің «ізі» аңғарылып қалады. Бұл асыл дініміздің діңгегінің қатаюына кесірін тигізіп жатқан жоқ па?

– Қазақстанның бүгінгі қоғамында ислам факторы үлкен маңызға ие екенін аңғарып жүрміз. Бұл бір жағынан қуантса, екінші жағынан ислам дінін өз мүдделерін жүзеге асыру жолында қолданғысы келетін экстремистік топтардың белсенділігі де алаңдатады. Рас, соңғы жылдары әр елде орын алған лаңкестік оқиғалардың түгелі БАҚ құралдарында асыл дінімізбен астарласа жарияланып, исламофобия адамдар санасына сіңіріліп жатыр. Бұл діни экстремизм мен терроризм тақырыбының әлемдік мәселеге айналуына әкелді. Аталған үдеріс еліміздегі діни жағдайға да айтарлықтай салқынын тигізіп үлгерді.

Қазіргі таңда мемлекетіміздің тұтастығына басты қауіп сырттан ағылған жат ағымдардың іс-қимылынан туып отыр. Халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан діни-рухани танымы мен мәдени құндылықтары осы топтар тарапынан аяққа тапталуда. Қазақ қоғамы түрлі діни көзқарастарға бөлініп, ажырай бастады бір-бірінен. Бұл – ел тұтастығына қарсы бағытталған үлкен қатер. Өкінішке қарай, тарихы мен өткенін, дін мен тілін, салт-дәстүрін жақсы білмейтін бүгінгі буынның арасында «таза ислам» ұранына алданып, діни радикалдардың жетегінде кеткендері бар. Олардың кейбірі, туған елін тастап «жихадқа» кетсе, енді бірі дәстүрлі дін жамағатының іс-әрекеттерін бидғатқа балап, ширк деді. Ел бірлігі мен діни тұтастыққа қауіп төндіретін мұндай керітартпа пікірлермен күш қолдану арқылы күресу жемісті нәтиже бермейді. Идеологиялық қатерлерге ғылыми тұрғыдан жауап беруіміз қажет. Ал ол үшін исламтану мектебін қалыптастыру маңызды орын алады.

– Сол исламтану мектебін қалыптастырудың кезі келгені анық. Алайда, осы шаруаны қолға аларда да «жеті рет өлшеп, бір рет кесу» керек сияқты. Әлде, дайын жобаларыңыз бар ма?

– Кез келген халықтың мәдениеті, өмір салты, тұрмыс-тіршілігі мен ойлау жүйесінде діннің және соның негізінде қалыптасқан діни түсініктің орны ерекше екені анық. Ал қазақ халқының діни санасының қалыптасуында ислам дінінің, оның ішінде сүнниттік Ханафи мәзһабының рөлі бөлек. Осы тұрғыдан алғанда, ұлттық болмысымызға нұқсан келтірмейтін дәстүрлі діни сүниттік-ханафи мектебіміздің даму тарихы, ғылыми негіздері, өміршеңдігін қамтамасыз еткен ұстанымдары мен қазіргі кезеңде оны дамытып, жүйелеудің бағыт-бағдарын айқындау – кезек күттірмейтін мәселе. Сондықтан қазақ қоғамында діни тұтастықты қалыптастыру жолында Ханафи мәзһабын дамытудың ғылыми әрі идеологиялық негіздері мен оны орнықтыру стратегиясын жасау қажет. Жинақталған ғылыми мәліметтер негізінде елдің рухани тұтастығын сақтау, сондай-ақ қоғамдық бірізділікті қамтасыз ету жолында маңызды рөл атқаратынын бұл шаруаны тарихи-салыстырмалы әдіс негізінде талдап, пайымдау арқылы іргелі ғылыми еңбектер жазу мемлекет тарапынан тікелей қолға алынып, білікті мамандарды тарту арқылы кең көлемді ғылыми жоба жасау – біздің бүгінгі борышымыз. Бұл шаруаны атқаруға ғылыми және идеологиялық базамыз жетерлік екеніне сенімдімін.

Қазіргі таңда, көптеген елдер тарихи түп-негізімен тамырлас өз діни идеологиясын жаңғыртып, төл діни мектебін қалыптастыруды қолға алып жатыр. Мысалы, Малайзия, Өзбекстан, Шешенстан және басқа да бірқатар елдер өткеніне сүйеніп, өзіндік мектептерін дамыту жолында әрекет етуде. Біздің еліміз де жаһандануға жұтылып кетпес үшін діни санамызға сіңіскен төл діни білім беру ошағымызды қайта жаңғыртқаны жөн. Және өз тарапымыздан осы мәселеге қатысты ғылыми жоба ұсынамыз.

– Сол жоба жайында кеңірек тоқталып өтсеңіз…

– Біз ұсынған жобаның негізгі мақсаты – дәстүрлі ислам түсінігі мен ұлттық мәдениеттің өзара ықпалдастығы, бұрынғы кезеңдердегі ұлттық идеяның қалыптасуы мен дамуы, төл ғұламаларымыздың ислам ілімдерін дамытудағы рөлі, дін қайраткерлерінің идеологиялық ұстанымдарының мемлекетпен өзара байланысын және дәстүрлі мұсылман қазақ қоғамының ұлттық тұтастығын қалыптастырудағы орнын анықтау, бүгінгі дәстүрлі ислами ұстанымды орнықтыруға септеу, тарихи мұраларды таныту, насихаттау, Қазақстанның төл исламтану ғылымын қалыптастыруды ғылыми тұрғыда негіздеу, концепциясын (ұстанымын) жасау және т.б. бұл жобаны жүзеге асыруға әлемге белгілі ғұлама, көрнекті шығыстанушы ф.ғ.д, профессор Ә.Дербісәлі, елімізбен қатар шетелдерде танымал айтулы шығыстанушы-ғалым Ә.Мүминов, белгілі фольклортанушы әрі шығыстанушы ғалым Ш.Керім, профессор Д.Кенжетай, дінтанушы, доценттер Т.Қыдыр, Р.Мухитдинов, дінтанушы Phd доктор М.Исахан секілді зерттеушілер қатысуда.

Осы жоба негізінде Қазақстан қоғамында діни тұтастықты қалыптастыру жолында Қазақстандық исламтану мектебін дамытудың ғылыми әрі идеологиялық негіздері мен оны орнықтыру стратегиясы жасалады. Зерттеу жұмысындағы мәліметтер мен жасалған қорытындылар теріс діни көзқарастағы азаматтарды райынан қайтаруға және Қазақстандағы мұсылмандық тұтастықты қамтамасыз етуге септігін тигізеді. Ғылыми жобаның нәтижелері негізінде жасалған ғылыми ұсыныстар ұлттық идеяның қалыптасуы мен қазіргі отандық ислами жүйені қайта құрып, еліміздегі исламтану мектебі негізінде дәстүрлі исламның идеологиялық платформасын айқындайды деп ойлаймыз. Бұл игі бастаманың мемлекетіміз тарапынан қолдау табуы қуантарлық іс. Сондықтан уақыт оздырмай осы жобаны іске асыру қазақстандағы исламтану ғылымы үшін де, тарихи санамызды жаңғыртып, өзіміздің сара жолымызды қалыптастыру үшін де аса қажетті.

Тағы да айтайық, жоғарыдағы бастамамыз бен жобамыз бабаларымыз ұстанған асыл дінімізді кең көлемде насихаттап, бүгінгі сана болмысымен түсінуге көмектеседі. Жас ұрпақ кешегі жолымызды танып, болашаққа ұлттық келбетімен, қазақи қасиетімен құлаш ұруы қажет. Сол кезде ғана болашағымыз жаһанданудың дүрмегіне жұтылмай, рухани, діни құндылықтарымен ілгерілей береді.

– Әңгімеңізге рахмет!

Túrkistan газеті

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.