Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Шариғатта жеті атаға дейін қыз алыспау талабы бар ма?

0 228

Get real time updates directly on you device, subscribe now.

Сұрақ: Жеті атаға дейін қыз алыспау шариғаттың талабы ма?

Жауап: Мұсылмандық дәстүр бойынша Құран кәрімде қандай туысқандармен үйленуге болмайтыны айтылған.

Ниса сүресі, 23-аятта: «Сендерге өз аналарыңмен, туған қыздарыңмен, әпке-қарындастарыңмен, әкелеріңнің әпке-қарындастарымен, аналарыңның әпке-сіңлілерімен, туған бауырларыңның қыздарымен, әпке-қарындастарыңның қыздарымен, сүт аналарыңмен, емшектес әпке-қарындастарыңмен, қайын енелеріңмен және жақындасып қойған әйелдеріңнен туған қолдарыңдағы өгей қыздарыңмен некелесу харам етілді.

Ал жақындаспай тұрып ажырасып кеткен әйелдеріңнің қыздарына үйленсеңдер күнә болмайды.

Сондай-ақ, сендер үшін бел балаларыңның жұбайларына үйлену, һәм апалы-сіңілі екі қызды бірдей әйелдікке алу харам етілді. Ал бұдан бұрын (надандық дәуірінде) болған іс болды. Расында, Алла өте кешірімді, ерекше мейірімді» – деп айтылады.

Яғни аятта айтылғандардан басқа туысқандармен үйлене беруге болады. Мұсылман халықтарында, оның ішінде түрік, өзбек, ұйғыр секілді халықтарда бөлелердің немесе немере ағайын секілді туыстардың бір-бірімен үйленуі осы аятқа негізделген. Дегенмен, ислам діні бойынша да әсіресе халифалар тұсында алыстан қыз алу құп көрілген.

Пайғамбарымыз да (с.а.с.) бір хадисте: «Жақын ағайын туыстан қыз алмаңдар, өйткені бала әлсіз боп туады»,– деп айтқан. Әзіреті Омар (р.а.): «Алыстан (қызды жат руға беріп, жат рудан алыңдар) некелесіңдер»,[1]–деген.

Қазақ халқындағы жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрі осы халифалар кезіндегі дәстүрмен де үндесетінін байқауға болады. Мысалы имам Шафиғи туысқандардан көрі басқа рудан қыз алудың дұрысырақ болатынын айтса, Имам Ғазали туысқандар арасында сүйіспеншілік сезімінің әлсіздеу болатынына назар аударып,  жат жұрттан қыз алуды құп көреді[2].

Сондай-ақ қазақ салтында емшек сүті араласқан балаларды өзара некелеуге тыйым салынған. Екеуінің арасында қан туыстығы болмаса да, олар бір ананың сүтін емгендіктен бір-біріне бауырлас болады[3].

Себебі мұсылмандық шариғатта бұған қатаң түрде тыйым салған. Пайғамбарымыз (с.а.с.) бұл жайында: «Қан жолымен харам болғандар сүт жолымен де харам болады»[4], – деген.

Қазақта «Жеті атасын білген жеті жұрттың қамын жейді» деген аталы сөз бар. Қазақ халқы жеті атаны білу дәстүрін қастерлеп, ұрпақтан ұрпаққа өсиет етіп отырған. Тіпті жеті атаға дейінгі туысқандар бір-бірімен қыз алыспаған. Деректерде бұл дәстүрдің Жәнібек ханның кезінен бастау алғандығы баяндалады[5].

Қорыта айтсақ, жоғарыда Құран аяты бойынша белгіленген үйленуге болмайтын туыстар жайлы қағидаға қазақтағы жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрінің ешқандай терістігі жоқ. Қайта керісінше, Пайғамбар хадисі мен Әзіреті Омардың өсиетіне сай болғанын көруімізге болады.

Алау Әділбаев

(kazislam сайтынан алынды)

[1]Абдуррахман б. Хүсәйн әл-Ирақи, әл-Муғни ан хамлил- әсфар фи тахрижи мә фил-ихияи минәл-ахбар, 1-т.– 473-б.

[2]Имам Ғазали, Ихияу улумиддин. – Дамаск, 2010.  2-т. – 263-264-б.

[3]Су Бихай. Қазақ мәдениетінің тарихы, ауд: Т. Зәкенұлы, – Алматы, 2013. –343-б.

[4]Бұхари, әл-Жамиус-Сахих, Шәһәдәт, 7

[5]Тілеуқабылұлы Ө.Шипагерлік баян. (Араб қарпінен көшіргендер – К.Елемес, Д.Мәсімхан ) – Алматы: Жалын, 1996. – 15,43-б., e-history.kz

Get real time updates directly on you device, subscribe now.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.