Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

МӘУЛІТ ХАҚЫНДА БІРЕР СӨЗ…

0 1  772

Бұл ай – Рабиүл-әууәл айы. Рабиүл-әууәл айы – «Мәуліт айы» деп те аталатыны баршаңызға белгілі. Мұсылмандардың ішінде кейбірі мәулітке қарсы болған, дегенмен көпшілігі, әсіресе, үлкендер: «Ата-бабаларымыз мәуліт оқытқан, оқысақ не бопты?» – дейді. Сауап болмаса, күнә емес қой деп қарайды. Бұл толық жауап болмағанмен, өте орынды айтылған деп санаймын. Осыған қоса, аздап мәуліттің пайда болған кезеңіне ғылыми тұрғыда ізденіс жасап көрелік.

Шын мәнінде, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) заманында сахабалардың, олардан кейінгі  ұрпақта мәуліт оқыту деген болмады.

Мәуліт ғибадат емес, онда ғибрат бар. Мәуліт оқытуды Құран оқытумен теңестіруге болмайды.

Мәуліт дегеніміз не? Мәулiт – араб сөзі, сөздік жағынан алғанда, қазақшасы «туған күн» – деген мағына бередi. Бұл Алла Тағаланың ең сүйiктi пендесi, Адамнан (ғ.с.) Исаға (ғ.с.) дейiнгi барлық пайғамбарлардың соңғысы, әрi сардары –Мұхаммедтiң (с.а.у.) дүниеге келген айына атау етiп қойылған.

Сондықтан да әр жылы рабиүл-әууәл айында әз-Пайғамбарымыздың мәулiтiн мерекелеп, Алла Тағала өзiнiң сүйiктi пайғамбары Мұхаммедтiң (с.а.у.) үмметi етiп жаратқанына жамағат болып салауаттар айтып, осы айды мереке ететін ғибыратты ғұрпымыз бар.

Мұхаммед пайғамбар (с.а.у.) Алланың соңғы әрі ең абзал пайғамбары екені хақ. Сонымен қатар, әр мұсылманмын деген адамға Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өмірін, сипатын, мінез-құлқын өнеге тұту – сүннет. Имам Мүслiм (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Айша анамыздан Сағад ибн Һишам (р.а.):

– Пайғамбарымыздың (с.а.у.) әдеп-ақылағы, мінез-құлқы туралы айтыңызшы, – деп сұрады. Айша анамыз оған:
– Сен Құран оқымайсың ба? – дедi.
– Әрине, оқимын,– дейді әлгі сахаба.

Сонда Айша анамыз:
– Олай болса, Расулалланың әдеп-ақылағы, мінез-құлқы Құран едi»,– деп жауап берді» делінген.

***

Иракта әмірлік еткен Тарғұлбек атты әмірдің бұйрығымен өз заманының көрнекті ғұламаларының басшысы Әбу Шуама бастаған шайырлар Пайғамбарымыз (с.а.у.) өмірі туралы жазылған тарихи кітаптар негізінде өлеңмен жазылды. Сондай қысқа да нұсқа көркем мағыналы өлеңдерді мәуліт айында барынша насихаттау қажет болды. Бұл өлең шумақтарын халықтың жатқа оқуы жақсы үрдіске айналды. Сол өлеңдердің атын халық «мәуліт» деп атап кетті. Көбіне біз «мәуліт» дегеннен Пайғамбарымыздың (с.а.у.) туған күнін түсінеміз. Бірақ, негізінде, бұл Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өмірі туралы айтылатын өлеңге қойылған ат. Өлеңдетіп айту адамдарға өз әсерін тигізетін ұтымды әдіс болды. Осылайша мәуліт атты өлеңдерді адамдарға оқып бергенде олар аз уақыт ішінде Мұхаммедтің (с.а.у.) пайғамбарлығы туралы түсініктері  кеңіп, тереңдей бастады. Әрі мәуліт өлеңдерін жаттап алу оңайға түсті.

Ирак әмірі Тарғұлбектің басшылығымен Әбу Шуаманың ұсынысымен мәуліт жиыны өткізілуі өріс алғаннан кейін ол көрші елдерге де жетті. Олар да бұны дұрыс қабылдап, оны амалға асырды. Сөйтіп, бұл ислам әлеміне кең таралды. Біздің өлкелерге мәуліт деп аталған поэмалардан Жағфар  Барзанжи жазған «Мәуліт ан-наби» поэмаларын оқу әдетке айналған-тын. Қазіргі күнде Қазақстан аумағындағы мешіттерімізде оқылатын мәуліт сол – Барзанжидің мәуліті.

***

Көпшілік ислам ғұламалары мәуліттің оқылуын бірауыздан құптаған. Оны көп ұлт өз тілінде жырлап, қанына сіңіріп, салт-дәстүріне айналдырып та үлгерген. Мысалы, мәуліт түрікше де өзбекше де айтылады. Өзбектің көбі өзбекше жазылған мәулітті, түріктің көбі түрікше жазылған мәулітті жатқа біледі. Пайғамбарымыз (с.а.у.) туралы жазылған мәуліттің ең кемінде төрт шумағын жаттап алған. Қазақша мәуліт жоқ екен деп ойламаңыз. Құдайға шүкір, қазақшасы да бар. Қазақ тілінде мәуліттің бір емес, бірнеше түрі кездеседі. Соның бірі, әйгілі ғұлама Ақмола өңірінде  өмір сүрген, дін қайраткері Сәдуақас қажы Ғылмани хазіреттің «Мәуліт» кітабы. Ол кісі бұдан бөлек көптеген діни еңбектер жазған ғұлама ғалым. КСРО заманында Қазақстанда діннің шырағын өшірмеген кісі, 20 жыл бойы дін исламды қорғап, қази болған. Осы кісінің әлгі Барзанжидің арабша жазған мәулітіне араб тілінде түсінік жазған кітапшасы тағы бар. Осы қазақ тіліндегі мәуліт кітабы жайдан-жай жазылған жоқ. Ол сіз бен бізге арналып қазақша жазылды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) туралы шумақтарды жаттап алсын деп жазды. Алла ол кісіге разы болсын, сіздер мен біздерге таупық пен һидаят берсін!

P.S. Хасан Әл-Басри (р.а.): «Менiң Ухуд тауындай алтыным болса, оны Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мәулiтiн оқытуға жұмсар едiм»,– деген.

Бауыржан Есмахан

Нұр-Сұлтан қаласы

«Сәдуақас қажы Ғылмани»

мешітің бас имамы

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.