Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Серікбол ХАМАНҰЛЫ: ҚҰРАНДЫ ЖАТТАУ ҺӘМ ҮЙРЕНУДІҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ

0 1  828

28-наурыз /SUNNA.KZ/ – ҚМДБ Нұр-Сұлтан өкілдігінің тапсырмасы аясында, «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің Бас имамы Нұрлан Рамазановтың ұйымдастыруымен Қасиетті Ережеп айының құрметіне мешітімізде ауызашар берілді. 

Алла тағала: «Құран оқылғанда оған құлақ салыңдар әрі тыныштық сақтаңдар. Рақымдылыққа бөленесіңдер», – десе, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Сендердің ең жақсыларың – Құранды үйреніп оны үйреткендерің», – деп өсиет қалдырған. «Құранды шебер оқуға машықтанған жан Құранды жазуға тағайындалған мәртебелі періштелермен бірге болады». 

Осындай игі істің негізінде, Нұр-сұлтан қаласы «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің ұстазы Серікбол Хаманұлы бейсенбілік ауызашар дастарханына жиналған жамағатқа «Құранды жаттау һәм үйренудің артықшылығы» атты тағылымы мол уағыз-насихат айтты. Мешітімізде дәстүрлі түрде бейсенбі күндері тұрақты түрде ақшам намазынан кейін  ауыз бекіткен мешіт жамағатына арнайы ауызашар беріліп келеді.

Аталмыш ауызашар уағызында ұстазы Серікбол Хаманұлы қасиетті Құран аяттарында жаратушы Хақ Тағаланың адамзатқа жіберген аяттары мен Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өнегелі өсиеті хадистерден дәлелдер келтіре отырып, жасаған құлшылығымызды шынайы көңілмен және жауапкершілікпен атқару керектігі жөнінде айтты.

«Құран – адамзатты шексіз бақытқа жетелейтін, тура жол көрсететін, қияметке дейін өзгермейтін мәңгі мұғжиза. Құран-соңғы пайғамбарлықтың дәлелі, ханиф (тура) діннің үні әрі Ислам шариғатының негізгі қайнар көзі. Құран оқыған адамның бүкіл болмысымен өзгергенін байқайсың. Ішкі дүниесіне үңіліп қарасаң оның рухани тазарғанын, жүріс-тұрысының өзгергенін көресің. Құранға деген махаббат оны оқуға байланысты. Құранды оқитын, бірақ мағынасын түсінбейтін адамға сауап жазылмайды, оған ешбір пайдасы жоқ деп те ешкім айта алмайды. Себебі, Құранды тиләуат етіп оқудың пайдасы мен дәрежесі турасында келген хабарлар жүздеп саналады. Хадис ғұламалары бұл тақырыпқа арнайы кітаптар мен баптарды арнаған. Имам әт-Тирмизи Абдулла ибн Масғудтан жеткізген хадисте Пайғамбарымыз саллалаһу алайһи уә сәллам Алланың кәләмін оқыған адам үшін болатын сауапты сипаттап: «Кімде-кім Алланың кітабынан бір әріп оқитын болса, оған бір жақсылық жазылады. Ал бір жақсылыққа он есе етіп сауап беріледі. Мен «әлиф ләм мим» бір әріп демеймін. Керісінше, әлиф – бір әріп, ләм – бір әріп, мим – бір әріп» дейді.», – деді исламтанушы Серікбол Хаманұлы.

Сондай-ақ, уағызға 100-ге жуық жамағат жиналды. Жайылған дастарқанға ақсақалдар ақ батасын беріп, Құран оқылды.

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің баспасөз қызметі

 

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.