Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің ресми сайты

Ақырғы Елші аманаты

0 218

Һижрадан (622 жыл һижра жыл санауының бастауы) 4600 жыл бұрын Ад тайпасына жіберілген Һуд (а.с.), һижрадан шамамен 4400 жыл бұрын Самуд тайпасына жіберілген Салих (а.с.), һижрадан шамамен 3400 жыл бұрын Мадиян жұртына жіберілген Шұғайб (а.с.) және һижрадан шамамен 3800 жыл бұрын Меккедегі Журхум тайпасына жіберілген Исмайылдар (а.с.) және т.б. хазіреті Мұхаммедке (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) дейінгі араб жұртына жіберілген пайғамбарлар қатарын құрады.

Алланың соңғы елшісі, ардақты Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) Араб елінің экономикалық және діни орталығы саналған Мекке қаласында 571 жылы дүниеге келді. Бұл қаланың тұрғындары егіншілікпен де, қол өнерімен де, бау-бақша өсірумен де шұғылданбайтын.

Олар солтүстік жағынан Шам, Ирак, Мысыр қалаларынан, ал оңтүстігінен Үндістан, Қытай, Шығыс Африка елдерінен келетін үлкен-үлкен сауда керуендерінің күтімімен айналыса-тын. Халықтың дені негізінен осы іске ден қоятын.

Меккедегі ең беделді, әрі бай саналатын Құрайыш тайпасы сауда экспедицияларын ұйымдастырып басқаратын. Сондай-ақ, өсімқорлық та бұл тайпаның кәсібі болды. Өйткені, Хижаздың көшпелі тайпалары көбіне-көп қарыз астында езіліп, одан құтылу үшін өсіммен ақша алатын.

Құрайыш тайпасы Араб түбегіндегі өзге тайпалардың бірі ғана болғанмен, ол экономикалық жағдайы жағынан өзгелерден көш ілгері-тін.

Мұхаммед Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) осы тайпаның Һашим руынан шықты. Әкесі шағын дәулетті Абдулла деген кісі еді. Ол өмірден ерте озып, алты жасында анасы Әминадан да айырылып, жетім қалды. Сөйтіп, сүйікті Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) көкесі Әбу Тәлібтің қамқорлығында өсті. Оның қолында жүріп, қой да бақты.

Ер жете келе сауда керуендеріне қосылып, оларға атқосшылық та жасады. Құран Кәрімде Алла тағала Мұхаммед (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) пайғамбарымызды бүкіл ғаламдарға рахым нұры, әрі ақиқат дінді жеткізуші етіп жібергені жайлы:

«Ей, адамдар! Мен сендердің барлығыңа Алланың жіберген елшісімін. Жер мен көктің патшалығы Алланыкі. Одан өзге ешбір Құдай жоқ. Ол тірілтеді де өлтіреді. Сондықтан Аллаға және Алланың сөздеріне сенетін, оның оқу-жазуды білмейтін елшісіне иман келтіріңдер. Тура жол табуларың үшін оған ілесіңдер!» («Ағраф» сүресі, 158-аят ) дейді.

Бұған дейінгі сан мыңдаған пайғамбарлардың арасында бір қауымға ғана емес, бүкіл адамзат пен жындарға жіберілген ақырзаман пайғамбары хазіреті Мұхаммедтің (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) алар орны ерекше. Алла тағала: «Сені бүкіл әлемге рақым етіп қана жібердік», – деп оған өзгеше ілтипат танытты. Сондықтан Алланың соңғы Елшісі (Ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) Қасиетті Құранды барша адамзат баласына түсіндіріп, насихаттады. Өмірінің соңына дейін осы міндетті қалтқысыз атқарды.

Мүбәрак Құран болса, жер бетіне өзінен бұрынтүскен қасиетті кітаптар мен парақтардың (сухуф) мазмұнын толықтай қамтыды. Оларда берілген діни үкімдерді бекіте келді және алдынғы кітаптардың үкімін жойған соңғы түскен қасиетті кітап.

«Біз ұстанатын діни жол» кітабынан алынды.

Sunna.kz

Пікір жазу

Поштаңыз сыртқа жарияланбайды.