Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінде Мәуліт жыры оқылды

0 673

Мүбәрак Мәуліт айы басталғалы бері елімізде, жалпы мұсылман жұртшылығында Алланың сүйікті құлы, Мұхаммед (с.ғ.с.)  пайғамбарымызға арнап Мәуліт жыры оқылып, түрлі игі іс шаралар атқарылып жатыр. Сондай бір маңызды шара бүгін жұма күні «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінде өтті.

Жұма күнгі жиында адамзаттың  асыл тәжі, ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) құрметіне, қасиетті Мәуліт мерекесіне арнап, «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы Руслан Нақыпбекұлы уағыз-насихат айтты. Ақыретте мұсылмандардың шапағатшысы болатын Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың өнегелі өмір жолы, Алланың дінін адамзатқа таратудағы тағылымға толы істері, оның мүбәрак өмірі жайлы тілге тиек етті.

Жамағатқа есігін айқара ашқан құлшылық ордасын Пайғамбарымызға деген сағыныштан туындаған салауат кернеп, Мәуліт мерекесінің мәртебесі асқақтай түсті.

«Нұр-Астана» мешітінің наиб имамы Нуриддин Абдусаматұлы жүректі тебірентер Мәуліт жырын оқыды. Сондай-ақ имамдар мен жұма намазына жиналған мешіт жамағаты бірігіп әлемге рақым етіп жіберілген нұрлы Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтты.

Екі дүние сардарының әрбір әрекеті мен сөзінен рухани нәр алып, пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шынайы жақсы көрудің қаншалықты маңызды екендігі де көркем түрде жеткізілді. Жұма намазынан кейін  жиналған көпшілікке қайырымдылық ас таратылды.

 «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің баспасөз қызметі

Материалды көшіріп басқан кезде sunna.kz  сайтына гиперсілтеме берілуі міндетті. Авторлық құқықты сақтаңыз!

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.