Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Бұл – мұсылманның сипаты емес

0 1  276

Адам баласы жаратылысында бір-біріне деген мейрімділік, кішпейілділік, жанашырлық, татулық деген сезіммен жаратылған. Кейін өсе келе жан-жағынан жақсы-жаман құбылыстарды көре келе пенденің болмысы өзгереді. Олай болса, бізді ерекше көркем түрде жаратқан Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді.

لَقَدْ خَلَقْنَا الإِنسَانَ فِي أَحْسَنِ تَقْوِيمٍ

ثُمَّ رَدَدْنَاهُ أَسْفَلَ سَافِلِينَ

«Расында, адамзатты көркем бейнеде жараттық. Содан оны төмендердеің төменіне қайтардық»,-дейді. («Тин» сүресі 4-5 аяттар) Алланың жіберген аятына терең үңілер болсақ, адам баласын еш кемшіліксіз, мінсіз жаратқанын көреміз. Келесі аятта төмендердің төменіне тастадық дегенін ғалымдарымыз былай деп түсіндіреді:

«Құл өзін-өзі бақыламаса қоршаған ортадан жағымсыз қылықтарды сіңіріп, мінез-құлқы соған қарай бейімделеді».

Ендеше, такапарлық та – адам баласының негізгі жаратылысында болмаған, жүре келе жұқтырып алатын мінез.

Өзін бақылаудан шығарып алатын болса маңайындағы адамдардан өзгелешеніп, такаппарланудың ұнамыздығы хақында Алла Тағала Құран Кәрімде былай деп ескертеді:

وَلا تُصَعِّرْ خَدَّكَ لِلنَّاسِ وَلا تَمْشِ فِي الأَرْضِ مَرَحًا إِنَّ اللَّهَ لا يُحِبُّ كُلَّ مُخْتَالٍ فَخُورٍ

وَاقْصِدْ فِي مَشْيِكَ وَاغْضُضْ مِن صَوْتِكَ إِنَّ أَنكَرَ الأَصْوَاتِ لَصَوْتُ الْحَمِيرِ

«Адамдарға паңсып, қырындама да жерде кердеңдеп жүрме. Расында Алла, бүкіл дандайсыған мақтаншақты жақсы көрмейді. Жүрісіңде орташа бол да, дауысыңды бәсеңдет. Сөз жоқ, дауыстардың ең жаманы есектің дауысы» («Лоқман» сүресі, 18-19 аяттар). Әрбір мұсылман қайдан жаралғанын есінен шығармай, бұрын кім болғанын, қайда баратынын ұмытпаған жөн.

Пенде өзін әрдайым қадағалап отырмаса, шайтан адамның кім екенін кімнің құлы және не үшін жаралғанын ұмыттырып, менмендікке бой алдырып қояды. Біздің негізгі жаралудағы мақсатымыз – Құдайға шынайы құл болып, әмірлерін орындап, тыйғанынан тыйылу.

Сонымен қатар, Өзінің разылығын алу үшін ғана келгенімізді әсте есте ншығармаған жөн. Бұның алдын алу үшін Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мына бір хадисіне мән берген жөн:

«Алла Тағала сендердің сырт бейнелеріңе, дүние-мүліктеріңе қарамайды, керісінше, жүректеріңе және амалдарыңа қарайды».

Олай болса, сырт бейнеміз, сөйлеген сөзіміз мұсылманшылыққа сай болғанымен жан-дүниеміз қарама-қайшы болса Алла Тағаланың назарынан сырт қалмасымызға кім кепіл. Жаратқан Құранында ескерткендей мұсылманға ескерту пайда береді дегендей бір-бірімізге ескерте жүрсек, жек көрнішті жат қылықтан аулақ болармыз.

Серікбол ХАМАН

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің ұстазы

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.