Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

ҚМДБ-НЫҢ ЛАҢКЕСТІК ҰЙЫМДАРДАН ЗАРДАП ШЕККЕН АЗАМАТТАРҒА ҚАТЫСТЫ ҮНДЕУІ

0 1  713

2019 жылдың 7 және 9 мамыр күндері Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Сириядан 231 Қазақстан азаматы елімізге жеткізілді.

Қантөгіс пен зорлық-зомбылық жайлаған аймақтан құтқарылған азаматтардың қатарында мектеп жасындағы 156 бала болған, оның ішінде 18-і – жетім балалар.

Осы жылдың басында, 6 қаңтарда еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қамқорлығымен соғыс оты шарпыған Сириядан 47 азамат Қазақстанға қайтарылған еді.

Қазақстан өз азаматтарының әлемнің қай қиырында жүргеніне қарамастан олардың тағдырына қашан да алаңдайды. «Жусан» операциясының жалғасы бойынша жүзеге асқан бұл гуманитарлық шара соның айқын көрінісі.

Лаңкестік ұйымдардан зардап шеккен азаматтарға мемлекет тарапынан моралдық, материалдық тұрғыдан жан-жақты көмек көрсетілуде. Қоғамға бейімдеу жұмыстарының нәтижесінде олар қызметке орналасып, ағайын-туыстарымен қауышты, ал балалары бала-бақшаға баруда. Өкпеге қисақ та, өлімге қимайтын халықпыз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдегендей, олардың жасаған қателігі үшін балалары өзге елде қиналып, зардап шекпеуі тиіс.

Террористердің теріс үгіт-насихатына алданып, жалған сенімдер мен жалаң ұрандардың құрбанына айналған жерлестерімізге қайырымдылық пен кешірім айы – қасиетті рамазанда рақымшылық жасалса деген тілегімізді жеткіземіз.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Сирияда жантүршігерлік жағдайды бастан кешкен азаматтарға Алладан сабыр, өмірлеріне бейбітшілік пен тыныштық тілейді. Жаратқан Иеміз отандастарымызды мұндай сынақ пен қиындықтан сақтасын.

ҚМДБ террористік ұйымдардан жапа шеккен азаматтарды дін атын жамылып, халықты қантөгіс пен бүлікке бастайтын дінбұзарлардың әрекетін қатаң әшкерелеуге шақырады. Адасқан азаматтардың жағдайы өзгелерге өмірлік сабақ болуы тиіс деп санаймыз.

Осы ретте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздің барша азаматтарын ғаламтор арқылы шетелдік жеке тұлғалардың күмәнді уағыздарын тыңдамауға, өзге елдерде өз бетінше діни білім алмауға үндейді. Сонымен қатар, материалдық мүмкіндіктер жасап, жалған сенім мен қауіпті қантөгіске үгіттеушілердің сөзіне алданып қалмауға шақырамыз.

Мұндай жағдайға тап болған кісілерден шұғыл түрде тиісті мекемелер мен ресми діни мамандарға хабарласуларыңызды сұраймыз. Облыстық, қалалық мешіттердің жанында отбасылық кеңес беру, оңалту орталықтары, сенім телефондары жұмыс істейді. Сонымен қатар, ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімнің www.fatua.kz сайты онлайн сұрақтарға тікелей жауап береді. Осы бөлімнің білікті ғалымдарынан жұмыс күндері бетпе-бет сұхбаттасып, пәтуа алуға болады.

Еліміздің қауіпсіздігін, береке-бірлігін, халқымыздың тұтастығы мен тыныштығын қамтамасыз ету – мемлекетіміздің негізгі міндеті болып қала береді.

Ислам «бейбітшілік» деген ұғымды білдіреді. Асыл дініміздің негізгі қағидатының бірі – бейбітшілік. Дін бірлік пен береке, бейбітшілік пен келісім салтанат құрған қоғамда ғана өркендейді.

Алла Тағала елімізге тыныштық, халқымызға амандық нәсіп еткей. Жаратқан Иеміз еліміз бен жерімізді, дүниежүзін түрлі біліктерден сақтағай! Әмин!

www.muftyat.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.