Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Ғибадаттың пайдалары

0 1  648

Денеміз азықты қажет еткені сияқты рухымыз да белгілі нәрді керек етеді. Рухтың азығы – иман мен ғибадат. Ғибадат рухымызды өсіреді. Бізді жамандықтан сақтап, мінез-құлқымызды кемелдендіреді әрі ең қымбат байлығымыз болған иманымызды қорғайды.

 أَقِمِ الصَّلَاةَ ۖ إِنَّ الصَّلَاةَ تَنْهَىٰ عَنِ الْفَحْشَاءِ وَالْمُنكَرِ ۗ وَلَذِكْرُ اللَّهِ أَكْبَرُ ۗ وَاللَّهُ يَعْلَمُ مَا تَصْنَعُونَ

«Намаз оқы. Күдіксіз намаз арсыздықтан жамандықтан тыяды. Әрине, Алланы еске алу, аса ірі нәрсе. Сондай-ақ, Алла не істегендеріңді біледі»[1].

Аятқа түсіндірме жасаған ғалымдар шынайы ықыласпен оқылған намаз адамды арсыздықтан және жиіркенішті істен тыяды деді. Ендеше, әрбір намазхан  Алланың міндет қылған бір парызын орындап тұрғанын сезіне отырып, намзын шынайы ықыласпен, Жаратқанның разылығына бөлену мақсатында оқыса, иманы күшейіп күнәға қарсы иммунитет қалыптасады дейді. Сондықтан әрбір ғибадатқа бей-жай қарауға болмайды екен.

Өмірде адамдардың әр түрлі қиындықтарға тап келіп үмітсіздікке, қайғы-мұңға, уайымға бататын кездері болады. Сондай жағдайларда адам баласы ғибадат арқылы ішкі дерттен айығады. Өйткені, адам ғибадат аясында Аллаға жақындайды. Оның рақымын паналап, рахат бір сезімге бөленеді. Бұл жайында Құдай Тағала қасиетті Құран кітабымызда былай дейді:

الَّذِينَ آمَنُوا وَتَطْمَئِنُّ قُلُوبُهُم بِذِكْرِ اللَّهِ ۗ أَلَا بِذِكْرِ اللَّهِ تَطْمَئِنُّ الْقُلُوبُ

«Сондай иман келтіргендер, Алланы еске алу арқылы көңілдері жай тапқандар. Естеріңде болсын, Алланы еске алумен жүректер жай табады»[2].

Ғибадаттардың тек рухымыз үшін емес, денемізге де әсер ететін көп пайдасы бар. Намаз оқитын адам дәрет алуы керек. Дәрет алу күніне бірнеше рет тазару деген сөз. Тазалықтың денсаулығымыз үшін қаншалықты пайдалы екенін бәрімізге аян.

Намаз оқып жатқан кездегі белгілі бір қимыл-қозғалыстардың, ораза кезінде ас қорыту жүйесі мен басқа да ағзалардың тынығуының өзі денсаулық үшін пайдалы екендігі ақиқат. Зекет ғибадатының да әлеуметтік қамтамасыз ету, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі тұрғысынан қоғамға тигізер көптеген пайдасы бар.

Ендеше, жасаған ғибадаттарымыз егер шартары мен рукіндері толық орындалса мойнымыздағы міндеттің түсуі мен бірге денсаулығымызға тигізер пайдасы да орасан зор болмақ.

Алла Тағала орындап жүрген құлшылықтарымызды қабыл етіп өзінің разылығына бөленген құлдардан болуды нәсіп етсін.

Серікбол ХАМАН

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің ұстазы

[1] «Анкабут» сүресі, 45-аят.

[2] «Рағыт» сүресі, 28-аят.

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.