Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

НӘПІЛ ОРАЗАЛАР

0 9  135

Ораза құлшылығы ислам шариғатында бірнеше санаттарға бөлінеді. Алла Тағала Құран-Кәрімде Рамазан айында ораза тұтуды бұйырғандықтан, осы мезгілде ауыз бекіту мұсылмандар үшін парыз болып есептіленеді. Егер, мұсылман адам белгілі-бір қайырлы істі көздеп, сол үшін ораза тұтуға уәде берсе, оны орындау және нәпіл оразаның кәффаратын жасау уәжіп болып саналады. Ал, Ораза айт және Құрбан айт күндері, Жұма күні және шариғатта ұнамсыз деп танылған т.б. күндері ауыз бекітуге, шариғатта мәкрүһ деп үкім кесілген. Сондай-ақ, аптаның Дүйсенбі мен Бейсенбі күндері, әр айда үш күн ораза ұстау, Арапа күні, Шәууәл айында алты күндік ораза ұстау, Ашура күні және Шағбан айында ауыз бекіту нәпіл оразаға жатады.

Алла Елшісі (с.ғ.с.) өзі нәпіл оразаға ерекше ден қойып, бұл ғибағатты ынтызарлықпен  атқарған. Айша (р.а.) анамыз жеткізген бір хадисте: «Хақ Елшісі (с.ғ.с.) Дүйсенбі мен Бейсенбі күндері ауыз бекітуге ерекше мән беретін еді», – деп айтады.

Жалпы, парыз және уәжіп оразаларға қарағанда нәпіл ораза түр мен мазмұнға бай. Оның бір дәлелі жылдың әртүрлі мезгілінде шариғат бекіткен атаулы күндері нәпіл оразаны ұстауға болады. Мысалы, Рамазаннан бұрынғы Шағбан айында да мұсылмандар нәпіл ораза тұтады. Шағбан айы – Алла Елшісінің (с.ғ.с.) сұлу сүннетін берік ұстап, күнбе-күн ауыз бекітіп, алдағы Рамазан айына рухани тұрғыда дайындық жасауға мүмкіндік беретін шұғылалы шақ. Хадистерде Хақ Елшісінің (с.ғ.с.) Шағбан айында көбірек ораза ұстағаны айтылады. Бұл хақында мүміндердің анасы Айша (р.а.) анамыз: «Алла Елшісі (с.ғ.с.) өзге айларда Шағбан айындағы секілді көп ораза тұтпайтын еді», – деп риуаят еткен.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Кімде кім Рамазан айының оразасынан соң Шәууәл айында 6 күн ораза ұстаса, бір жыл ораза ұстағандай болады» – деп, бұл айда ұсталатын алты күн оразаның мол сауабын сүйіншілеген. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Кімде-кім бір жақсылық жасаса, оған оның он есе қарымы беріледі», – деген. Ғалымдар Шәууәл айындағы алты күн оразаның бір жылдық сауабын осы аятпен байланыстырады. Рамазан айындағы отыз күн мен Шәууәл айындағы алты күн қосылғанда, отыз алты күн болады. Бұл сан он есеге көбейтілсе, үш жүз алпыс күнді құрайды. Бір жылдың қалған бес күні ораза ұстауға болмайтын Рамазан айтының алғашқы күні мен Құрбан айттың төрт күні. Оразаның әрбір күні он есе молайса, онда отыз алты күндік оразада бір жыл ауыз бекітудің сауабы бар деген сөз.

Нәпіл оразаларды орындаумен пенде өзінің жаратушысына жақындай түсіп, ақыреттік азығын молайтады. Хақ Тағала өзіне тән рақымымен құлының жасаған ғибадатына бірнеше есе артық сауап жазып, ақыретімізді құтқаруға мол мүмкіндік тудырады.

Нұрсұлтан Шамшиден

«Садуақас қажы Ғылмани» мешітінің наиб имамы

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.