Бүгін Талдықорған қаласыІ.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайының алдында Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің МИ-8 тікұшағында әскери міндетін орындау барысында қайтыс болған талдықорғандық жауынгерлермен қоштасу рәсімі өтті.
Related Posts
Қоштасу рәсіміне ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз қатысты.
Бас мүфти қаза болған марқұмдардың отбасына көңіл айтып, оларды көркем сабырға шақырды.
Естеріңізге сала кетсек, әскери міндетін атқару барысында қайтыс болған әскери жауынгерлердің бесеуі Талдықорған қаласынан болатын. Бүгін бес жауынгердің екеуі, яғни ефрейтор Айдын Əбілдинов пен ефрейтор Мирас Жұматаевтың денелері жер қойнауына тапсырылды.
Ал 29 наурыз, қасиетті жұма күні Елорда мешіттерінде жұма намазынан кейін Отан үшін қаза болғандардың рухына арнап арнайы Құран аяты бағышталып, дұға жасалды.
Еске салсақ, Серікбай қажы Ораз Қызылорда облысының аумағында әскери тік ұшақтың апатқа ұшырап, 13 жауынгердің қаза болуына байланысты көңіл айтқан болатын.
“Мемлекетіміздің тыныштығы мен еліміздің амандығы жолында борышын өтеп жүрген жас жауынгерлердің қазасы туралы қаралы хабар біздің де жанымызға қатты батты. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір өсиетінде: «Отанын күзеткен шекарашының көзі ақыретте күймейді», – деген. Ата-бабаларымыз мұра етіп қалдырған Отанның азаттығы мен тыныштығын қорғау – өшпейтін өнеге, үзілмейтін ізгі амал. Өзімнің және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы атынан марқұмдардың ата-анасына, туған-туыстарына қайғыра көңіл айтып, сабыр тілеймін. Алла Тағала қазаның артын қайырлы етіп, Жаратушы Иеміз өз мейіріміне бөлесін!» – делінген Бас мүфтидің көңіл айту жеделхатында.
ҚМДБ баспасөз қызметі