Әлем сахнасында хизбуттахрир ағымы 1953 жылы мұсылмандардың үшінші қасиетті мешіті орналасқан Құддыс қаласында пайда болды. Негізгі мақсаты – Ислам Халифатын құрып, мұсылмандардың басын қосу. Бұл әлемдегі барлық мұсылмандарды саяси және пікір тұрғысында біріктіру. Алты ғасыр ислам әлемінде билік құрып, 1924 жылы құлаған Осман империясын қайта тұрғызу.
Бұл діни ағымның негізін қалаушы, әрі ең алғашқы әмірі (басшысы) – Тақии ад-Дин ән-Набхани,[1] заманының белігілі ғалымдарының бірі болған. Хизбут тахрир сөзіне келетін болсақ, «хизб» партия, топ «тахрир» босату, бостандық, яғни бостандық партиясы. Аталмыш ұйымға басшылыққа тағайындау ішкі сайлау арқылы болады, және оның уақыты шектелмеген. | Суретте Тақии ад-Дин ән-Набхани |
Ұстанымын өзінің айтуынша пайғамбарымыздың (с.а.у) сүннетінен алады. Яғни, алғашқы кезең ол дағуат кезеңі немесе ұйымның әлемде жақтастар жинау кезеңі[2]. Осы мақсатта әлемнің түкпір-түкпірінде өздерінің орталықтарын, баспаханаларын аша бастады. Негізгі орталықтары Палестина, Ливан және Шығыс Азия, Батыс Еуропа мемлекеттері. Бұл ұйымға көптеген араб, ислам мемлекеттерінде тыйым салынған.[3]
Ұйымның құрылуы және дамуы
Хизбут тахрир ұйымы Құддыс қаласында 1953 жылы құрылды. Ұйымның құрылуы мен дамуы бірнеше кезеңдерден тұрады. Алғашқы кезең қалыптасу кезеңі. Бұл кезең ұйымның негізін қалаушы Тақии ад-Диннің жеке күш жігері мен оның айналасындағы соның жолын ұстанған жақын адамдардың атсалысуынан тұрады. Ислам заңдарын терең оқыған әрі біраз уақыт қазылық қызмет атқарған Тақии ад-Дин үшін ұйымның негіздерін заңнамаларын жазу қиын іс емес еді. Өздерін партия ретінде жариялағаннан кейін келесі кезең жария кезеңіне ауысты. Ливан, Иордания, Палестина жерлерінде ұстаздық қылған ол шәкірттерінің арасынан өзінің жақтастарын дайындай бастады. Өзінің жақтасы пікірлес серіктері Әли Фахруддин ливандық мәжіліс кеңесіне партия атынан мүше болып сайланды. Сол секілді Ахмад Дағур есімді шәкірті Иордания мемлекетінің парламентіне мүше болып сайланды, алайда көп ұзамай тұтқынға алынып, сол кездегі мемлекетте төңкеріс жасағысы келген әрекеті үшін өлім жазасы кесілді.[4]
Араб мемлекеттерінде табысқа кенелмегеннен кейін сол жүйелерімен Батыс Еуропа мемлекеттеріне ауысты. Олардың ол мемлекеттердегі мұсылмандарға тигізген әсері – оған шейін істеп келген діни орталықтар, намазханалар жабылып, Еуропа мұсылмандарын мемлекетпен одан бетер шиеленістіре түсті.
2011жылы басталған араб мемлекеттеріндегі Мысыр, Либия, Тунис көтерілістерге хизбут тахрир ұстанымы орасан зор роль атқарды деген пікір бар. Өйткені олардың ойынша мемлекет егер заңнамаларына ислами емес жүйелерді енгізетін болса, ол мемлекетті шариғи ислам мемлекеті деп санамайды. Аталмыш ағым араб мемлекеттерінен бөлек Азия мемлекеттерінде көптеп қанат жайған, әсіресе, Индонезия, Малайзия Өзбекстан. Еуропа мемлекеттерінде Британия, Дания, Германия мемлекеттерінде кездеседі. Олар үшін Отан алдындағы міндеттемелер жоқ. Бүкіл әлем мұсылмандарын ешбір шекарасыз біртұтас мемлекет құруға шақырады. Құранды негіз ретінде өмірдің кез келген тұсына қолданады. Басқа діни ағымдардан негізгі екі айырмашылық бар:
Бір мемлекеттің ішінен екінші бір мемлекет құруға түбегейлі қарсы.
Адамдардың ұстамын өзгертуде тек пікір сайысымен ғана жүгеге асырады. Күшпен бағындыруға жол бермейді.
Демократизм мен капитализмнің барлық түрін харамға шығарады. Aғымның тұжырымы бойынша бұл кәпірлердің жүйесі және ол жүйеде қызмет атқару харам. Осыған қатысты хизбут тахрир ағымының «Демократия кәпірлердің жүйесі, оны ұстану, амал істеу оған шақыру харам» деген атақты кітаптары бар. Бұл кітапта демoкратия исламмен ешбір байланыс жоқ екені, оның түбегейлі ислам шариғаты қайшы екені жазылған.[5] Осы тұрғыда батыс елдері «хизбут тахрир» ағымын радикалды ағымдар қатарына кіргізеді. Сол секілді капитализм, социализм, комунизмнің барлық түрлерін жоққа шығарады. Сонымен қатар Тақии ад-Дин Әннабаһанидің «Исладағы экономикалық жүйе» тақырыбында кітабы бар. Аталмыш кітап әл-Азһар ғалымдарының тарапынан қабылданбады. Сол секілді хизбут тахрир баспасындағы кітаптар бүкіл араб және мұсылман мемлекеттерін сынға алады. Бұл ағымның ойынша бүкіл мұсылман мемлекеттерінің басшылары Батысқа қызмет жасауда солардың жүйесімен жүреді деген пікірді ұстанады.[6] Егер ислам мемлекеті орнаған жағдайда оны жүйелі түрде жан-жақты салада басқаруға қауқарлары жететініне сенеді.
Көптеген Батыс сарапшылары аталмыш ағымды қауіпті ағымдар қатарына жатқызады. Олар тікелей соғысқа бас көтеруге шақырмаса да иделогиялық тұрғыда батыс пен ислам әлемін бөлуге апарады. Тоқсаныншы жылдардың аяғында орын алған жарылыстар оларға хизбут тахрир өкілдерінің қатысты екені жайында әлемдік БАҚ өкілдерінде жарияланса да, хизбут тахрир бұған өзінің қатыстылығын жоққа шығарды.[7]
Хизбут тахрир жамағатының негізгі қателіктері:
1. Хизбут тахрир ағымының негізгі қателіктерінің бірі – саясат мәселелеріне көп сын айтады. Тіпті өзін ислам негіздеріне сүйенген саяси партия деп санайды. Мұсылмандарды халифат орнатуға үндейді. Алайда халифат құрмас бұрын оның алғышарттарына яғни исламға жаңа кірген мұсылмандардың рухани тәрбиесіне мән бермейді. Мұсылмандар рухани, ғылыми тұрғыда деңгейлері көтермейінше, халифат орнатуға дайын болмайды.
2. Хизбут тахрир мұсылман қоғамының негізгі мақсаты болған іштей өрлеуге мән бермейді. Әр кез мұсылман қауымының өрлеуінің негізгі кепілі ақида, құлшылық, мінез-құлық, ауыс-түйісте тазалық болуы. Әрбір адамның көкейінде жақсылыққа қарай өзгеруге деген пейілі болмаса онда қоғам да өзгермейді. Алла Тағала Құран Кәрімде:
إنَّ الله لا يُغيُّرُ ما بقَومٍ حَتى يُغيّروا مَا بِأَنْفُسِهِمْ
Расында бір қауым өзін өзгертпейінше, Алла оны өзгертпейді.[8]
وَعَدَ اللَّهُ الَّذِينَ آمَنُوا مِنكُمْ وَعَمِلُوا الصَّالِحَاتِ لَيَسْتَخْلِفَنَّهُم فِي الْأَرْضِ كَمَا اسْتَخْلَفَ الَّذِينَ مِن قَبْلِهِمْ وَلَيُمَكِّنَنَّ لَهُمْ دِينَهُمُ الَّذِي ارْتَضَى لَهُمْ وَلَيُبَدِّلَنَّهُم مِّن بَعْدِ خَوْفِهِمْ أَمْنًا يَعْبُدُونَنِي لَا يُشْرِكُونَ بِي شَيْئًا وَمَن كَفَرَ بَعْدَ ذَلِكَ فَأُوْلَئِكَ هُمُ الْفَاسِقُونَ
Алла сендерден иман келтіріп, ізгі іс істегендерге; өздерінен бұрынғы өткендердей жер жүзіне мұрагер қылуды уәде етті. Сондай-ақ олар үшін өзі разы болған дінін нығайтып, қауіп-қатерден кейін бейбітшілікке айналдырады. Олар Маған құлшылық қылады. Маған еш нәрсені серік қоспайды. Кім бұдан кейін қарсы келсе, міне солар, бұзақылар.[9]
Ал, хизбут тахрир жамағаты болса сол тұтастыққа сызат түсіруде, өйткені олар ислам әлемінің ұстанып отырған жолына әлемдік Батыстың ықпалы зор деген пікірді алға тартады. Осылайша ол қарапайым мұсылмандардың санасында мемлекетке деген наразылықтың тууына себеп болуда.
3. Хизбут тахрир ағымының адасқан тұстарының бірі бөгде әйелмен қол ұстасуға, сүюге рұқсат береді. Олардың пікірінше бұл әрекет зинаға бармайынша, харам емес.[10] Бұл пайғамбарымыздың (с.а.у) мына хадисіне қарама-қайшы:
كُتِبَ عَلَى ابْنِ ءَادَمَ نَصِيبَهُ مِنَ الزِّنَى مُدْرِكٌ ذَلِكَ لا مَحَالَةَ, فَالْعَيْنَانِ زِنَاهُمَا النَّظَرُ, وَالأُذُنَانِ زِنَاهُمَا الاسْتِمَاعُ, وَاللِّسَانُ زِنَاهُ الْكَلامُ, وَالْيَدُ زِنَاهَا الْبَطْشُ, وَالرِّجْلُ زِنَاهَا الْخُطَا…
«Алланың бекіткені бойынша адамдардың көптеген жасайтын күнәлары зинақорлыққа апарады. Көздің зинасы шариғатпен тыйым салынған нәрсеге қарау. Құлақтың зинасы өзіне қатысы жоқ әңгімені тыңдау. Тілдің зинасы шариғат бойынша рұқсат етілмегенді айту. Қолдың зинасы харамды ұстау. Аяқтың зинасы харамға бару.[11]
4. Хизбут тахрир ағымы пайғамбарларға сенім мәселесінде үлкен қателікке бой алдырады. Олардың ойынша пайғамбарлар пайғамбарлыққа дейін кез келген үлкен күнәларды жасауы мүмкін және ол одан өзін қорғай алмайды.[12] Ислами сенім бойынша пайғамбарлар үлкен күнәларға баруы мүмкін емес. Олардың айтуы бойынша тіпті сараңдық, сатқындық, қорқақтық сипаттары болуы мүмкін.
5. Аталмыш ағымның негізін қалаушы Тақии ад-Дин ән Набаханидің «Әшшахсия әл-Исламия» атты кітабында иманның негіздерінің бірі – тағдыр мәселесінде адамның іс-әрекеті оның тағдырына ешбір қатысы жоқ екенін айтады. Демек, адам қандай да бір әрекетті өз қалауымен жасайды дейді. Бұл Құран аяттарына, пайғамбарымыздың (с.а.у) сахих хадистеріне қарама-қайшы пікір. Алла тағала Құран кәрімде:
وَخَلَقَ كُلَّ شَىْءٍ فَقَدَّرَهُ تَقْدِيرًا
«Алла сендерді де, жасаған нәрселеріңді де жаратты»[13].
Алла Елшісі (с.ғ.с.) тағдырға иман келтірмейтіндер жайында былай дейді:
الْقَدَرِيَّةُ مَجُوسُ هَذِهِ الأُمَّةِ إِنْ مَرِضُوا فَلا تَعُودُوهُمْ, وَإِنْ مَاتُوا فَلا تَشْهَدُوهُمْ
«Тағдырға иман келтірмейтін бұл үмметтің пұтқа табынушылары секілді. Егер ауырса жағдайын сұрамаңдар. Егер дүниеден өтсе жаназасына қатыспаңдар».[14] Егер бұл ағымның ұстанымына сүйенсек, кейбір әлемде болып жатқан жағдайлар Алланың қалауынсыз жүзеге асады. Бұл анық адасушылық.
Хизбут тахрир ағымының көсемдері:
1.Тақии ад-Дин Әннабаһани (басшылық қылған жылдары 1953-1977 ж)
2.Абдул Қадим Залул (басшылық қылған жылдары 1977-2003 ж)
3.Ата Абу әр-Рашта (2002 жылдан кәзіргі уақытқа шейін)
4.Хизбут тахрир ағымының әлемдегі өкілдері:
5.Мамдух Абу Сауа Қатишат (Иордания).
6.Насир Уахан Әлләһәби (Иемен).
7.Ибраһим Осман Абу Халил (Судан).
8.Нафит Бут (Пәкістан).
9.Иалмаз Шилик (Түркия).
10.Исмаил Юсынта (Индониезия).
11.Махиддин Ахмад (Бангладеш).
12.Фахида Ханум Муни (Бангладеш).
13.Рида Балхадж (Тунис).
14.Һишам әл Баба (Сирия).
15.Шариф Зайд (Мысыр).
Қорыта келе аталмыш ұйым мұсылман қоғамын тікелей соғысқа, күш көрсетуге төңкеріске шақырмаса да халық арасында мемлекетке деген наразылықтың оянуына апаруда, өйткені хизбут тахрир ағымының тұлғалары мемлекеттік басқару жүйелеріне өздерінің наразылықтарын ашық паш етеді. Олардың пікірінше мемлекет жүйесіне капитализм, социализм, комунизмнің жүйесі араласатын болса мемлекет мұсылман мемлекеті деген атаудан шығады. Әлбетте әрбір мұсылман мемлекетте шариғат негіздері үкім құрғанын қалайды. Бірақ оған жету үшін мемлекетті өзгертумен мәселе шешілмейді. Ең бірінші адам өзін өзгертуге тырысуы тиіс сонда ғана ислам мемлекеті орнайды. Алла Тағала Құран Кәрімде:
إِنَّ اللَّهَ لَا يُغَيِّرُ مَا بِقَوْمٍ حَتَّىٰ يُغَيِّرُوا مَا بِأَنفُسِهِمْ ۗ
Расында бір қауым өзін өзгертпейінше, Алла оны өзгертпейді.[15]
Мемлекет өзін ислам мемлекеті деп жариялағанмен халық мұсылман болмауы мүмін. Бұл жерде мәселе мемлекеттің атауында немесе заңында емес, ең алдымен халқы мұсылман болуы шарт. Егер халифат құру қажет болса, ол заң негіздерін басым бөлігін құрайтын араб мемлекеттерінде құрылар еді. Алайда, бұл ой ол мемлекеттерде өз қолдаушыларын таппады. Құрметті мұсылман бауырлар, атаумен емес затымызбен мұсылман болуға тырысайық, өзімізден бастайық, жанұямыздан бастайық, сонда ғана шынайы мұсылманшылдыққа қол жеткіземіз.
Хамзат Әділбеков
«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы
[1] Тақии ад-Дин ән-Набхани 1914 жылы Палестинада Иджзам деген аймақта дүниеге келген. Мысырдағы әл-Азһар университетін тамамдаған. Әкесі Ираһим ислам заңдары саласының маманы болған, сол аймақтағы медреседе ұстаздық қылған. Шешесі сол кездегі атақты қазылардың бірі Юсуфтың қызы. Жазған атақты еңбектері: «Әшшахсия әл-исламия (ислами тұлға)», «низамул ислам (Ислам системасы)», «Мафаһим хизбут тахрир (хизбут тахрирдің түсініктемелері)», т.б еңбектер. 1977 жылы қайтыс болған.
[2]http://ar.wikipedia.org/wiki/%D8%AD%D8%B2%D8%A8_%D8%A7%D9%84%D8%AA%D8%AD%D8%B1%D9%8A%D8%B1
[3] «Уағи» Палестинада жарық көретін журналының 234, 235 сандары 2006 жыл, шілде.
[4] «Хизбут тахрир» Абдурахман ибн Мухаммад Саиид Димашқия , Стамбул 1997 ж.
[5] «Демократия кәпірлердің жүйесі, оны ұстану, амал істеу оған шақыру харам» 1990 жылдары жарық көрген кітап
[6] «Хизбут тахрир ағымының саяси түсініктері», төртінші баспа, 2005 жыл.
[7] Хизбут тахрир ұйымы «Шарқул аусат» журналы арқылы (31.3.2004 жарық көрген) өздерінің бұған ешбір қатынасы жоқ екенін жариялады.
[8] Рағыд сүресі, 11 аят
[9] Нұр сүресі, 55 аят
[10] Әл Хилафа 32 бет
[11] Муслим хадистер жинағында №4808.
[12] Әш-шахсия әл-Исламия
[13] Әссаффат сүресі 96 аят
[14] Абу Даудтың хадистер жинағында №4691
[15] Рағд сүресі 11-аят