Арқаның төсінде, астананың төрінде тағы бір елді ең еткізген қуанышты жаңалықтардың бірі – «Әлжан ана» мешітінің жанынан «Астана» медресе-коледжінің қыздар бөлімінің ашылуы болды. Аталмыш білім ошағының ашылу салатанатты шарасына дін қайраткерлері мен қоғам белсенділері қатысқан болатын.
Бүгін «С.Ғылмани» мешітінің жанынан құрылған «Аналар мектебі» рухани клубының ұстаздары Әлия Аусағатова және Айгүл Көксегенқызы қатарлы әйел ұстаздар елорда төрінде алғаш ашылған қыздар медресесіне барып, алғашқы шәкірттермен кездесті. Кездесу барысында ұстаздар тәрбие және өздерінің тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ кеш соңында шәкірттерге дастарқан жайып, әр шәкіртке, қажетті бұйымдарға толы, сыйлық дорбалар таратылды.
«Қазақ тарихында Ыбырай Алтынсарин алғаш қыздар медресесін ашқанын білесіздер. Не себепті бірінші қыздар медресесін ашты деп ойлайсыздар? Себебі қыз, ана ол сол халықтың қайнар бұлағы. Қайнар бұлақ мөлдір-тұнық болу үшін олар білімді, иманды, ибалы, инабатты болуы қажет. Міне, осындай мақсатта көптен армандап жүрген қыздар медіресесі ашылып отыр. Сіздер бақытты шәкірттерсіздер. Жақсы оқып, тәлімді тәрбие алып шығуларыңызды тілеймін» – деді ұстаз Әлия Аусағатова.
Сонымен қатар, «Әлжан ана» мешітінің бас имамы Әділхан Серікбай қонақтарға, медресенің тыныс тіршілігін таныстырып, ұстаздарға алғысын жеткізді.
«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің баспасөз қызметі